Қостанайда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қала орталығының алаңы бір күнге ірі мансап алаңына айналып, мектеп, колледж және ЖОО түлектері мен жұмыс берушілері кең ауқымды жәрмеңкеде кездесті.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
189
оқылды

Ол «AMANAT» партиясының жастарды еңбек нарығында өз орнын табуға кө­мектесетін «Жастарға жұмыс» жобасының бір бөлігіне айналды. Іс-шараны «Жастар Рухы» жастар қанаты, Қостанай облысының жастар ресурстық орталығы және облыс әкімдігі бірлесіп өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, олардың ел дамуына қосар үлесіне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде мемлекет жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, еңбек нарығынан өз орнын табуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Қостанайдағы бұл жәрмеңке – соның айқын көрінісі.

Жәрмеңкеге 90-нан астам ұйым, оның ішінде мемлекеттік мекемелерден бастап өңірдің ірі өндірістік кәсіпорындарына дейін қатысты. Олардың қатарында: «Қа­зақтелеком» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Қос­танай минералдары» АҚ, ERG құрамына кіретін «ССКӨБ» АҚ, KIA Qazaqstan АҚ, Allur АҚ, «Баян Сұлу» АҚ және екінші деңгейлі банктер мен өзге де компаниялар болды. Сонымен қатар келісімшарт негі­зіндегі әскери қызмет бойынша арнайы бөлім жұмыс істеп, осы салаға қызығушылық танытқан жастарға ұсыныстарын айтты.

Облыстың 20 өңіріндегі мансап орталықтары да жәрмеңкеге тартылып, жастар тек облыс орталығындағы емес, өз ауыл-аймағындағы бос жұмыс орындары туралы да ақпарат ала алды. Ауылдық жерлерде қызметке орналасуға бағытталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы да кеңінен таныстырылды.

Іс-шараға 1 000-нан астам адам – студенттер, жұмыссыз жастар мен жаңа жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары қатысты. Жәрмеңке нәтижесінде 500-ге жуық жас нақты жұмысқа орналасуға жолдама алды.

«Қостанай облысы – өндірістік аймақ, мұнда әсіресе жұмысшы және инженерлік мамандықтарға сұраныс жоғары. Біз жәрмеңкені қала орталығында өткізу арқылы жұмыс берушілер мен жастар арасында барынша ашық әрі қолжетімді диалог алаңын жасауды көздедік. Соңғы алты жылдан бері осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам жас жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды», – деді Қостанай облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Көптеген түлек үшін бұл жәрмеңке кәсіби өмірге алғашқы қадам болды. Мәселен, Қостанай политехникалық жоғары колледжінің түлегі Мансұр Мадияров өндірістік кәсіпорындардың бірінен тағы­лымдамадан өтуге ұсыныс алды.

«Мен өндірістік технологияларға бұ­рыннан қызығамын, мамандығым – техник-электромеханик. Осы жәрмеңке арқылы зауыт өкілдерімен тікелей сөйлесуге мүм­кіндік туды. Маған жазғы тағылымдама­дан өтуді ұсынды, егер бәрі сәтті өтсе, тұрақты жұмыс орнына қабылдануым мүмкін. Бұл – өзімді көрсетуге үлкен мүм­кіндік», – деді ол.

Айта кетейік, «Жастар Рухы» жастар қанаты «Жастарға жұмыс» жобасын 2023 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде 30 мыңнан астам жас жұмысқа жолдама алды, 5 мыңнан астам жұмыс берушімен меморандумға қол қойылды. Соңғы екі жылда еліміз бойынша 200-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 200 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар 30 мың жас кәсіпкерлікке арналған 2,5%-дық жеңілдетілген несие бойынша кеңес алды.

Елнар ЕЛТАЙ