Іс-шараның міндеті — екі қаланың металлургия кәсіпорындары ұжымдарының еңбек байланысын кеңейту, өндірістік мәдениет, еңбек қауіпсіздігі мен кадрлық даму мәселелері бойынша тәжірибе алмасу.
Теміртаулық қонақтарды «АМАNАТ» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков «Қазақмыс» корпорациясы» жанындағы партия филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Силар Қияқбаев бастаған бір топ азамат күтіп алды.
Қонақтар алдымен өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ғалым Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тау-кен металлургиялық мұражайын аралады. Мұражайда өндірістің бүгіні мен ертеңі бастан-аяқ қойылған.
Кейін металлургтер Жезқазған мыс балқыту зауытына барып қайнаған қызу тірлікті көрді. Мыс зауыты – 50 жылдан артық ел экономикасының қарқынды дауына үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорын. Бүгінде зауытта 2 200 адам еңбек етеді.
Қонақтар туристік орынға айналған Жошыхан мен Алашахан кесенесіне де барып, батырлар рухына бағыштап Құран оқыды. Жошыхан кесенесі ғалымдардың болжамы бойынша ХІІІ-ХІV ғасырға жатады. Ұлы қолбасшы Шыңғысханның ұлы Жошыханның зиратының үстінен салынған кесене. Бүгінгі күнде бұл әлемнің әр елінен туристер көп келетін туристік орталыққа айналды. Қонақтар да алған әсерлерін жасырмады.
«Мұнда алғаш келуім. Бұл екі кесене – Ұлытаудың ғана емес, жалпы Қазақстанның тарихындағы алар орны бар тарихи орындар. Таңертең мыс зауытында болып, жастармен жолықтық. Еңбек жолымыздағы тәжірибемізбен бөлістік. Келгелі аяғымызды жерге тигізбей күтіп жатқан азаматтарға алғысымызды айтамыз», – деді QARMET АҚ этномәдени бірлестігінің жетекшісі Әлішер Жақыпбеков.
Елнар ЕЛТАЙ