Қазақстан астанасында баскетболдан Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жарыстар Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің қолдауымен өтті. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінен үздік командалар жиналды.
Ақтық сын – еліміздегі мыңдаған мектеп пен миллиондаған оқушыны қамтыған ауқымды республикалық жобаның шарықтау шегіне айналды.
Баскетбол жарысында Түркістан облысынан келген Далабазар мектебінің оқушылары жеңіске жетті. Күміс жүлдені Жамбыл облысындағы №24 мектеп-гимназиясы иеленді. Астана қаласындағы №62 мектеп-лицейінің жас баскетболшылары үздік үштікті түйіндеді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты.
"Халықаралық олимпиада күні қарсаңында Ұлттық мектеп лигасын өткізу – ерекше мәнге ие. Бұл жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында олимпиадалық қозғалыстың негізі болып саналатын құндылықтарды: үздіксіз даму, өзара құрмет пен әділдікті – қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Біз мұндай бастамалар арқылы дені сау әрі белсенді қоғамның берік іргетасын қалау мүмкін екеніне сенімдіміз", – деді Әлімжан Ақаев.
Айта кетейік, 2025 жылы Ұлттық мектеп лигасы 23 маусымда атап өтілетін Халықаралық олимпиада күніне арналған іс-шаралар аясында өтіп жатыр. Бұл жобаның олимпиадалық құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын айқындай түседі.
Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасына әртүрлі спорт түрлері енген: үстел теннисі, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, футзал, жеңіл атлетика, гандбол, асық ату, шахмат және футбол.