Арқаға астана көшірілгелі бері елорданың сол жағалауындағы тұмса табиғат адам қолымен аяусыз оталып, этнограф Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, «Тоғанастың тоқсан екі» көлі суалып кетті. Сарыарқа төсінде шарасынан асып, еркін ағатын ерке Есіл мен Нұра өзендерінің арнасы тарылып, табиғи гидрожүйе бұзылды. Айдынында қалықтаған сан алуан құстардың, жыл құстарының мекенінен безіп, біржола жойылып кетуіне де қауіп төнген-ді. Дегенмен соңғы жылдары елорда әкімдігі тарапынан қала және қала маңының тұмса табиғатын қорғау, сақтап қалу мақсатында арнайы экологиялық акциялар ұйымдастырылып, қоршаған ортаның көрікті келбеті қалпына келе бастады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шара қала іргесіндегі Кіші Талдыкөл №5 және №7 көлдерін биологиялық жолмен тазартуға бағытталды. Яғни, жоба шеңберінде отандық биотехнологияларды, атап айтқанда, микроорганизмдердің арнайы штамдары негізінде әзірленген биопрепараттарды қолдану арқылы көлдер биологиялық жолмен тазартылмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұмса табиғатты сақтап қалу, қалалық экожүйені жақсарту – қала тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және аймақтың экологиялық тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.
– Жоба барысында екі түрлі биопрепарат пайдаланылды: тірі микроорганизмдерден тұратын сұйық ерітінді және су түбінде баяу әрекет ететін ЭМ-шарлар. Олар органикалық қалдықтарды ыдыратуға арналған.
Су мен тұнбаның химиялық әрі биологиялық көрсеткіштері тұрақты бақылауда. Негізгі әдісіміз – хлорелла секілді пайдалы микроағзаларға негізделген биологиялық тазарту технологиясы. Жазда аэрациялық жүйелерді орнату көзделіп отыр. Ал 2026 жылы гидробиологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша балықтандыруға қатысты нақты ұсынымдар әзірленеді, – деді қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Айдар Рашид.
Экологиялық акция барысында биологиялық жолмен тазартумен қатар көлдерді санитарлық тазалау жұмыстары да жүргізіледі. Суда шамадан тыс көбейген балдырлар орылып, айналада үйілген қоқыстар жиналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық жұмыс экожүйенің табиғи тепе-теңдігі мен биологиялық әртүрлілігін сақтау қағидаттарына сүйене отырып жүргізіледі. Жергілікті өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік циклдеріне зиян келтірмеу – басты назарда.
– Су тазарту жұмыстарында көбіне сұйық препараттар қолданылады. Біз микробиологиялық препарат жасап шығарған болатынбыз. Оның ерекшелігі – домалақ қатты, көлдің ең астыңғы қабатына әсер етеді. Қолданылатын биопрепараттар суды тазартып қана қоймай, табиғи биологиялық процестерді сақтайды және биоәртүрлілікті арттырады. Бұл өз кезегінде Астана қаласының экологиялық тұрақтылығы мен табиғи ландшафттарының сұлулығын қамтамасыз етеді. Жобаның тиімділігін бағалау және ашықтығын қамтамасыз ету үшін су сынамаларын үнемі алу және олардың биологиялық әрі химиялық талдауы жүргізіледі. Бұл деректер судың сапасы, микробтық қауымдастықтың жай-күйі, сондай-ақ флора мен фаунаның даму динамикасы туралы мәлімет береді. Осындай кешенді тәсіл биопрепараттарды енгізу әдістері мен көлемін уақытылы түзетуге мүмкіндік беріп, экожүйеге теріс әсерді барынша азайта отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі, – деді «Биомедпрепарат» ғылыми-аналитикалық орталығының зертхана меңгерушісі Диана Жүнісова.
Табиғат – Ана! Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты мекені, алтын ұя бесігі, мейірім мен шуақ тұнған таусылмас қазына. Оны жанашырлықпен қорғау – адамның қасиетті борышы. Қазақтың кең-байтақ қасиетті дарқан даласын, тұмса табиғатын сақтау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам екені сөзсіз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ