Astana International Trade Forum алаңында Қазақстанда танымал маркетплейстердің өкілдері «CEO Talks: Бөлшек сауданың көшбасшылары – 2025 бағыты» сессиясына қатысты.
Alibaba, Wildberries және Halyk Market қазақстандықтарға қандай мүмкіндіктер ұсынады?
Фото: gov.kz
197
оқылды

Форумда бүгінде маркетплейстер қазақстандықтарға не ұсынып отырғаны талқыланды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Орталық Азиядағы Alibaba (Қытай) компаниясының өкілі Чингиз Шер қазақстандық өндірушілерге өнімдерін, алдымен Alibaba арқылы сынап көруді, содан кейін Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына шығуды ұсынды.

«Alibaba бұл мүмкіндіктерді өте жеңіл ұсынады. Сіз өндіруші ретінде өз тауарыңызды қайда сата алатыныңызды, кімге қызықты екенін сынай аласыз. Платформаға қосылып, жұмыс істеу қажет», – деді ол.

Wildberries-тің Қазақстандағы корпоративтік байланыс жөніндегі директоры Қазбек Құжымов маркетплейстің қазақстандық тұтынушыларға қалай бейімделіп жатқанын айтты.

«Бүгінде Wildberries-те тіркелген 120 мыңдай сатушы – Қазақстан резиденттері. Астанада логистикалық орталықтың салынуы жергілікті экономиканы 5%-ға арттырып отыр. Бұл бір ғана инфрақұрылымдық нысан үшін үлкен көрсеткіш. Біз үнемі жаңа сервистер ұсынып, сатушыларды оқытып, жаңа кәсіпкерлерді тартуға тырысамыз», – деді Қазбек Құжымов.

Сонымен қатар Wildberries мобильді қосымшасын қазақ тіліне аударған.

«Қосымшаны қазақшаға аудардық – бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл өте ауқымды жұмыс. Бір сәтте 65 миллион тауар карточкасын аудару керек болды. Ай сайын тағы миллиондаған жаңа карточка қосылады – оларды да үнемі аудару қажет. Біз тауар сипаттамасын қазақ тіліне аударуға мүмкіндік беретін сервис іске қостық», – деді Қазбек Құжымов.

Ал Halyk Finservice (Halyk Market маркетплейсі) басқарма төрайымы Мөлдір Рысәлиева жекелендірілген маркетинг туралы айтты.

«Клиент тартуға кететін шығынды 50%-ға дейін қысқартуға жекелендірілген маркетинг көмектеседі. Бізде тұтынушы мінез-құлқын толық зерттейтін "деректер фабрикасы" деп аталатын бөлім бар. Олар клиенттің қайда жүргенін, қайда ақша жұмсайтынын, қандай санаттарды ұнататынын талдайды. Мысалы, әуежайда болсаңыз, медициналық сақтандыру сатып алуды еске салатын SMS келеді. Сауда орталығына барсаңыз – автотұрақ ақысын төлеуді ұмытпауды ескертеміз. Осындай тәсілді біз адамдарға іздеп жүрген тауарларына сәйкес келетін ұсыныстар беру үшін қолданамыз, – деді Мөлдір Рысәлиева.