Жуырда қабылданған өзгерістерге сәйкес, елімізде лицензиясыз криптовалюта саудасымен айналысатын азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл шешім криптовалюта нарығын «көлеңкеден шығарып», ашық әрі заңды айналымды қамтамасыз етуге арналған. Бірақ тәуелсіз сарапшылар арасында бұл реформа ашықтыққа бастайтын құрал ма, әлде басыбайлы бақылау тетігі ме деп күмәнмен қарайтындар да жоқ емес.
Мемлекет басшысы жыл басында цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқан болатын. «Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады. Алайда сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небәрі 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн», – деді Президент.
Сәйкесінше, Ұлттық банк Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компоненттерін іске қосты. Олар: Ұлттық төлем жүйесі, Алаяқтық транзакцияларға қарсы ұлттық орталық, Қашықтан биометриялық сәйкестендіру жүйесі, Ашық банкинг және Цифрлық теңге платформалары. Енді алдағы уақытта криптовалюта айналымын реттеуді кеңейту мақсатында криптовалюта платформалары операторларының құқықтық мәртебесі бекітіеді.
– Киптовалюталарды айырбастау қызметіне қойылатын біліктілік талаптары, олардың бизнес-процестерін жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптар, тәуекелдерді басқару жүйесінің болуы, активтерді қорғау жөніндегі талаптар, деректерді қорғау жөніндегі талаптар, сондай-ақ операциялардың ашықтығын және инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тетіктері белгіленеді, – деді Ұлттық банкі төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.
Оның сөзінше, халық лицензияланған провайдерлер арқылы криптовалюталарға инвестиция салуға мүмкіндік алатынын айтты. Мұндай ұйымдардың тізбесін Ұлттық банк белгілейді. Жаңа талаптарға сәйкес, крипто компаниялар біліктілік нормаларын орындауы, бизнес-процестерін реттеуі, тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуі және клиенттердің деректерін қорғауға тиіс. Сондай-ақ операциялардың ашықтығы мен инвестор құқықтарының қорғалуы да басты назарда болады.
Криптовалюта нарығын дамытуда АХҚО-мен өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады. Осы орталықта тіркелген криптобиржалар мен криптоалмастырушылар заң аясында жұмыс істеуде. Ұлттық банк пен АХҚО арасындағы кооперация Қазақстанда цифрлық активтердің тұтас экожүйесін қалыптастыруға жол ашады. Бұл модель Қазақстанды өңірлік криптохабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін ел аумағында bybit және қазақстандық Binance платформасы тіркеліп, АХҚО юрисдикциясында жұмыс істеп келген.
Бұрын криптовалюта сатып алған азаматтарға Қазақстанда заңмен рұқсат етілген криптобиржаларға өз активтерін көшіру ұсынылуы мүмкін. Сондықтан бұрын криптовалюта иеленгендер үшін ең қауіпсіз жол – активтерді заңды алаңдарға ауыстырып, салық органдарына қажетті есептілікті өткізу болмақ. Бұл ретте құқықтық тәуекелдерден аулақ болу үшін мамандардан кеңес алған жөн.
Қазақстан Үкіметі криптовалюта майнингі саласынан 2022 жылы 3,07 миллиард теңге (шамамен 7 миллион АҚШ доллары) салық жинағанын хабарлады. 2023 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 240 миллион теңгеге дейін төмендеген . 2024 жылы криптовалюта майнингі қызметінен 10,4 миллион АҚШ доллары көлемінде салық түсімі тіркелген.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов криптовалюта нарығын заңдастыру екі негізгі бағытты қамтитынын айтты. Бірінші – цифрлық қаржы активтерінің құқықтық мәртебесін айқындау, екінші – қамтамасыз етілмеген криптовалюталардың айналымын лицензияланған провайдерлер арқылы реттеу. Сонымен қатар жаңа цифрлық сервистер мен өнімдерді сынауға мүмкіндік беретін реттеуші құмсалғыш құрылмақ. Бұл бастама стартаптарға жаңа шешімдерді сынақтан өткізіп, нарыққа шығуына жол ашады.
Цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін криптовалюта нарығы толық, ашық, түсінікті және заңды жүйеге айналуға тиіс. Жаңа реформа аясында цифрлық активтермен жұмыс істейтін барлық компания АХҚО-да тіркелуі қажет болады. Сондай-ақ ресми криптовалюта айырбастау пункттері – «ресми айырбастаушылар» пайда болады. Бұл қарапайым азаматтарға да оң әсер етеді. Енді жеке тұлғалар АХҚО-да тіркелген немесе Ұлттық банк лицензиялаған платформалар арқылы криптовалюта сатып алып, сата алады. Бұл мемлекетке ақшаның қозғалысын бақылауға және капиталдың заңсыз шығарылуын тежеуге мүмкіндік береді.
Өзгерістер майнинг секторына да әсер етеді. Ірі майнинг-компанияларға өздерінің электр стансаларын салып, энергияны дербес өндіруге рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұл олардың шығындарын азайтып, жұмыс тиімділігін арттырады. Мемлекеттік құрылымдар Қазақстанның цифрлық активтер нарығындағы әлеуетін жоғары бағалап отыр. Арзан электр энергиясы, кең аумақтар және финтех-компаниялардың шоғырланған орталығы – еліміздің басты артықшылықтары. Егер заңдастыру толық жүзеге асса, Қазақстан жаңа инвестиция тартуға, жұмыс орындарын құруға және бүкіл өңірдегі заңды криптовалюта нарығы бар санаулы мемлекеттердің бірі болуға мүмкіндік алады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан криптовалюта нарығын заңдастыру арқылы тек қаржы секторының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ғана емес, сонымен қатар жаңа экономикалық бағыт қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл үрдіс дұрыс жүзеге асса, ел цифрлық активтер саласында өңірлік көшбасшыға айнала алады. Алайда басты шарт – реформалардың ашықтығы мен тиімді жүзеге асуы.
Кәмила ДҮЙСЕН