Таяуда үш айға созылған Алматы қаласы жастарының Jas Gala шығармашылық фестивалі жеңімпаздары анықталды.
Таланттар танылған кеш
309
оқылды

Қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен өткен бұл сайыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Жұмысшы жастар жылына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Н. Тлендиевтің 100 жылдығына және Ш. Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналды.

Биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған іс-шара вокал, хореография, мобило­графия, аспапта орындау, театр бағыт­тарын қамтиды. Одан өзге фес­тиваль аясында қатысушылардың қабілетін шың­дап, тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сабақтары мен арнайы мотивациялық кездесулер ұйымдас­тырылған. Осы жылы байқауда Алматы қаласының ЖОО және кол­ледждерінен 2 800-ге жуық студент бағын сынады. 

– Jas Gala – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін, Алматы қаласының жалынды жастары жиналатын дода. Биылғы фестивальға қаламыздың 35 жоғары оқу орнынан, оның ішінде техникалық, педагогикалық бағытта білім алушылар, сондай-ақ колледж студенттері қатысты. Бұл – қатысушы­лардың тек шығарма­шылығын  емес, зияткерлік қабілетін шыңдайтын жоба. Келешекте студенттік көктем фестивалін республикалық ауқымда өткізгіміз келеді, – деді «Алматы студенттер Альянсы» КҚ төрағасы Айболат Сембиев.

 «Театр» бағыты бойынша жүлделі 1-орынды иеленген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің «Қағанат» әдеби-шығар­ма­шы­лық одағы фестивальға авторлық қойылымын ұсынды. Кейіпкеріміздің сөзінше, әдеби-шығармашылық одақ өз жұмысын 2024 жылдың қазан ай­ында бастаған. Актерлік құрамның мүшесі Сәулет Нұршапағат гала-концерт аяқ­талғаннан кейін бізге қойылымның идея­сы туралы әңгімелеп берді. 

– Бұл фестиваль – еңбек жолымызды бастаған уақыттан бері қалалық деңгейде қатысып отырған алғашқы жобамыз. Фестивальға ұсынған авторлық спектакль­ді қоюға шамамен екі апта уақытымызды арнадық. Біз қазылар алқасы мен көрер­меннің спектакль арқылы берілген сим­воликаларымыз бен идеямызды түсінгеніне қуаныш­тымыз. Спектакльдің негізгі мәні мен мақсаты – әлемдік індет­тердің бетін ашып беру, олардың негізі қайдан шы­ғатынын көрсету. Мәселен, спек­такльде Педо және кішкентай Филия есімді кейіп­кер бар. Спектакль бары­сында екі кейіпкер педофилияның кейпін ашады – деді Сәулет Нұр­шапағат.

 Jas Gala – бұл жай ғана қатысу­шы­лардың өнерін сарапқа салатын алаң ғана емес,  жастардың арманы мен үміті тоғысқан, идея мен шабытқа толы орта. Мыңдаған студенттің басын қосқан жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы