Енді жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар оқып, біліктілігін растайтын сертификат алады.
Жетім балаларға арналған тәлімгерлер үшін міндетті сертификаттау енгізілді
Фото: istockphoto
404
оқылды

Оқу-ағарту министрлігі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар үшін міндетті оқытуды енгізетін бұйрық шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрлікке сілтеме жасап. 

Оқу курсын аяқтағаннан кейін, тәлімгерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі.

Оқытуды тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдар жүргізеді. Кандидаттар жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курсты аяқтаған соң тестілеу өткізіледі, оны сәтті тапсырған азаматтарға сертификат беріледі.

«Тәлімгерлерді міндетті сертификаттау – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы қолдау көрсетуді қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Дайындықтан өткен тәлімгерлер балалардың әлеуметтенуіне және ересек өмірге дайындығына тиімді көмектесе алады деп сенеміз», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Тәлімгер болуға үміткер – ҚР кәмелетке толған азаматы, қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Тәлімгерлік қызмет ақысыз түрде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Еске салсақ, Қазақстанда тәлімгерлік институты 2024 жылы енгізілген болатын. Оның мақсаты – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсету. Бұл механизм тәрбиеленушілерді өз бетінше өмір сүруге дайындауға ықпал етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.