Шаруалардың заманауи техникаға қол жеткізуіне «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолдауы айтарлықтай ықпал етуде. Осы жылдың өзінде өңір диқандары жалпы сомасы 7,3 млрд теңгеге техниканы лизингке алған, – деп хабарлайды «ҚазАгроҚаржы» АҚ баспасөз қызметі.
Дәстүрлі түрде оңтүстік аймақтарда егіс науқаны ерте басталады. Биыл Түркістан облысында – 449,2 мың гектар, Жамбыл облысында – 306 мың гектар, Жетісу облысында – 292,6 мың гектар, ал Алматы облысында – 187,9 мың гектар жерге егін егілді.
Мәселен, Жамбыл облысындағы «Кең дала» шаруа қожалығы 1600 гектар алқапқа арпа мен бидай еккен. Шаруашылық басшысы Нұржан Букетовтың айтуынша, өңірде суғару мәселесі шешіліп, соңғы жылдары егіншілік тұрақты табыс көзіне айналған.
«Біз 2018 жылдан бері арпа мен бидай дақылдарын егумен айналысамыз. Осы жеті жыл ішінде айтарлықтай қиындыққа тап болған емеспіз. Бәрі ойдағыдай болып жатқанына ризамыз. Суғару жөнінде де, жұмысшылар мен техникалар жағынан мәселе туындаған емес», – деді «Кең дала» ШҚ-ның басшысы Нұржан Букетов.
Өткен жылы аталмыш қожалық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның арнайы бағдарламасы аясында отандық өндірістегі «RSМ-2400» тракторын 5% мөлшерлемемен лизингке алған. Бұдан бөлек нарықтық шарттар арқылы қосымша техникалар сатып алған.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауылы Келінтөбе ауылдық округінде орналасқан “НП Агротехнология” жеке шаруа қожалығы биыл 130 гектар жерге күріш еккен. Алайда шаруашылық жетекшісі Керімхан Егізбаевтың сөзінше, егіс көлемінің аз болуына су тапшылығы себеп.
«Сыр елі күріш дақылымен танымал ғой. Бұл өнімге сұраныс жоғары. Бірақ егіс көлемін ұлғайтқымыз келсе де, су тапшылығы қол байлап тұр. Осы туындаған мәселені әкімдік реттеп берсе деген өтініш бар», – дейді Керімхан Егізбаев.
2024 жылы шаруа иесі екі қытай тракторын және ҮТО комбайнын «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке алып отыр.
Түркістанда орналасқан «Жер-ана» шаруа қожалығы биыл 200 гектарға арпа, бидай егіп отыр. Қожалық басшысы Оспан Оңалбекұлының мәлімдеуінше, техниканы жаңартуда «ҚазАгроҚаржы» үлкен қолдау көрсеткен. Олар алдын ала төлемсіз 5% мөлшерлемемен «МТЗ-1025 Белорус» тракторын лизингке алған.
«ҚазАгроҚаржы» агрария секторына, біз сияқты шаруа иелеріне жасап жатқан көмегі зор. Қандай шешім болса да, барлығы тез және мәселесіз шешіледі. Қалаған өтінішімізді телеграм-бот арқылы жібереміз, жауап көпке созылмай лезде шешіледі», – деді «Жер-ана» ШҚ-ның басшысы Оспан Оңалбекұлы.
Алдағы уақытта шаруа иесі суғару техникасын да осы бағдарлама арқылы алуды жоспарлап отыр.
Компанияның ұсынған деректерге сүйенсек, Жамбыл, Түркістан Қызылорда облыстары бойынша 400-ден астам кәсіпорын қаржыландырылған.
Мәселен, Қызылорда облысында 32 шаруашылықпен лизингке техниканы алу үшін 822 млн теңгеге 43 шарт жасалған. Жамбыл облысында 150 шарт бойынша 99 кәсіпорынға 2,2 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Ал Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары үшін 402 шаруашылық 4,3 млрд теңгеге лизингке техниканы алды.
Аталған қаржыландыру елдегі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қажеттілігіне жұмсалады. Бұл егіс науқанын уақытылы және сапалы жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды фактор.