Шарада ту тұғыры монументіне көтеріліп баратын баспалдақ жолы мен оның ең жоғарғы нүктесіне дейін еліміздің мемлекеттік Туы орналастырылып, «Орда» этноансамблінің рухты музыкасы ойнап тұрды. Патриоттық акция барысында ту ұстап тұру міндетін Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары мен Көкшетау колледжінің әскери патриоттық клубының мүшелеріне тапсырылды.
Жиын басында мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Марат Ахметжановқа берілді. Өңір басшысы айтулы мерекенің мән-маңызына тоқталып, бірқатар облыс мақтаныштарының жеткен жетістіктері мен олардың елеулі табыстарын ерекше атап өтті.
–Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті мен мән-маңызын жерлестеріміз халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап еліміздің мерейін асқақтатып келеді. Мәселен, биыл өңір спортшылары Қысқы Азия ойындарында 11 медаль иеленіп, Хан Яна мен Арина Крюкова шорт-трек пен биатлон бойынша беделді жарыстардың жүлдегерлері атанды, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі бүгінде тарихи тұлғаға айналып үлгерген Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің қасиетті Көкше топырағына келіп, салтанатты шараға арнайы қатысқанына ақжарма алғысын білдірді. Қайраткер тұлға Көкше топырағын басып, ежелден ән мен жырдың бесігіне айналған Көкшетауға келіп қалың жұртшылықпен кездесіп отырғанына өзін шынайы бақытты санайтынын жеткізді.
– Біз сонау 1992 жылы осы Елтаңбамызды жасағанда халқымыздың бес мың жылдық тарихын ескеріп, көшпелі халқымыздың бар құндылықтарын ескеруге тырыстық. Бүгінде біз жасаған Елтаңба отыз жыл өтсе де, өзінің мән-маңызын жоғалтпай келе жатыр. Себебі ондағы әрбір қолданылған элемент біздің еліміздің біртұтастығын, бірлігін, ынтымағын айқындай түседі деп ойлаймын, – деді Жандарбек Мәлібеков.
Шара аясында спорт, білім, шығармашылық және қоғамдық салада еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа облыс әкімінің алғысхаттары мен арнайы сый-сияпаты табысталды. Мереке Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен оқытушылары қатысқан Жандарбек Мәлібековпен кездесу шарасына ұласты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы