Қазақстанда бала қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Себебі кейінгі жылдары балаларға қатысты қайғылы деректердің статистикасы артпаса, кемімеген.
Бала қауіпсіздігі – басты назарда
291
оқылды

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері елімізде 60 бала терезеден құлап кеткен. Оның ішінде, 55 бала түрлі жарақат алса, 5 бүлдіршін алған жарақатының салдарынан көз жұмған. Былтыр осындай қайғылы жағдайға қатысты 196 дерек тіркелген. Министрлік мұндай жазатайым оқиғалар әдетте ата-ананың қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар арасында жиі болатынын мәлімдеген.

Одан бөлек қылышын сүйретіп қыс келе қалса, тілсіз жаудың салдарынан ажал құшқан балалар туралы оқиғаларды жиі құлағымыз шалады. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі өрттің әсерінен қаза табатын балалар санының азаймай тұруының себебін жылыту жүйелерінің істен шығуымен байланыстырады.

Дегенмен, қазіргі уақытта елімізде түйіткілді алдын алуға бағытталған бастамалар мен қабылданған шаралар да жоқ емес. Бала қауіпсіздігі мәселесін алдын алуға ықпал ететін ең басты күш – ақпараттық үгіт-насихат жұмысын жүргізу. Осы мақсатта Алматы қаласының білім беру ұйымдары «Қазақстан балалары» жобасы аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар легін бастап кетті. Соның бірі бүгін Алматы қаласындағы №83 гимназияда өткен «Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер балалар көзімен» атты сурет байқауы. Іс-шараға Түрксіб ауданында орналасқан 28 білім ошағының оқушылары қатысты.

 – Бұл байқау балаларға қауіпсіздік ережелерін шығармашылық арқылы түсіндіруге тамаша мүмкіндік болды. Оқушылар арасында ұйымдастырылған байқаудың негізгі мақсаты – балалардың санасында құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің күрделі әрі жауапты еңбегі туралы түсінік қалыптастыру, олардың батылдығына құрметпен қарауға үйрету, сондай-ақ төтенше жағдай орын алған жағдайда қалай әрекет ету қажет екенін көрсету, қауіпсіздік бойынша білімін арттыруға үлес қосу, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Сурет байқауына қатысқан оқушылар өздерінің шығармашылық жұмысы арқылы қоғамның қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтарға алғысын жеткізді. Балалардың шексіз қиялынан туған суреттерде өрт сөндірушілердің қызыл жалынмен арпалысқан сәттері, құтқарушылардың адамдарды тілсіз жаудан аман алып шыққан көріністері бейнеленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматы қаласында өткен ағартушылық және алдын алу іс-шараларына 120 мыңнан астам оқушы, 15 мың педагог пен ата-ана қатысқан.

Жыл сайын елімізде 10 мыңнан астам өрт жағдайы тіркелсе, оның нәтижесінде 300-ден астам адам қаза табады. Әсіресе, өрт апаты көп жағдайда тұрғын үй секторында орын алады. 2024 жылдың қазан айындағы ресми дереккөздерге назар аударсақ, тұрғын үй секторында 100-ден астам өрт тіркелген. Қызыл жалын салдарынан 6 бала қаза тапқан.

Бала қауіпсіздігі – мектептегі мұғалім мен үйдегі ата-анаға ғана емес, қоғамға ортақ жауапкершілік.

 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы