Аймақ басшысы жиынды ашқан сөзінде Президенттің облысты құру туралы шешімі шын мәнінде тарихи әділдіктің салтанат құруы екенін атап өтті.
«Облыс құрылған сәттен бастап өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Өздеріңізге белгілі, биыл біз Абай Құнанбайұлының 180 жылдық іс-шарасын атап өтеміз. Үкімет бұл бағыттағы көптеген жұмысты қолға алып жатыр. Іс-шараға дайындықты қазірден бастадық, жоғары деңгейде өткізуге атсалысу облысымыздың әрбір тұрғынының міндеті деп білемін», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы облыс әкімі ретінде қызметке кіріскен үш ай уақыт аралығында өңірдің барлық аудан, қалаларын, бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласында, Баршатас, Таскескен және Қайнар ауылдарында, жалпы саны 68 елді мекенде болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысты.
«Біз облыстың транзиттік әлеуетін және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, алдағы үш жылға даму жоспарын айқындап, дамудың негізгі бағыттарын белгіледік. Өңірдің өндірістік, ет, сүт кластерін құру мен суармалы егіншілік әлеуетін арттыруға, ішкі туризмді, әлеуметтік саланы дамытуға, жол және инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық беріледі», – деді облыс әкімі.
Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында аймаққа инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталды.
2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 8 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдары кеңейтіліп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион дана қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады.
Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 562 гектарға дейін ұлғайтылады. Аймақ басшысы қызметке кіріскелі бері 40-тан астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Енді облыс Ресей және Қытаймен сауда байланысын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ инвесторлармен жұмысты күшейту мақсатында Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады. Бұл шаралар нәтижесінде 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 547 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге дейін артады деп күтілуде.
«Осы ретте алдағы аптада Қытайға іссапарға шығып, 1 миллиард 200 миллион АҚШ долларына инвестициялық және өңірдің кәсіпкерлерінің өнімдерін сату бойынша 15 меморандумдарға қол қоятын боламыз. Өңірдің дамуына инвестиция тарту – әрбір деңгейдегі әкімнің міндеті. Осыған орай Семей қаласында инвесторларға сүйемелдеу қызметін көрсететін «Инвесторлар үйі» ашылады», – деді аймақ басшысы.
Ауыл шаруашылығын дамыту моделі әзірленді
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында ауылшаруашылық саласындағы жобаларға тоқталды. Биыл облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 486 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103 пайызды құрады. Ірі қара мал саны 743 мың басқа жетіп, республика бойынша 3-орында тұр.
Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі моделі әзірленді. Ет кластерін құру, сүтті-тауарлы фермаларын салу, ет құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншіліктің әлеуеті сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл бағытта ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында 13 миллиард теңгеге ет комбинаты, бордақылау алаңдары, сүтті тауарлы фермалары, су үнемдеу технологиялары, қой шаруашылығы, тауарлы балық өсіру жобалары іске асырылуда. Аталған бастамаларды қолдау үшін 13 млрд теңгеге жобалар қаржыландырылып, жыл соңына дейін қосымша 8 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.
Ет кластерін дамыту аясында Жаңасемей ауданы Шақаман ауылында «ЕвразияАгроСемей» ЖШС тәулігіне 35 тонна ет өңдейтін кешеннің құрылысы басталды. Мұнда жылына 12,6 мың тонна ет өнімдері шығарылып, 7 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы дайындалған.
«Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің азық-түлікпен қамтылуына үлес қосады. Осы бағытта жұмысты жалғастырып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді облыс әкімі.
75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл жөнделетін 11 мектеп қатарында Аягөз, Үржар, Семей, Жаңасемей, Бесқарағай аудандарының білім мекемелері бар. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы жиында айтты.
Сонымен қатар алдағы үш жылда 150 жаңа модификациялы кабинет пен заманауи интерактивті тақталар орнатылады. Биылдың өзінде 19 мектепке 55 кабинет, 68 мектепке 68 тақта сатып алынады. «Қазақстан халқына» қоры арқылы 33 ауыл мектебі заманауи кабинеттермен жабдықталады.
«Мектептерді күрделі жөндеуден өткізсек те, облыстың барлық мектептерінде оқушылар жабдығының тозығы мәселесі шешімін таппай отыр. Бұл мәселені де алдағы үш жылда кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Балалардың қосымша білім алуына жағдай жасау үшін Семей қаласында биыл оқушылар сарайының құрылысын аяқтаймыз», – деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1 200 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп ашылды. Биыл Аягөзде 600 орындық, Семей қаласының Шығыс кентінің оң жағалауында 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі.
Мектепке дейінгі білім беру тапшылығын шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2 мың орындық 8 балабақша салу жоспарланған. Қарағайлы ықшамауданында 320 орындық балабақша құрылысы басталды.
Алакөл жағалауы абаттандырылады
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында туризм өңір экономикасының маңызды бағытына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Туризм басқармасы құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынуда.
Биыл Қабанбай ауылындағы Алакөл жағалауын абаттандыру мен туристік аймақтың бас жоспарын өзгертуге 430 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар өңірдің тарихи, мәдени нысандарының инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамытылады. Олардың қатарында Барлық-Арасан шипажайы, Абайдың Жидебай-Бөрілі музейі, Қоңыр-Әулие үңгірі, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу ескерткіші, Бесқарағайдағы Тұзды көл, Киелі бұлақ, Ырғызбай, Баянбай ата кесенелері және Елеке сазы қорғандары бар.
«Туристік әлеуетті арттыру мақсатында Семей, Аягөз, Шар қалаларының және Ақтоғай кентінің, Жалаңашкөл, Дегелен, Үшбиік, Жарма, Белағаш, Ауыл стансаларындағы теміржол вокзалдары жаңғыртылады. Қосымша әуе бағыттарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Семей – Астана – Семей бағытына «Южное-Небо» компаниясының рейсі іске қосылды, Семей – Қарағанды – Семей бағытын ашу көзделіп отыр. Нәтижесінде, облысқа келетін туристер саны 300 мың адамнан 600 мыңға жетіп, қызмет көрсету көлемі 5,3 млрд теңгеден 1,5 есеге артады», – деді облыс әкімі.
Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында Семейде Semey Mall сауда-ойын-сауық орталығы мен PANA қонақүй кешенінің құрылысы басталады.
Семейде жаңа ықшамауданы құрылады
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы дамуына арналған жиында осындай жаңалықты жеткізді.
Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа ауданда 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтеретін болады. Жоба аясында жастар сарайы, Жекпе-жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланған.
«Шаһардың солтүстік бөлігінде орналасқан жер көлемі мың гектардан асатын ықшам тиімді көліктік дәліздерімен, ыңғайлы географиялық орналасумен ерекшеленеді. «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватына жақын тұрғандықтан, осы экологиялық жасыл аймаққа тоқтадық. Мұнда жасыл желекті көптеп отырғызуға баса мән беріледі, тұрғындарға жайлы саябақтар салынады. Бұл ықшамауданда Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» республикалық акция аясында ұлы Абайдың 180 жылдығына орай еліміздің өзге өңірлері сыйға тартатын маңызды әлеуметтік, мәдени нысандар бой көтеретін болады. Ұзақ мерзімге бағытталған жобаны жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін береді, жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы, оның ішінде жеке инвестиция көлемі артады», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Семейдің басқа аудандары назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Шаһардың бос аумақтарына облыстық көпсалалы аурухана, театр сынды маңызды әлеуметтік нысандар салынады.
Жаңа мәдени нысандар салынады
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында аймақтың мәдениет және спорт саласында іске асырылатын жобалар туралы айтты.
Семейде 530 орындық жалғыз театр үш ұжымға бірдей қызмет етеді. Бұл мәселе Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан да көтерілді.
Филармония ғимараты 1991 жылдан бері жөнделмеген, Абай атындағы кітапхана 1974 жылғы ғимаратта орналасқан. Мәдениет нысандарының жағдайын жақсарту үшін биыл бірқатар жоба қолға алынады. Абай ауданындағы мәдениет үйінің жабдықтары жаңартылады, Бородулиха ауданының Камышенка ауылында клуб салынады. Мақаншыдағы «Інжу-маржан» ансамбліне музыкалық аспаптар алынады, Бесқарағай ауданындағы Беген ауылында, Глуховка және Ерназар ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысы басталады.
«Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің өзге өңірлері Семей қаласында музыкалық мектеп, облыстық орталық кітапхана, шығармашылық сарайы, өлкетану музейі, көрме орталығы және амфитеатр салатын болады», – деді аймақ басшысы.
Аймақта спорт саласына да ерекше ден қойылған. Аудандарда жүзу бассейні, модульдік спорт залы, денешынықтыру-сауықтыру кешені сияқты бірқатар нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Водный және Бобровка кенттерінде спорт кешендерінің іргетасы қаланды.
Мейір ЖАСЫН