Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірін шегіртке басып, шаруалардың күйі қашып тұр. Соның ішінде жасыл зиянкестер Сыр өңіріндегі жайылым жерлерді түгел жайпап, егістік алқабын жайқалтып, төрт түлігін түлетіп отырған ағайынды алаңдаушылық күйге түсірді.
Сырдағы ахуал алаңдатады
795
оқылды

Көк шөпті түгін қалдырмай қырып келе жатқан қанатты зиян­кестің зардабын көріп отыр­ған аймақтың бірі – Арал өңірі. Онсыз да тіршілік нәріне сусап отырған өңір халқы «биыл қуаң­шылықтың қыспағында қаламыз ба?» деген қорқыныш құшағында қалды. Әсіресе, Арал ауданының қыр беткейіндегі ахуал алаңдатар­лық күйге жеткен. 

Жуырда осы мәселеге орай өңі­рге Ауыл шаруашылығы мин­истрі Айдарбек Сапаров келіп кетті. Министрдің қатысуымен облыс орталығында арнайы штаб отырысы өтті. Мұнан соң мин­истр Арал өңіріне ат басын бұ­рып, шегірткеге қарсы атқарылып жат­қан шараларды көзбен көріп, жер­гілікті тұрғындармен кездесті. 

«Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша 60 мың гектар аумақ зерттелді. Оның 18 мың гек­тарын химиялық өңдеу қажет. Соған орай бүгінге дейін 11 700 гектар жер өңделді. Бұл жұмы­стың барынша тез аяқталуын жә­не сапалы орындалуын жеке бақы­лауымда ұстаймын», – деді кезде­суде министр.

Мәліметке сәйкес, облыста үйірлі шегірткеге қарсы күрес ша­ра­лары қарқын алды. Негі­зі­­нен, аймақта жоспарланған 19,654 гектар жердің 11,706 гек­тары өң­деу­ден өткізілген. Бұл жұмыс­тарға 4 жеңіл және 2 аса жең­іл ұшақ, 12 жерүсті агрегат, 5 дрон мен 45 аркаға асылатын бүр­ік­кіш құрал қолданылуда. Жос­парлан­ған алаң­дарға жеткізуші ұйымдар­мен де келісімшарт жасал­ған. Үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімінің ор­ын­басары Бақыт Жақанов басқа­ра­тын жедел штаб қүрылып, бар­лық ауданда жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Зиянкестерді жою бағытында жергілікті жерлерде мониторинг пен бақылау жұмыстарын жүр­гізуге 279 маман тартылыпты. Осы орайда тиісті жұмыстарға ерік­тілер де белсене атсалысып жат­қан­ын айта кету керек. Нәтиже­сін­де, бүгінгі күнге дейін 474,1 мың гек­тар жер зерттеліп, үйірлі шегіртке­нің дер­нәсілдері анық­тал­ған. Мамандар тарапы­нан шегірткелер шеруінен ауыл шаруа­­шылығы дақылдарына зиян келу фактілері тіркелмегенін алға тартып отыр.

Дейтұрғанмен, ауылдағы ағай­ын­ның айтар базынасы көп. Әсір­есе, ауданға қарасты шегірт­келер шоғырланған Қарақұм ауылы хал­қының алаңдауы бекер емес. Осы орайда зиянкестердің зар­дабын тартып отырған атал­мыш ауылдың бүгінгі ахуалын білу мақсатында тұрғындар пікірін тыңдап көрдік. 

«Биыл зиянкестердің қарқы­ны қатты болды. Мыңдаған гек­тар жерді жарамсыз күйге түсірді. Алайда облыстық, аудандық жау­ап­ты орындар тарапынан ше­г­ірт­кемен күрес жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Ауылы­мызға түрлі техникалар жеткізіл­іп, тынымсыз күрес қолға алын­ды. Нәтижесі де жаман емес», – дейді ауыл тұрғыны Абай Әбішев.

Негізінен, бағзыдан құм қой­нау­­ындағы Қарақұм ауылдық округі­нің негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығымен тығыз байла­нысты екені мәлім. Төрт түлі­гін түле­тіп, жаз жайлауда жай­барақат тіршілік етіп жүрген ауыл халқы­ның шегірткелер шабу­ыл­ынан кейінгі ахуалы алаң­датарлық күйге түсіп қалға­ны айтпаса да түсінікті. Соған орай тұрғындар көкейдегі талап-тілектерін де жеткізіп отыр. 

Шегірткелер шеру ауданның Сыр беткейіндегі ауылдарды да айналып өтпеді. Анау айтқандай, қиындық туындамаса да, кейбір ауылдар зиянкестердің салқынын сезінбей қалмағанын мәлімдеп отыр. 

«Негізінен, шегірткелер шеруі Арал өңірінің қыр беткейіндегі ауылдарда жиі байқалуда. Яғни, Қарақұм, Тоқабай, Шижаға сын­ды елді мекендерге көп зиян кел­тір­ді. Бүгін өзіміздің Ақбай ауыл­ындағы екі шаруа қожалығының жерінен зиянкестердің бой көр­се­туі байқа­л­ып қалды. Соған орай ауыл шаруа­шылығы маман­дары арнайы келі­п, улау, жою шара­ларын қолға алып жатыр. Бірақ әзірге айтар­лықтай зиянын тигізе қойған жоқ», – дейді бұл тұрғыда Ақирек ауылдық округі­нің әкімі Қайрат Аманжолов. 

Жалпы, Қызылорда облысы­ның солтүстік ауданындағы ахуал әлі де болса алаңдатарлық күйде тұр. Тиісті мамандар тарапынан зиян­кестерді жою шаралары жо­ғары деңгейде жүргізіліп жат­қаны­на шүбә жоқ. Алайда шаруа­лар ала жаздай төрт түлігіне азық таппай, жер тырнап қалудан қорқып отыр. Бір сөзбен айтқан­да, зиянкестерді жоюмен мәселе түбегейлі ше­шілмейтінін қаперде ұстаған абзал. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы