Астанада Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналған Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ХIV жалпы отырысы өтті.
Түркі бірлігі – тұрақтылық негізі
257
оқылды

Жиынға Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Түр­кияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Куртулмуш, Өзбекстан Республикасы Олий Маж­лисінің Заң шығарушы пала­тасының спикері  Нуриддин Исмоилов және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Мәжілісінің төрағасы Зия Өзтүрклер, сондай-ақ депутаттар мен Түркі ынтымақ­тастығы аясындағы ұйымдардың және басқа да халықаралық бір­лестіктердің жетекшілері қатысты. 

Алдымен тараптар Ассамблея Кеңесінің отырысында бас қосып,  Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова ТүркПА-ға Әзербайжан­ның төрағалық еткен кезеңде атқарылған жұмысты қорытын­дылады. Содан соң Әзербайжан тарапы төрағалық тізгінді Қазақ­стан Республикасына тапсырды. 

Кеңесте ұйымға мүше парла­менттер хатшылықтың былтырғы қызметі туралы есебін қарап, ал­дағы кезеңге жоспарларын айқын­дады. Одан әрі талқылау ТүркПА-ның жалпы отырысында жалғасты. Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов түркі мемле­кеттерін бүгінде терең тарихи тамыры ғана емес, сонымен қатар мемлекет басшылары арасындағы берік достық, ортақ мүдделер мен мығым мәдени байланыс бірік­тіріп отырғанын атап өтті.

– Қазір түркі жұртының көші ілгері. Өзара татулық пен түсініс­тік­тің арқасында елдеріміз өркен­деп келеді. Бұл – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің басшылары жүргізіп отырған байыпты саясат­тың нәтижесі. Президенттеріміз түркі интеграциясы бағытында орасан жұмыс атқарып жатыр. Әлемдегі геосаяси ахуал мың құбы­лып тұрғанына қарамастан, түркі елдері өсу мен өрлеудің құбылысынан, дамудың даңғыл жолынан жаңылған жоқ, – деді Палата спикері.

Бүгінгі отырыс «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналды. Ерлан Қошанов қазіргі аумалы-төкпелі заманда парламенттік диалог пен дипломатияға зор жауапкершілік жүктеліп отырғанына баса мән берді.

– Жаңа ғасырда парламенттік дипломатияның халықаралық қатынастардағы мәні арта түсті. Түркі дүниесінде де парламенттік дипломатия интеграцияның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ТҮРКПА-ның рөлі ерекше. Ұйымымыз заңна­маларды үйлестіретін инсти­туционалдық алаң ретінде толық қалыптасты. Осы орайда парла­менттер арасындағы ықпалдастық сенім мен тұрақтылықтың берік тірегі деуге болады, – деді Е.Қо­шанов. 

Сонымен қатар Мәжіліс Спи­кері ТүркПА-ның қызметіне жеке тоқталып, парламенттік дипло­матия арқылы халықаралық пар­ла­менттік ұйымдармен өзара ық­палдастықты күшейту, түркі ел­де­рінің мүддесін алға тартып, басқа да форумдарда өкілдік ету, баршаға ортақ түркі мәдени мұра­сын, дәстүрлер мен тілдерді сақ­тауға бағытталған баста­маларды ілгерілету және тәжірибе алмасу, тың идеяларды ортаға салу мақ­сатымен бірлескен парла­менттік форумдар өткізу мәселе­сіне де на­зар аударды.

Сонымен бірге Ерлан Қошанов түркі парламенттерінің мақсат-мін­деттері бұдан да ауқымды екенін айтты. 

– Біздің парламенттеріміз де елдеріміздің ынтымағын терең­детуге күш салып отыр. Аманат ар­қа­ла­ған депутат ретінде халық­тарымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшы­ларымызға тірек бола отырып, тағ­дыршешті шешімдерді заң­нама­лық тұрғыда қолдау. Дегенмен Парламент заң қабылдайтын ин­сти­тут қана емес. Ол – ұлттары­мызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнама­ларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын, – деді Палата спикері.

Отырыста Түркі мемлекеттері парламенттерінің төрағалары мен байқаушылары және  түркі ын­ты­мақтастығы ұйымдарының жетек­шілері сөз сөйледі. 

Сондай-ақ күн тәртібіне Қа­зақ­стан төрағалық ететін кезеңде бірқатар ұйымдастырушылық мәселе енгізілді. Ассамблеяның Бас хатшысы болып Әзербайжан Парламентінің депутаты Рамиль Хасан сайланды.

Сонымен қатар Ассамблеяда Құқықтық мәселелер және халық­аралық қатынастар, Білім, мә­де­ниет, әлеуметтік және гумани­тарлық мәселелер, Экономикалық ынтымақтастық туралы және Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау жөніндегі комиссиялардың есебі мен ұсынымдары қабылданды.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде тұруға рұқсат беруді жеңілдету туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Экономикалық қыз­меттегі таза энергия туралы», «Халыққа экологиялық білім беру және ағарту туралы» модельдік заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ пленарлық отырыс аясында парламентші әйелдер мен жас парламентшілер тобының жиын­дары өтті.

Жалпы отырыста ТүркПа-ның келесі XV басқосуын Қырғыз Рес­публикасында өткізу туралы ше­шім шығарылып, Астана декла­рациясы қабылданды. Соңында ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің парламенттік делегацияларының басшылары мен ТҮРКПА-ның Бас хатшысы баспасөз брифингін өткізді.

М.ЖАСЫН