Қаллекидің өмірі мен өнер жолын саралау – қазақ театр тарихын танудың бір парасы. Қалибек Қуанышбаев есімі бүгінде көше атауы, театр маңдайшаларынан таныс болуы мүмкін.
«Күтіп жатқан» – Шәкен Айманов келгенде Қалибек Қуанышбаев бақиға аттанды
Фото: автордыкі
3,470
оқылды

Бірақ ол жай ғана тарихи есім емес, қазақ сахнасының табиғи құбылысы, актерлік шеберліктің өлшеміне айналған тұлға. Оны тек Қаллеки деп атаған халықтың өзі оның сахнадағы болмысын мойындаған. Бұл мақала оның есімін ұмыттырмай, өнердегі орны мен даралығын қайта жаңғырту ниетінен туған.

Қалибек (шын есімі Қалыбек) Қуанышбаев (1893-1968)  қазақ ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, сахна мен экранда халықтың рухын, болмысын айқын бейнелеген тұлға. Ол КСРО халық әртісі (1959) және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952) атанған. 

Қалибек Қуанышбаев қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына дүниеге келген. Жасынан ән-күйге, әжуаға (астарлап сөйлеп қалжыңдау) бейім болып өскен. Замандастарының айтуынша, болашақ өнер иесіне әзілкеш Мауқайдың әсері көп болған. Қалекең төрт жасынан қалжың айтып, алты жасында молдадан білім алғанымен, оқудан гөрі күлкіге құмар еді. 

1910 жылдардан бастап Қоянды жәрмеңкесі Қалекидің өнер алаңына айналды. Мұнда ол халық алдында әзіл-сықақ ойынын көрсетіп, ел арасында «пері Қалибек» атанды. Қажымұқан, Иса Байзақов, Майра Уәлиқызымен бірге өнер жарыстыра, есімі елге танылды. Оның «Қыз ұзату», «Қой күзету» сияқты күлдіргі қойылымдары халықтың қошеметіне ие болды. Бұл жәрмеңке оның кәсіби сахнаға апарар жолдағы ең алғашқы баспалдағы болды.

Осындай бір кезді Тұрсын Жұртбай өзінің Қалибек Қуанышбаевқа арналған еңбегінде (Астана, 2006) келесідей суреттейді.

…Сүйкімді келіншекті  сұлу әні оны бұрынғыдан да сүйкімді етіп жіберді. Әдеппен ғана гармонды Омарға ұсынды. Бақсының қобызын, орыстың скрипкасын мың құбылтып тартатын Омардың сырнайға да ебі бар еді. Әдеттегі әуені күлдіргі әніне басты. Гармонды тарта отырып, түрін-түсін өзгертіп, қимылымен-ақ қызыққа батыратын. Желдірте, ойнақы үнмен Қалибек екеуі қосыла айтты. Олардың дауысы емес, қимылы, әзіл сөзі ықыласты аудартатын. Гармонды тартып отырып жамбасымен жоғарылап, төрден есікке барып, одан төрге қарай әр әуеннің ырғағымен қоянша секіріп, аузына жел толтырылған «оп-оп» деп күмпілдеп, сабаның піскенін салады. Оған Қалибек қосылып, «Қара жорға» биін биледі.

Сол кезде екі иығын солқылдата шытырлатып, былқ-сылқ еткен Қалибек Омардың желкесіне мініп алып, сан қимылды ерекше салып, шалқайып билеп тұрып әнін жалғастырды.

1926 жылы Қызылорда қаласында қазақтың тұңғыш кәсіби драма театры құрылды. Бұл тарихи сәтте Қалибек те қатардан табылды. Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақовтармен бірге жаңа өнер ордасының іргесін қалауға атсалысты. Қаллеки осы театрда 30 жылдан астам уақыт еңбек етті. Оның алғашқы рөлдерінің бірі – М.Әуезовтің «Еңлік – Кебегіндегі» Абыз. Кейін «Абайдағы» Құнанбай мен Абай бейнесін қатар алып шығуы актерлік шеберліктің шыңы еді деп жазады зерттеушілер.

 

М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьессы. Сол жақтан екінші Көбейдің рөлінде Қалибек Қуанышбаев

Ол қазақ театр өнерінде жүзден астам рөл сомдап, әр образға ұлттық мінез, терең сезім, табиғи бояу беріп отырды. Әсіресе, «Асауға тұсау» қойылымындағы Баптиста рөлі Мәскеу сахнасында көрерменді таң-тамаша еткен екен. Тіпті, сол жақтың көзі қырағы көрермені Қалибекті орыстың мықты әртістері В.Давыдов пен М. Тархановқа теңеген екен. Қалекеңнің сахнадағы ойынын көргендердің айтуынша, ол кемпір мен шалдың, ит пен бұзаудың, адамның да, табиғаттың да дауысын келтіре алатын имитация шебері болған.

Қаллеки кино өнеріне де елеулі үлес қосты. Ол «Амангелді» (1938) фильмінде Байбол рөлін, «Абай» фильмінде Абайдың өзін, «Шоқан Уәлихановта» Шыңғыс рөлін ойнады. Осы бейнелер арқылы ол қазақтың тарихи тұлғаларын экранда жаңаша бейнелеп, көрерменге рухани әсер сыйлады. Кино мен сахнаны қатар алып жүрген санаулы актердің бірі болды.

Актерлік өнермен қатар Қалибек Қуанышбаев қалам да тербеп жүретін.  Оның «Острие» (1936), «Шаншарлар» (1962) жинақтары әзіл, мысқыл, сықақ жанрларындағы шығармаларын біріктірді. Драматург Шахмет Құсайыновпен бірге «Ақ жаулық – көк жаулық», «Шаншарлар» пьесаларын жазды. 

«Шаншарлар» бұл Қ.Қуанышбаевтың жалғыз ғана драматургиялық шығармасы емес. Ол бұдан бұрын «Ақ жаулық пен көк жаулық» пьесасын жазған, онда қазақ колхозының өмірі, социалистік ауылдағы адамдар арасындағы жаңа қарым-қатынастар көрсетілген. Сондай-ақ ол «Торсықбай» атты комедия мен басқа да пьесаларды жазған, – деп жазады О.Олидор (Мәскеу, 1950) Қалекең жайлы кітапта. 

Қаллекидің тағы бір қыры – ұстаздығы.  Театр училищесінде дәріс беріп, сахналық тіл мен мінез қырларын үйретті. Әр спектакльден соң режиссер емес, Қаллекидің пікірін күту жас талаптанушы үшін сахна мектебінің маңызын көрсететін. Шәкірттерінің айтуынша,  жастарға сахнадағы рухани сергектік, ұлттық болмысты ұмытпау туралы үнемі ақыл айтатын.

Қалибек Қуанышбаев тек өнер адамы емес, қоғамдық қайраткер ретінде де танылды. Ол үш рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. "Ленин" ордені, "Еңбек Қызыл Ту", «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Мұның өзі оның тек сахнада емес, ел алдында да үлкен беделге ие болғанын дәлелдейді.

Оның Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов секілді сол заманның көптеген зиялысымен жақын араласып, ажырамас дос болғаны жайлы деректер өте көп. 

Естеліктің бірінде: «Қалекең төсек тартып жатқанда Шәкен кино түсіріп жүреді де, бір-екі айға кешігіп келеді. Шәкеңнің кіргенін сезген Қаллеки іргеге қарап, бұрылмаған күйі жатып алыпты. Шәкең болса сол баяғы еркін қалпымен «оу, шал, бұл не жатыс, тұр  карта ойнайық, ақшаң бар ма өзіңнің» дейді ғой. Қалекең бұртиып, бала секілді қарамай қояды. Содан 5-10 минуттан кейін ұлы өнерпаз бақиға аттанып жүре береді. Осынау бір мінезге толы соңғы «үнсіз диалогы», ғажайып қалжыңы, зілсіз өкпесі арқылы өлімнің өзін әжуа етуін қараңызшы. Шіркін, Шәкеңнің келуін күтіп жатқан жүректі ақын болсаң қалай жырласаң да жарасар еді. Сол күні аспан түнеріп, күн күркіреп, шатырлап найзағай ойнап, ұлы актердің, өнерпаздың болмыс-бітімінің бір сәулелі, сұрапыл сәтін баян еткендей еді. Қалекиді Шәкен туған ағасындай арулап қойды».

Қалекидің есімі бүгінде Астана қаласындағы музыкалық драма театрына берілген. Қарағанды, Қарқаралыда оның атында көше бар. Өз туған жерінде мұражайы жұмыс істейді. Бірақ бұл құрмет мұраның өзіндей ұлы бола ала ма? Бүгінгі ұрпақ Қалекиден қалған сахналық сатира, ұлттық мінез, қарапайым әрі биік болмыс сияқты мұраларды толық игере алды ма? Бұл – келер күннің сұрағы.

Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі