«Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады. Ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл бағытта Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025-2027-жылдары пилоттық жоба аясында Жаһандық экологиялық қор қаражаты есебінен Талас және Сарысу аудандарында 5 мың гектар жайылымдық жерді жақсарту жоспарлануда.
Ал биылғы жылдың үш айында 11,7 мың гектар пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдар жергілікті тұрғындардың мал жаюы үшін ауылдық округтерге бекітіліп, қалған жерлер конкурс арқылы тапсырылуда.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бес конкурс ұйымдастырылса, оның қорытындысы бойынша айналымға 12 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері енгізілген.
Қазір елді мекендердің аумақтарына қосылған босалқы жерлердің жалпы қоры 378 мың гектарды құрайды. Осылайша, елді мекендердің жер көлемі 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін өсіп отыр. Алдағы уақытта оның көлемін тағы 20 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.
Бүгінде Жамбыл облысындағы 41 елді мекеннің 17-сінде жайылым тапшылығы мәселесі шешілген. Ал 9 елді мекенде биылғы жылдың соңына дейін бұл түйткілдің түйіні тарқамақ. Алайда 15 елді мекенде халық тығыздығы мен қала шетіне жақын орналасқандықтан жайылым тапшылығы мәселесін толық шешу мүмкін болмауда.
Негізі «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарын сақтай отырып, биыл облыстың барлық аудандарында жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарлары бес жылға қайта бекітіледі. Қазір Талас, Жамбыл, Меркі және Сарысу аудандары бойынша жоспарлар айқындалған.
Міне, осылайша мемлекеттік жерді майшелпекке айналдырғысы келгендердің мәселесі майшаммен қаралуда. Бұл, әрине жайылым аумағын кеңейтіп, бұқара үшін қолайлы жағдай туғызатыны анық. Ал одан халық ұтпаса, ұтылмасы айқын.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы