Биыл Александр Затаевич құрастырған “Қазақтың 1000 әні” жинағының жарыққа шыққанына тура бір ғасыр толып отыр. Осы жүз жыл ішінде бұл еңбекке қатысты көптеген зерттеу жазылды. Мысалы, жинаққа енген шығармалар мен орындаушылық дәстүр әр қырынан қарастырылып, түрліше талданды. Кейбірі бірнеше мәрте қайталанды. Сондықтан біз сол зерттеулерді қайталап талдауды мақсат етпедік. Керісінше, бұл жолы жинақ жарық көрмей тұрып атқарылған жұмыстарға назар аударғымыз келеді. Атап айтқанда, алғашқы әндер қандай басқосуларда таныстырылды, пікірталаста не айтылды, қанша қаражат бөлінді деген сынды көп айтылмайтын деректерге тоқталамыз.
1922 жылдың 7 мамыр күні. “Қазақстанды зерттеу қоғамының” жылдық жиналысы. № 2 хаттамаға сәйкес, жиналысқа 14 адам қатысып отыр. Қоғамның мүшесі А. Затаевич қазақ даласынан осы күнге дейін жиналған 600 әннің нотасын көрсетіп, оны аймақ пен руға жүйелегенін айтып, баяндама оқиды. Ерғали Алдоңғаров екі ән айтады. Көрермендер жалпы жақсы қабылдағанымен, өз пікірін білдіргендер де болған. Хаттамаға сәйкес, музыка мұғалімі әрі хор жетекшісі И. Третьяков пен Қоғам мүшесі И. Словохотов сөз алады. Соңғысы жалпы мақтау пікір білдірсе, Третьяков Затаевичтің кейбір ісіне қарсы ойын айтқан екен.
И. Третьяков өз ойын сол мезетте ғана айтпаған. Ол арнайы ұзақ баяндама ретінде дайындап келген. Тегі жиналыстың алдында оған алдын ала жинақты көрсетсе керек. Сондықтан ұзақ баяндама жазып келуге мұршасы болған.
Баяндаманың алғашқы бөлімі Затаевичтің еңбегін мақтап, көрген қиындықтарын тізіп өтеді. Затаевичке дейінгі бірен-саран зерттеушілердің қазақ әндерін нотаға түсіргенімен салыстырып, айырмашылығы жер мен көктей дегендей баға береді.
Александр Викторовичтің еңбегінің аса зор маңызын толықтай мойындай отырып, сонымен қатар, оның мынадай пікіріне келісе алмайтынымды айтқым келеді: Александр Викторовичтің айтуынша, қырғыз (қазақ – ауд.) әндерінде мәтіннің рөлі шамалы, орыс әндеріндегі сияқты маңызды емес, яғни орыс әнінде әуен мәтінмен тығыз байланысты, ал қырғыз (қазақ) әнінде мәтін екінші орында. Бұл толықтай шындыққа сай келмейді. Бұған терең талдау жасамай-ақ, халық әндерінде мәтін мен әуеннің байланысы әрқалай болатынын айтып өткім келеді.
Александр Викторовичтің өз айтуынша, қырғыз (қазақ) әндеріндегі кейбір сөздер транскрипцияға мүлде көнбейді. Олар дыбыстық құрылыммен және интонациямен бірге қарастырылуы тиіс. Мысалы, «қыздар» деген сөзді алайық. Бұл сөзді әртүрлі орындаушылар әрқалай айтады: біреулер «қыздар», басқалары созып, орындаушының мәнеріне сай айтады. Осындай айырмашылықтардың бәрі жазылып алынуы тиіс. Бұл – аймақтық ерекшеліктерді көрсетеді.
Сондықтан осының бәрін ескере отырып, мәтінімен бірге жазылып алынған қырғыз (қазақ) әндері қаншалықты құнды әрі толық болса да, оларды болашақта міндетті түрде фонограф (дыбыс жазу құрылғысы) арқылы қайта жазып алу қажет. Себебі тек фонограф қана ырғақ, әуен, мәтіннің айтылуы мен фразировка ерекшеліктерін дәл, бұрмалаусыз жеткізе алады. Егер фонографиялық жазбалардың өзі орыс әндерін нотаға түсіруде үлкен рөл атқарса, онда қырғыз (қазақ) әндерін фонографпен жазу одан да зор маңызға ие болмақ.
Осыдан кейін И. Третьяков қазақ әндері Бородиннің “Князь Игорь” операсында қолданылып, Англия мен Америкада тыңдарманға жеткенін айтып кетеді. Сонымен қатар, жас республиканың басшылығы бұл еңбекке назар аударып, осы бағыттан айнымай музыкалық мектептерді ашу керек деп ойын айтады.
Хаттамада Затаевичтің жауабы келесідей көрсетілген.
А. В. Затаевич өзіне қарсы пікір айтқан зерттеушілерге жауап бере отырып, әр қырғыз (қазақ) әуеніне мәтінді не себепті жазбағанын түсіндіреді. Біріншіден, ол қазақ тілін білмегенін айтады. Екіншіден, қазақ әндерінің ерекшелігі ретінде олардың нақты сөздерге емес, тек әннің атауында берілген ортақ идеяға негізделетінін атап өтеді. Сол себепті де ол әр әуенге мәтін қосуды қажет деп таппаған.
Келесі жиналыс сол жылдың 17 желтоқсанында өткен болса керек. Бұл жолы жиналыстың мақсаты Затаевичті республиканың “Халық әртісі” атағына ұсыну екен. Соған орай зерттеушінің биографиясы мен сол уақытқа дейінгі істелген жұмыстары түгенделіп жазылған.
Бізге қызықтысы, егер жыл басында нотаға түсірілген әндердің саны 655 болса, жыл соңында бұл сан 1093 дейін жеткен. Оның ішінде Торғайдан 388, Ақмоладан 230, Семейден 168, Оралдан 133, Бөкей ордасынан 120, Адай арасынан 52, Түркістан аймағынан 52 ән мен күйдің нотасы дайындалған. Сонымен қатар, қазақтың әуендерінен алынған 80-ге жуық фортепианоға арналған шығармалары да бар. Және осы уақытта “Қазақтың 1000 әні” жинағы баспаға дайындалып жатқаны айтылады.
Келесі құжат 1923 жылдың 17 қаңтарында жасалған. Бұл – келісімшарт. Келісімшарт Затаевич пен Қазақ Оқу-ағарту комиссариаты арасында жасалған. Құжат бірнеше тармақтан тұрады.
-
Затаевичті Академиялық орталыққа ғылыми қызметкер лауазымына жұмысқа алу;
-
Дайындап жатқан еңбегін аяқтау, баспадан шығару және қажет болған жағдайда музыкалық білім жайлы кеңестер беру;
-
Жоғарыда айтылған еңбекке осы күнге дейін жан-жаққа жіберілген 600 нотаны және әлі түспеген 400 шығарманың ноталары енгізілуі керек.
-
Затаевич барлық материалды жүйелеу, саралау, аймақ бойынша іріктеу, ғылыми түсініктер жазу, т.б. жұмыстарын өз міндеті ретінде алады;
-
Әсіресе алғашында түсірілген 300 әннің нотасын қайта қарап, өзгелермен бірізділікке салу;
-
Осы шарттағы 3 және 4-тармақтағы жұмыстарды 1923 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау;
-
Шарт 1922 жылдың 1 желтоқсаны мен 1923 жылдың 1 сәуірі арасында жарамды деп танылып, осы мерзім арасында ай сайын 50 000 рубль (1922 ж. ақшасына сай) немесе 500 рубль (1923 ж. ақшасына сай) берілсін.
Егер сол кездегі нарық жайлы қарап отырсақ, 500 рубль қомақты қаражат екенін көреміз. Мысалы, бұл сомаға кішкене үй немесе 7-8 бас сиыр сатып алуға болған екен.
1923 жылы 9 тамызда өткен жиналыстың хаттамасы негізінде келесіні білеміз.
-
Затаевичке “Халық әртісі” атағын беру
-
Еңбектерін баспадан шығару
-
Зерттеушінің еңбегін бағалап, тағы 1000 рубль мөлшерінде қосымша сыйақы беру
-
Осының бәрін Халық комиссарлар кеңесі жүктелсін.
Бірнеше айдан кейін Мәскеуде Затаевич үлкен таныстыру концертін ұйымдастырады. Бұл жайлы мына мақаладан оқи аласыз.