Ел Үкіметі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бірқатар өзгеріс енгізді. Жаңа қаулыда ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қайта қаралып, мектеп тапшылығын жою мақсатында нақты сандық көрсеткіштер жаңартылды.
Кемел келешек мекені
181
оқылды

Ұлттық жобаның жаңа межесі қандай?

Соңғы жылдары Қазақстанда демогра­фия­лық өсім мен урбанизация үрдісі білім беру инфрақұрылымына елеулі салмақ түсіріп келеді. Ауылдан қалаға жаппай көшу, туу көрсеткішінің артуы, ішкі көші-қон үдерістері қалалардағы мектептердің шама­дан тыс тол­уы­на әкеліп, білім сапа­сына тікелей әсер ете бастады. «Жайлы мек­­теп» ұлттық жобасы еліміздің түкпір-түк­пірінде заманауи, қауіпсіз және техно­ло­­гиялық жабдықталған мектептер салу­ды көздейді. Бұл – оқушылар санының артуы мен апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған ауқымды бастама. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тап­сырмасымен басталған жоба үш басты міндетті көздейді: мектеп жүктемесін азай­ту, қала мен ауыл арасын­дағы теңсіз­дік­ті қыс­қарту және халықара­лық стан­дарт­тарға сай білім кеңістігін құру. 

Алғашқы жоспар бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға арнал­­ған 401 мектеп салу көзделген. Алайда қар­жылық шектеулерге байланыс­ты бұл көрсет­кіш 369 мектепке дейін аз­ай­тылып, шамамен 740 мың оқушы орны қарастырыл­ды. Үкімет­тің 30 сәуірдегі №294 қаулысымен жобаның ауқымы қайта қаралып, мектеп саны 217-ге, ал оқушы орны 460 400-ге дейін қысқарды. Жаңа нұсқаға сәйкес, 2024-2025 жылдары кемінде 460 400 жаңа оқушы орны (екі ауыс­ыммен) іске қосылуға тиіс: 2024 жылы 257 мың жаңа орын іске қосылады (бұған дейін бұл көрсеткіш 260 600 деп жоспарланған болатын). Ал 2025 жылы 203 400 жаңа орын ашылмақ, ескі жоспар­дан 3 600 орынға артық. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп салынып, енгізілетін орындардың жалпы саны 460 400-ге жетеді. 

Жоба жаңа орындар ашумен ғана шек­телмейді. Оқу үдерісінің қауіпсіз әрі тиім­ді болуы үшін оқушылар саны көп, үш ауысым­да білім алып жүрген мектептер мен апатты жағдайдағы ғимараттарды жою негізгі нысан ретін­де белгіленген. Мә­селен, апатты мек­теп­тердің үлесі 2023 және 2024 жылдары – 0,2%-ға, 2025 жылы 0,1%-ға дейін қысқаруға тиіс. Ал үш ауыс­ымды мектептердің үлесі 2023-2024 жыл­дары – 1,2%, ал 2025 жылы 0,6% болуы жос­парланған. Ресми деректерге сүйен­сек, 2023 жылдың ортасына қарай елімізде 136 мектеп үш ауысымда, ал 71 мек­теп апат­ты жағ­дайда жұмыс істеген. Бұл мә­се­ле, әсіресе Алматы, Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарында күрделі күйде тұр. Аталмыш проблема тек білім сапа­сына емес, балалардың психология­лық және физикалық жағдайына да кері әсерін тигізіп отыр. 

Тағы бір маңызды аспект – жаңа мек­тептердің орналасуы. Қалалық және ауыл­дық аймақтардағы инфрақұрылым тең дәрежеде дамуға тиіс. Қаулыда бұл көр­сеткіштер де нақты айқындалды. 2024 жылы жайлы мек­теп­терді енгізу деңгейі – 50,6%, оның ішінде: қалада – 30,3%, ал ауылда – 20,3%. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100% болады деп күтілуде: қалада – 60,9% және ауылда – 39,1%. Яғни, ауыл мектеп­теріне ерекше назар аударылып отыр. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім беру теңсіздігін жоюға бағытталған нақты қадам. Бұл мектептердің жобалық қуаты 300-ден 2500 оқушыға дейінгі аралықты қамтып, қала мен ауыл арасындағы білім беру теңсіз­дігін азайтуға бағытталған. Әсіресе, оқушы саны күрт артқан Астана, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Маңғыс­тау облыс­тары басым назарға алынып отыр. 

«Жайлы мектеп» – жаңа ғимарат ғана емес

Бұл бастама тек жаңа ғимарат салумен шектелмейді. «Жайлы мектеп» ұғымы жылы әрі жарық сыныптар, спорт және шы­ғар­машылық үйірмелерге арналған кеңістік, ин­клюзивті орта және цифрлық техноло­гиялармен қамтылған білім беру процесін білдіреді. Яғни, оқушы тек білім алып қана қоймай, жан-жақты дамуға ар­нал­ған мүм­кіндіктермен қамтамасыз еті­леді. Бәлкім содан да болар, жобаның атауын өзгерту жайлы ұсыныс та айтылды.

«Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл — жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», – деп атап өткен болатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұ­машевтің айтуынша, жоба аясында тек мектеп салу емес, олардың толық жабдық­талуы мен кадрлық құрамына да назар аударылуға тиіс. Себебі жаңа мектептің жайлы болуы тек ғимараттың сапасына емес, онда еңбек ететін мұғалім­дердің кә­сі­би біліктілігіне де байла­ныс­ты. Осы тұр­ғыдан алғанда, жоба елдегі мұғалімдер даярлау жүйесіне де сер­пін береді деген сенім бар.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салы­натын білім ұялары халықаралық стандарт­тарға сай, заманауи құралдармен толық жа­рақ­талады. Әр мектепте химия, биоло­гия, физика, IT, STEM, робототех­ника кабинет­тері, шығармашылық сту­дия­лар, арнайы еңбек шеберханалары, акт залдары, спорт­залдар мен ойын алаң­дары қарас­тырылған. Бұл – білім алу­шы­лардың жан-жақты дамуы­на мүм­кіндік беретін үлкен кеңістік. Инклю­зивті білім беру – жобаның басым бағыты. Пан­дустар, тактильді белгілер, арнайы сани­тар­лық тораптар, психолог, лого­пед, дефек­толог кабинеттері ерекше қажетті­ліктері бар ба­лаларға тең білім алу мүм­кіндігін қамта­ма­сыз етеді. Оқу кабинет­тері заманауи ин­тер­активті тақ­талармен, интернетпен, жеке шкаф­­тармен, таза ауызсу бұрқақ­тары­мен жаб­дық­талып, оқушылар­дың денсаулығы мен қауіп­сіздігіне ерекше мән берілген. Жаңа мек­тептердің құрылымы да ерекше: бастауыш пен жоғары сынып­тар үшін бөлек блоктар, жеке спорт­залдар мен асханалар жоспар­ланған. Бұл – оқу­шы­лардың қозғалысын тиімді рет­теуге, оқыту үдерісін оңтайлан­дыруға бағыт­тал­ған шешім», – дейді Қ. Жұ­машев.

Сарапшылардың болжамынша, «Жай­лы мектеп» аясында 53 мың уақыт­ша және 41 мыңнан астам тұрақты жұмыс ор­ны­ ашылып, әсіресе ауылдық жерлерде халық­ты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Мұғалім­дер мен техни­калық қызметкер­лерге жаңа мүмкін­діктер ұсынылып, білім саласының кадрлық әлеуеті күшей­еді. Ең бастысы, жаңа мектептер – тек білім ор­да­сы емес, сонымен қатар ауыл-аймақ­тар­дың әлеумет­тік дамуының өзе­гіне айнала­ды. Жаңа мектеп салу – сол өңірдің ин­фра­құрылым­ын дамытып, халық­тың тұр­ақ­тылығын қамта­масыз ету­г­е жол аша­ды. Бұл – қала мен ауыл ара­­сындағы мүмкіндіктер алшақ­тығын жоюға бағыт­талған нақты әрі тиімді қадам.

Қазіргі уақытта 105 білім беру ны­саны­­ның құрылысы аяқталған. Қалған 112 мек­теп 2025 жылдың соңына дейін пайда­лану­ға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сын іске асыру мемлекет тарапынан жан-жақты қаржы­лан­дыр­ы­лып жатыр. Жоба­ның негізгі шығындары рес­публика­лық бюджет пен Ұлттық қор қара­жаты есе­бінен қамта­масыз етілуде. 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық кезеңде жо­баға жалпы 1,5 триллион теңге бөлін­ген. Оның ішінде 500 миллиард теңге – 2023 жыл­ға, 646 миллиард теңге – 2024 жыл­­ға, ал 347 мил­лиард теңге 2025 жылға жос­­парланған. Жобаның негізгі опера­торы ретінде Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамы бекітілді. Бұл к ом­пания мектеп­тердің бір­ыңғай үлгідегі жо­ба­­ларын әзір­леуге және құрылыс жұмы­старын жүргізуге жауапты. Ал жергі­лік­ті атқарушы органдар өз кезегінде жаңа мектептерге арналған жер телімдерін бөлу мен инженерлік-коммуни­кациялық ин­фра­­құрылымды қамтамасыз ету міндетін атқарады.

Айдана НҰРМҰХАН