Жыл сайын көктем келе Қаратау алқызыл кілемге оранып, туристер мен тұрғындардың қызығушылығын арттыратыны белгілі. Биыл да Табиғат-Ананың осынау көрінісі ерекше әсер сыйлап, фестивальге келушілерге керемет көңіл күй сыйлады.
Жалпы, Жамбыл облысы қызғалдақтардың түрлері бойынша елімізде көш бастайды. Өңірде гүлдің 18 түрі өсетін болса, 10-ы Қызыл кітапқа енген. Халықаралық фестивальдің Жамбыл жерінде өтуі сонысымен де құнды.
Ауқымды шараға облыс тұрғындары ғана емес, Германия, Украина, Қырғызстан, Нидерланды, Ресей, Қытай, Түркия және Үндістан елінен келген қонақтар қатысты. Сонымен бірге экожүйелер бойынша сарапшылар, ЮНЕСКО, консулдық және дипломатиялық корпустардың өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен министрлік мамандары да фестивальдің басы-қасынан табылды.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев шараның ашылу салтанатында фестивальдің экологиялық мақсат-мұратына айрықша тоқталды. Сондай-ақ мұндай шаралар табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастырып, туған өлкенің табиғи мұрасына деген қызығушылықты арттыратынын баса айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризмнің барлық түрін экологиядан бизнеске дейін дамытуға кең мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Осы орайда бүгінгі шара өңіріміздегі туризмнің дамуына тың серпін береді деп сеніммен айтуға болады.
Қызғалдақ – ұлттық мақтаныш пен мәдени мұраның символы. Қызғалдақ гүлі қазақ даласынан бастау алып, дүниежүзіне тара-лып, ол голландиялық бақтарды қоса алғанда, әлемдік саябақтар-дың сәніне айналды. Бұл – туған жеріміздің ұлылығы мен байлығы-ның жарқын көрінісі, – деді аймақ басшысы.
Фестиваль аясында жамбылдық қолөнершілер 200 шаршы метрлік киіз басып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енді. Үш айда дайындалған шеберлердің туындысы шетелдік қонақтар мен қолөнершілерді таңғалдырды.
– Қазақ халқы үшін киіздің орны айрықша. Ақпан айының ортасында өңірдегі бес қолөнерші ассоциацияның 100 мүшесі бірігіп, бұл іске жұмылды. Шығармашылық топ күн-түн демей еңбек етіп, қызғалдақ бейнесі бедерленген бірегей бұйымды жасап шығарды. Киіздегі өрнектерді белгілі дизайнер Айдархан Қалиев таңдады, – дейді Qoloner Taraz қоғам-дық бірлестігінің төрағасы Раушан Құндызбаева.
Ісмерлер киіз басудың дәстүрлі ылғалды әдісін қолданып, жергілікті табиғи шикізатты пайдаланған.
Рекордтар кітабына енген қолөнершілердің киізі енді арнайы шынымен қапталып, халықаралық «Әулие-Ата» әуежайына табыс етілмек.
– Бұл игілікті бастама мәдени мұрамызды сақтап қана қоймай, оны халықаралық деңгейде насихаттауға зор ықпал етеді, – дейді Раушан Құндызбаева.
Фестивальде «Қымызмұрындық» рәсімі аясында бие сауушылар жарысы да өтті. «Қазық қағу», «бие байлау» дәстүрлері дәріптеліп, «Қымыз ашыту» бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қымыз көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.
Фестивальде ұлттық спорт түрлерінен өткен дүбірлі додалар жанкүйерлердің делебесін қоздырды. 300-ге жуық қатысушы аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, жілік шағу, дәстүрлі садақ ату, асық ату, арқан тарту және желке тарту секілді спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бәсекенің бірі – құмай тазы жарысы болды. Сайыс ережесіне сай төрешілер ең жылдам әрі шапшаң тазыларды анықтап, үздіктерді марапаттады. Тазылар сайысы шетелдік қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Фестиваль көрігін көкпар додасы да қыздыра түсті. Тұлпарлар дүбірі мен шабандоздар сайысы ұлттық рухты асқақтатты.
Сондай-ақ шара аясында ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 150 ісмердің жүннен жасалған киімдер, қыз жасаулары, тұрмыстық бұйымдар мен қолмен тоқылған ойыншықтар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме қазақ қолөнерінің беделі мен шеберлердің талантын танытқаны анық.
Шарада қазақ ою-өрнегі мен қызғалдақ символикасы бейнеленген сән көрсетілімі басты оқиғалардың бірі болды. Дизайнерлердің өнімдері қызғалдақтың табиғатта ғана емес, сонымен бірге аймақтың мәдениетінде де терең тамыр жайғанын тағы бір рет дәлелдеді.
– Бүгінгі шара маған үлкен әсер сыйлады. Жамбыл облысының қызғалдақтары – Қазақстан мен Нидерланды арасындағы мәдени көпір. Тарих, дәстүр және табиғатқа деген сүйіспеншілік елдерімізді қалай байланыстыратынын көріп отырмыз. Мұндай бастамалар ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді, – дейді Нидерланд Корольдігі Елшілігінің ауыл шаруашылығы кеңесшісі Ари Велдхаузен.
«Қызғалдақ мұра» фестивалі Жамбыл облысының бірегей табиғи мұрасын сақтау үшін маңызды оқиғаға айналғаны анық. Әсіресе, Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу және Кіші Қаратау аумағында геопарк ашу ұсыныстары ерекше қолдау тапты. Бұл жоба болашақта Қаратауды экотуризм орталығына айналдыра отырып, табиғи ресурстарды сақтауға ғана емес, өңірдің дамуына да ықпал ететіні айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы