Қазір елімізде елімізде 46 аймақтық аймақтық театр барболса, көпшілігінің өпшілігінің жағдайы жағдайы көңіл көншітпейді көншітпейді. Сондықтан Сондықтан олардың олардың кейбіріне кейбіріне кәсіпкерлерден әсіпкерлерден көрсетілетін көрсетілетін қолдау керек-ақ.
«Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын», – деді Президент.
Кәсіпкер руханиятқа қызмет етуі керек
Елімізде өнерге ерекше ықыласы ауып, жанашырлық танытып, музыка мен сахна өнеріне де қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер жоқ емес. Мәселен, Алматыда заманауи өнер музейін салуға атсалысқан Нұрлан Смағұлов, «Целинный» заманауи мәдени арт-орталығын салған Қайрат Боранбаев, ASYLTAS TEATRY жобасының негізін қалаған Дулат Тастекей сынды кәсіпкерлердің есімін атауымызға болады. Дулат Тастекей кәсіпкерлікті тек табыс табу көзі емес, қоғамға, ұрпаққа, руханиятқа қызмет ететін сала деген қағиданы ұстанады. Ол еліміздің руханиятының өсуіне үлес қосып келе жатқан ASSYLTAS қоры аясында бірнеше жобаларды жүзеге асырып отырғанын атап өтті.
«Театр – ұлттың рухын, тарихын, болмысын сахна арқылы жеткізетін киелі өнер. Президентіміздің «кәсіпкерлер театр салуға атсалысуы керек» деген үндеуі әрбір кәсіпкер ғимарат тұрғызсын деген тікелей мағына емес. Бұл – кәсіпкерлер қоғамның мәдени өміріне серпін берсін, халық пен өнерді жақындатуға үлес қоссын деген мағыналы үндеу деп түсінемін. Осы бағытта ASSYLTAS қорының аясында ASYLTAS TEATRY жобасын құрдық. Соңғы екі жыл ішінде төрт пьеса дайындап, бірнеше рет гастрольдік сапарға шығып, ауыл халқымен сахна арқылы тілдесіп келеміз. Бұл – біз үшін мақтаныш қана емес, рухани жауапкершілік. Президентіміздің бұл бастамасын толық қолдай отырып, осындай жобаларымыз арқылы оны іс жүзінде жүзеге асырып келеміз.
Президенттің «Қазақстандықтар көбірек кітап оқуы керек, ал кәсіпкерлер театр салуға атсалысуға тиіс» деген сөзі – еліміздің мәдени және рухани дамуына бағытталған өте маңызды әрі орынды үндеу деп санаймын. Кітап – адамның ой-санасын кеңейтетін, қоғамды ілгерілететін басты құрал. Өзім де ауылдан шыққан азамат ретінде өмірімді өзгерткен басты нәрсе – кітап пен білім екенін жақсы білемін. Сондықтан ASSYLTAS қоғамдық қоры арқылы биыл Абай облысындағы ауыл мектептеріне 14 000-нан астам кітапты тегін табыстадық. Бұл – біз үшін тек демеушілік емес, бұл – болашақ ұрпаққа рухани инвестиция», – деді кәсіпкер.
Үндеу – театрды экономикалық айналымға тартудың бастамасы
Заманауи технологиялармен жабдықталған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры,
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры, Түркістан музыкалық драма театрларының ғимараттары мемлекеттің қолдауымен тұрғызылса, Алматыдағы «АРТиШок», Б.Омаров атындағы «Жас сахна», Шымкеттегі «17 жастар» театрлары тікелей жеке кәсіпкерлердің көмегімен бой көтерді. Алайда өнертану кандидаты, профессор Анар Еркебай тек ғимарат емес, театрлар қоятын репертуар да қолдау арқылы көрерменге жететінін ескеру керегін айтты.
«Театр – бұрыннан қалыптасқан драма, балет, опера, мюзикл жанрларымен қатар, физикалық театр, иммерсивті театр, перформанс, site-specific театры сияқты жаңа формалар арқылы көрерменмен терең қарым-қатынас орнататын тірі өнер алаңы. Сондықтан кәсіпкерлердің бұл салаға инвестиция салуы тек қаржылай демеу емес, мәдени эволюцияның маңызды факторы. Қазақстанда бұл бастаманы іске асырудың бірнеше жолы бар. Ең алдымен, public-private partnership (PPP) моделі аясында мемлекет пен жеке сектор арасындағы тиімді ынтымақтастық механизмін жолға қою керек.
Президент сөзіне жаңаша көзқараспен қарасақ, кәсіпкерлер театрға тек ғимарат тұрғызу арқылы емес, репертуар саясатын дамыту, театр труппаларының гастрольдерін қаржыландыру, ұлттық және халықаралық фестивальдерге қатысу, копродукцияларды жүзеге асыру, тіпті мамандардың шетелдік тағылымдамаларға барып, тәжірибе алмасуына қолдау көрсету арқылы да үлкен үлес қоса алады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекетті танып-білудің алғашқы қадамы – оның мәдениетіне үңілу. Осы тұрғыдан алғанда, театр бір елдің рухани айнасы, тарихи жады мен заманауи ойлау кодтарының көркем трансляторы», – деді театртанушы Анар Еркебай.
Сонымен қатар өнертану кандидаты А.Еркебай елімізде кәсіпкерлер тарапынан театрға қаржы салудың төмен деңгейде болуын нақты екі себеппен түсіндірді: мәдени инвестицияның қайтарымы ұзаққа созылуы және өнер мен бизнес арасындағы түсіністік жетіспеушілігі. Айтуынша, мұндай олқылықтарды жою үшін art patronage (өнер қамқоршылығы) мәдениетін дамыту, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында театрды қолдау тәжірибесін насихаттау қажет, бұған қоса, theatre co-production жүйесін енгізу өңірлік және халықаралық әріптестікке жол ашады. Өнер ордаларының, соның ішінде театрларға кәсіпкер тарапынан қолдау көрсету әлемнің дамыған елдерінде қолға алынған үрдіс. Мұндай жүйеде бизнес өкілдері театрмен тек әріптестік орнатып қана қоймай, театр арқылы өз брендін де жарнамалай алады.
«Батыс елдерінде кәсіпкерлер мен ірі корпорациялар театр саласына белсенді қатысады. Мысалы, Нью-Йорктегі Broadway сахналарының көпшілігі жеке инвестициямен қаржыландырылады. Ал Ұлыбританияда Ұлттық театр секілді мемлекеттік мекемелерге қоса, тәуелсіз фриндж театрлары кәсіпкерлердің кең қолдауына ие. Президент Қ.Тоқаевтың бұл үндеуі театрдың әлеуметтік рөлін арттырумен қатар, оны экономикалық айналымға тартудың маңызды бастамасы. Бұл үшін мемлекет пен кәсіпкерлер арасында мәдени консенсус пен шығармашылық әріптестік орнауы қажет. Театр тек өнер емес, ол қоғамның ойлау жүйесін, эстетикалық талғамын, тіпті саяси мәдениетін қалыптастыратын қоғамдық сана лабораториясы. Сондықтан онымен айналысу тек бір тараптың ісі емес», – деп сөзін түйіндеді Театр сыншылары бірлестігінің төрайымы А.Еркебай.
Дәстүрлі музыкаға ерекше назар аударылуда
«Мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін беретін бастама жүзеге асса, ұлттық өнерге деген құрмет те жоғары деңгейге көтеріледі» дейді өнер майталмандары. Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова қазіргі руханият ордаларының кейбірі меценанттардың көмегімен қайта тұрғызылғанын айта келе, қолдау тек театрға емес, өнер иелеріне де көрсетілуі керек дегенді алға тартты.
«Қалталы азаматтар бұған дейін де білімге, өнерге қолдау көрсетіп, көмек беріп келді ғой. Енді солар неге театрдың деңгейін биікке көтеріп, жағдайын жақсартуға үлес қоспасқа! Бұл – керемет бастама. Кеше ғана ерекше дауыс иесі, бір ғасырда бір туатын Қайрат Байбосынов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Оның жеке өнер мектебінен талай талантты балалар шығып жатыр. Осыдан 5 жыл бұрын мен де «Дәстүрлі музыка, фольклорлық-этнографиялық театр» салынса деп ұсыныс айтқан едім. Әлі де ойымда жүр. Өйткені мәдениетімізге қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың да өнерге деген тынысын аша аламыз. Театр рухани орда ғой. Соңғы екі жылда дәстүрлі музыкаға ерекше назар аударып келеміз, жылына бір рет тойланатын Наурыз мейрамы да 10 күнге созылды. Сондықтан театрды да адам көп келетін орынға айналдырамыз десек, олар қоятын репертуарынан бөлек, ең алдымен, келушілер қызыға қарайтын сыртқы ғимараты да көз тартып тұруы керек», – деді Майра Ілиясова.
Кәсіпкерлердің театрларға қолдау көрсетуі – бұл тек бір ұйымға қаржылай көмек беру емес. Бұл – болашақ ұрпаққа, мәдениетті, өнерді бағалайтын қоғам қалыптастыруға жасалған инвестиция. Театр арқылы қоғамның талғамы, санасы қалыптасады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ