Соңғы айларда ел ішінде азық-түлік бағасының өсуі қарапайым халықты алаңдатып отыр. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, күнделікті тұтынылатын өнімдердің – картоп, көкөніс, ұн мен еттің – бағасы күрт көтерілді. Бұл тек базардағы жағдай ғана емес, елдегі экономикалық, әлеуметтік ахуалдың да көрсеткіші.
Баға неге көтерілді?
Біріншіден, маусымдық фактор мен логистикалық қиындықтар – азық-түлік нарығындағы ең негізгі себептердің бірі. Көктем мен жаз мезгілінде өнімдердің бағасы уақытша өсіп отыратыны белгілі. Бірақ биылғы өсім әдеттегі көрсеткіштен жоғары болды. Картоп, мысалы, бір ай ішінде 18%-ға жуық қымбаттап кеткен.
Екіншіден, импортқа тәуелділік – ішкі нарықты тұрақсыздандырып тұр. Соңғы мәліметтер бойынша, кейбір өнімдер Ресейден үлкен көлемде әкелініп жатыр. Бұл – отандық өндірістің кей тұстарда бәсеңдеп қалғанын аңғартады.
Үшіншіден, тасымалдау шығындары мен делдалдардың үлесі де бағаның өсуіне әсер етеді. Өндіруші мен тұтынушы арасындағы арақашықтық тым ұзақ – бұл өнімнің өзіндік құнын арттырады. Сарапшылардың айтуынша, кейде өнім бағасының 30–40%-ы тек тасымал мен қойма шығындарына кетеді.
Не істеліп жатыр?
Үкімет бұл жағдайды бақылауда ұстауға тырысып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға қою, тұрақтандыру қорларын пайдалану, жәрмеңкелер ұйымдастыру сынды шаралар қолға алынды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге берілетін субсидия көлемі де қайта қарастырылуда.
Экономист мамандар мен ауыл шаруашылығы сарапшылары жаздың екінші жартысынан бастап баға тұрақтанады деген болжам айтып отыр. Себебі маусымдық өнімдер пісіп, ішкі нарыққа көлемді түрде шығарыла бастайды. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде көкөніс сақтау қоймалары мен логистикалық орталықтар ашылуда – бұл да болашақта бағаны тұрақтандыруға сеп болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз