Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысты.
Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті – Тоқаев
Фото: akorda.kz
415
оқылды

Басқосуға шетелден де арнайы қонақтар келді. Бұл туралы Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға, атап айтқанда, Руанда президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давковаға, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілеріне, форумның өзге де қатысушыларына шынайы ризашылығын білдірді.

Президент жиында адам құқығын қорғау әрдайым басты назарда екеніне тоқталды. 

«Парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді. 

Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе «Заң мен Тәртіп» қағидатында көрініс тапқан. 

Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты – жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз. 

Жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан, экономикамыз былтыр 5,1 пайызға өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты. Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.