Евгений Брусиловский, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қанабек Байсейітовтер баспанадан қуылған.
Евгений Брусиловский, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қанабек Байсейітовтер не үшін карта ойнаған?
1937 жыл. Үрей мен үміт арасы. Автордың коллажы
2,129
оқылды

Репрессия жылдарының шынайы көрінісін сол дәуірде өмір сүрген адамдардың естеліктері арқылы тануға болады. Ресми тарих көбінесе сандар мен фактілерге сүйенсе, жеке куәліктер күнделіктер мен естеліктер арқылы адамның ішкі күйін, қорқыныш пен үмітін нақты әрі әсерлі жеткізеді. Осындай естеліктердің бірі композитор Евгений Брусиловскийдің «Естеліктер» атты орыс тілінде жазылған кітабында кездеседі. Сол кітаптан алынған төмендегі үзінді қазақ тіліне аударылып, тарихтың тірі куәсі ретінде ұсынылып отыр. 

Евгений Григорьевич әуелі сол кездегі жалпы ахуалдан бастайды.

1937 жыл еді. Бұл – интеллигенцияны аяусыз, жүйелі түрде жою жылы болды. Бұл жаппай жоюдың ресми кінәлісі ретінде Н.И. Ежов саналды. Біздің «мамандар үйлеріндегі» пәтерлер әр түн сайын иесінен айырылып отырды. Орнына ол пәтерлерге қарапайым халық көшірілді, сөйтіп бұл үйлер бастапқы мақсатынан айырылды (бастапқы мақсат деп отырған себебі, әуелде интеллигенцияға арналған тұрғын үйлер едіР.Н.). Әр күні кешкісін адамдар осы түнде есік қағылып, алып кете ме екен деген үрейлі күтумен өмір сүрді. Әр түн сайын адамдар терезеге телміріп, тұтқындалып жатқан адамдар мен олардың әйелдерін қалай шығарып алып бара жатқанын бақылап отырды. 

Осындай кезде үйдің тұрғындары, бір-біріне шамасы келгенше демеу болып жүрсе керек. Бірнеше отбасы кезекпен әр пәтерде жиналып, кешкісін карта ойнап жүреді екен. Бұлардың қатарында Брусиловский мен жұбайы Анна Дмитриевна, Мұхтар Әуезов пен Валентина Николаевна, Ғабит Мүсірепов пен Құсни, Хамза Есенжанов пен София, Қанабек Байсейітов пен Күләш болды. 

Әр пәтердің отанасы кездесулерімізді ең жоғары деңгейде өткізуге тырысатын. Кешкі сағат 7-8-де жиналатынбыз. Бірден ойын басталатын. Сосын ойын үзіліп, үстелге мол әрі дәмді кешкі ас жайылатын – ет, құс еті, балық, тұздалған тағамдар. Кешкі астан кейін өзара әңгіме мен  анекдот айтатынбыз. Осы уақытта үстел жиналып, қайтадан карта ойыны басталатын. Үш-төрт сағаттан кейін екінші үзіліс жасалып, шай ішуге арналған үстел жайылатын. Ол жерде бауырсақ, торт, шелпек… Шайдан кейін, қайтадан көзіміз ілінгенше карта ойнайтынбыз. Таңғы төрт-бесте үй-үйге тарайтынбыз. 

Бұл естеліктегі сәттер сол уақыттағы шығармашылық қауымның бірлігі мен аралас-құралас өмірін анық көрсетеді. Барлығы бір-біріне жақын тұратын, күнделікті араласып, тек жұмыс емес, өмірдің әр сәтін бірге бөлісетін. Мұндай бейресми кездесулер тек демалыс немесе көңіл көтеру ғана емес, рухани қолдау, ой алмасу, тіпті жаңа идеялардың тууына себеп болатын. Осындай тығыз қарым-қатынас өнер мен мәдениеттің дамуына да ықпал етті. 

Евгений Григорьевичті ары қарай оқиық: 

Сондай бір кештердің бірінде баспалдақтағы бір шу ойынды бір сәтте үзіп жіберді. Бәрі тына қалды. Елең етіп, бастарын көтеріп, көздерін есікке қадайтын. Бәрі үн-түнсіз.  Сол шудың немен аяқталатынын күтіп отыратын. Бізге келе ме? Әлде көршіге ме?  Міне, қазір, бірнеше секундттан кейін есік қағылады. «Ашыңдар! Г-П-У». Болды. Жиналуға бес-ақ минут. Ағылған көз жасы, есеңгіреу, белгісіздік… 

Брусиловский Мұхтар Әуезовтың әйелі Валентина Николаевнаны осындай жағдайларға тәжірибесі бар адам ретінде жазады. Оның Мұхтар үшін алдын ала дайындалып қойған шағын себеті болған дейді. Ішінде тұтқынға қажеттінің бәрін салып қойған. Қажетті ыдыс, қасық, сабын, тұз, шұлық бәрі де ішінде болатын. Бұл себеттің тұратын жері – кіреберіс. Басқаларда ондай себет болмайтын деп еске алады композитор.

Мұхтар Әуезов пен әйелі Валентина Николаевна 

Евгений Григорьевич қауіпсіздік қызметкерлері өздері отырған пәтерге келді дейді: 

Сол жолы Хамза Есенжановты алып кетті. Ол 20 жылдан кейін оралды. Әйелі ер мінезді еді. Бәріне төзіп,  балаларды өзі өсіріп, отбасын сақтап қалды. Ақыры, күйеуінің үйге оралуын күтіп алды, – деп ойын аяқтайды Брусиловский. 

Бұл естелік арқылы сол бір қиын кезеңде адамдардың қалай өмір сүргенін, бір-біріне қалай қолдау көрсеткенін байқаймыз. Үнемі қорқыныш пен ертеңгі күнге деген сенімсіздік бола тұра, олар бірге бас қосып, күнделікті өмірдің қарапайым сәттері арқылы өзара тірек бола алған. Мұндай естеліктер бізге тарихты тек ресми деректер арқылы емес, шынайы адам тағдырлары арқылы түсінуге көмектеседі. Осындай оқиғалар өткеннің рухани болмысын сезінуге және оны ұмытпауға мүмкіндік береді деп есептейміз.

Бұған дейін  «Қыз Жібек» операсындағы «Гәкку» қалай бас әнге айналғаны туралы жазған болатынбыз.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі