Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтып, жағдай жіті бақылауда екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сондай-ақ облыс әкімі барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
– Сырым ауданында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Менің тапсырмам бойынша оқиға орнына орынбасарым барды, аудан әкімі оқиға орнында, барлық қажетті қызметтердің жұмысын үйлестіріп жатыр.
Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары.
Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД мамандары, Полиция департаментінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеуде.
Жағдай менің жіті бақылауымда, – деп жазды Нариман Төреғалиев.