Жуырда «AMANAT» партиясы депутаттарының бастамасымен әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі жобасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қатар кітап басып шығару ісін қосымша құн салығынан (ҚҚС) босату көзделіп отырғаны айтылды. Қазақстанда қағаз, бояу, желім сияқты негізгі материалдың құны өсіп қана қоймай, кітапты басып шығаруға да 12 пайыздық ҚҚС жүктеліп келгендіктен, кітап бизнесінде айтарлықтай пайда тауып жатқан баспа аз. Сонымен қатар оған әлеуметтің кітап оқуға деген «қызығушылығын» қосыңыз. Әрине, баспалар салықтан босағанымен, асып-тасып байып кете қоймас. Әйтсе де кітап саласындағы кез келген жеңілдік қазір ауадай қажет-ақ. Бірақ бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар. Баспаханалар мен кітапқа қажетті өнімдерді жеткізетін кәсіп түрлері де салықтан босай ма? Бұл жағы әлі белгісіз. Ал Үкімет ұсынуы мүмкін жеңілдік бұл тығырықты тарқатып, әдеби нарықты жандандыра ма? Осы сұрақтар төңірегінде Aikyn.kz сайты еліміздегі ең беделді баспаның жетекшілерімен сөйлесіп, шағын дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Aikyn.kz сайты: Жаңа Салық кодексі бойынша кітап басып шығару ісі ҚҚС-тан босатылса, бұл ең алдымен сіздің баспаға қалай ықпал етеді?
Арман Әлменбет, Muqaba баспасының басшысы:
– Қосымша құн салығынан босатылсақ, бес-ойын тиын қалтамызда қалады. Ол – әрине, бізге үлкен көмек. Дегенмен менің осы жерде бірнеше мәселеге алаңым бар. Біріншіден, қосымша құн салығынан барлық баспа мен баспаханалар босатыла ма? Онда мемлекет жыл сайын оқулыққа көп ақша бөледі, енді оларды салықтан да босатып, екі есе жарылқай ма? Осы жері түсініксіз. Одан соң, заңды тұлғаны баспа деп тіркеп, бірақ басқа да кәсіп түрлерімен айналысып кететіндер көбеймей ме? Мен бұрын сатылған кітаптарға субсидия төленсе деген ұсыныс айтып едім, сол біршама тиімді болар еді. Бірақ ол – алдын ала болжауға келмейтін жүйе. ҚҚС-тан босату оңайлау жолы болса керек.
Раиса Сайран Қадыр, Steppe & World баспа үйінің директоры:
– Біз баспа саласында соңғы жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз, яғни 2018 жылы алғаш кітабымыз шыққан. Содан бері балаларға арналған кітаптар ұсынып келеміз. Кішкентайынан бастап, ірі форматтағы кітаптарға дейін бәрін ағылшын, неміс, француз, итальян, түрік, қытай тілдерінен қазақшаға тікелей аударып келе жатырмыз. Ең біріншіден, жалпы индустрия бойынша Steppe & World баспасы қаламақысын өте жоғары көлемде төлейді. Яғни редакторларымыз, аудармашыларымыз, корректорларымыз өте жақсы жалақы алады. Ол – бір. Сосын көбі штаттық режимде жұмыс істейді. Мен олардың салығын толық төлеймін. Бәрін уақытылы өтейміз. Сол себепті де басқа баспа үйлерімен салыстырғанда, біздің кітаптарымыздың құны жоғары. Мұны оқырмандарымыз да жиі айтады. Демек онсыз да біздің кітаптарымыз қымбат деген сөз. Және ол қазір инфляция салдарынан, шығыстардың бәрі қосылған соң тағы өсіп келеді. Неге десеңіз, бұл жерде біздің тұрақты штаттағы адамдардың шығыны бір фактор болса, екінші фактор – қағаздың және типографиядағы кітапты басып беру құнының жоғары екені. Қағаз Қытай мен Ресейден келеді. Сондықтан ол жақтан бәрібір салық қосылған күйде түседі. Типография сол қағазды ҚҚС құны қосылған күйде біреуден сатып алады. Одан кейін өз қызметін көрсетеді. Содан соң барып, кітап өнім болып шыққанда, оның үстіне тағы 12 пайыз ҚҚС қосылады. Сонымен олар бізге сатады, біз енді өзіміздің барлық шығынымызды есептейміз. Әрі қарай тағы 12 пайыз салық қосылады.
Бағдат Болатұлы Құдияр, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры:
– Енді сіз ойлаңыз, қосымша құн салығы дегеніміз – 12 пайыз. Біз өткенде есептедік: егер осы салықты төлемесек, бір жылда шығаруға кезекте тұрған қаншама кітапты басып шығаруға болады деп қалдық. Бірінші кезекте бұл кітаптың арзандауына ықпал етеді. Кітап арзан сатылады, демек кітап қолжетімді болады. Басқа баспаларды білмеймін, біздің баспа үстінен аз пайда көрсек те, кітаптың бағасын барынша қолжетімді етуді қадағалаймыз. Егер ҚҚС-пен төлеуге мәжбүр болсақ, бір жылда шығатын кітаптардың бір бөлігін сол салыққа жібереміз; босатқан жағдайда сол қаражатқа тағы да кітап шығарамыз.
Aikyn.kz сайты: Баспа материалдарының сапасын арттыруға қосымша қаржы бөлесіздер ме?
Арман Әлменбет, Muqaba баспасының басшысы:
– Баспада қалған ақша ең бірінші баспагердің өзіне керек. Бізде кейінгі бірнеше жылда қағаз, сия, желім деген сияқты дүниелер қымбаттап кетті. Кітапты шығаруға кететін шығын көбейді. Бірақ кітаптың сөредегі бағасы олай қымбаттаған жоқ. Сондықтан пайда азайып қалған. Баспагер өзі пайда таппаса, онда жұмыс істегісі келмейді. Бір күні баспасын жауып тынады. Ең үлкен қауіп сол негізі. Алдымен баспагердің көңіл күйі жақсы болса, одан кейін жаңа кітап шығару, оны жақсы етіп шығару туралы ойлай бастайды. Ол үшін оған жақсы мамандар керек болады. Жақсы мамандарды ұстап тұру үшін олардың да ақысын көбейтеді дегендей ғой.
Раиса Сайран Қадыр, Steppe & World баспа үйінің директоры:
– Иә, біз үнемі кітаптың сапасына қатты мән береміз. Бұл жерде мынадай үлкен мәселе бар. Тираж көбейген сайын кітаптың бағасы сәл арзандай түседі. Яғни біз үшін 500 дана не 1000 дана кітап шығару тиімсіз, өйткені кітаптың құны қымбат болады. Ал бізде кітап оқу мәдениеті әлі жақсы қалыптаспағандықтан, кітаптың қымбат болғаны оқырманға ұнай қоймайды. Біз қазір кітап индустриясының ең алғашқы кезеңінде жүрміз.
Бағдат Болатұлы Құдияр, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры:
– Жалпы біздің кітаптарды қарасаңыз, қатты мұқабамен шықпайды. Барынша қолжетімділікті, тасымалдауға ыңғайлылықты, өзіңмен бірге алып жүріп оқуға қолайлы болуын қарастырамыз. Ішкі мазмұнына көп көңіл бөлеміз. Біз көбіне аудармамен жұмыс істемейміз, өзіміз жазамыз, өзіміз шығарамыз. Біздің авторлар – өзіміздікі.
Aikyn.kz сайты: Aikyn.kz сайты: Жалпы кітап басып шығару ісін ҚҚС-тан босатуды дұрыс деп санайсыз ба? Дұрыс десеңіз, не үшін?
Арман Әлменбет, Muqaba баспасының басшысы:
– Штаттық режимге көшіруді енді бастап жатырмыз. Қаламақы емес, айлық төлеу үшін салықтарды төлеу керек, жұмыс бар кезде де, жоқ кезде жалақыны үзбеу керек болады, сондай қиындықтарға төтеп беру үшін баспада ақша көп болуы керек. Қосымша құн салығынан босату осыған да себеп болады, әрине.
Раиса Сайран Қадыр, Steppe & World баспа үйінің директоры:
– Жаңа Салық кодексі бойынша жақсы әңгіме жүріп жатыр. Бірақ менің ойымша, Қазақстанда басылып шыққан барлық кітап өніміне, типографиялардан бастап қағазға, бояуға, желімге дейін ҚҚС-ты алып тастау керек. Сонда ғана шын жеңілдік сезіледі.
Әрине, кітаптың бағасынан ҚҚС алып тастаған кезде аз да болса жеңілдік болады деп ойлаймын, өйткені соңғы есепте бәрі тұтынушының қалтасынан шығады. Одан кейін біз кітаптарымызды Kaspi сияқты маркетплейс платформаларда сатамыз, олардың сатуы үшін 15 пайыз ұсталып қалады, жеткізу қызметі тағы бірнеше пайыз. Біз шағын Жеке Кәсіпкер емеспіз, ЖШС ретінде жалпы салық төлейміз. Соның бәрі қосылғаннан кейін кітап қымбат шығады. Екіншіден, кітаптан көп пайда көрмейміз, себебі нақты пайда тиражды 10 мыңдап шығарғанда ғана келеді. Ал сол 10 мың тираж шығып, толық сатылуы үшін нарықта сатылатын орын көп болуы қажет. Еліміздегі ең ірі супермаркеттердің ішінде арнаулы кітап бұрышы болуға тиіс. Сол кезде адамдар азық-түлік ала жүріп кітапты да көреді, сосын оны қолжетімді бағамен алады, осылайша тираж да тез таусылады.
Бағдат Болатұлы Құдияр, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры:
– ҚҚС-тан босату кітаптың арзандауына, қолжетімді болуына тікелей әсер етеді. Қолымыздағы бар қаражатқа 1000 дана кітап шығаратын болсақ, егер ҚҚС-тан босатса, 1500-2000 дана кітап шығаруға мүмкіндік туады.
Aikyn.kz сайты: Қазір біраз баспа белгілі бір шығарманы аударғанда немесе жазған кезде штаттан тыс қызметке жүгінеді. Ал сіздің баспада автор, аудармашы, редактор, корректорлар штаттық режимде тұрақты жұмыс істей ме? Және олардың жалақысын көтеру ойда бар ма?
Бағдат Болатұлы Құдияр, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры:
– Әртүрлі жағдайға байланысты, негізі барлық маман өзімізде бар: дизайнер де, редактор да, корректор да. Жалақысы уақытылы, ойдағыдай төленіп жүр. ҚҚС-тан босатылса, осы жүйедегі тұрақтылықты сақтап, жаңа жобаларға да қаржы табылар еді.
Раиса Сайран Қадыр, Steppe & World баспа үйінің директоры:
– Бұл жерде аудармашылардың қаламақысын көтеру мәселесінен бұрын, алдымен кітапты халыққа қолжетімді ету маңызды. Бірақ кітапты тым арзан қылуға да болмайды. Жұрт ітаптың қадірін білу керек. Кітап мол болуы үшін кітапханаларда көп кітап болуы, кітапханашылар сауатты болуы, кітап сатқысы келетіндердің саны артуы қажет. Бізде шын көңілмен кітап сататындарға жақсы қолдау болса деймін.
Басқа баспа үйлерінің қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Біз авторлық құқықты шетелден сатып аламыз, өйткені миссиямыз – шетел әдебиетін қазақ тіліне аударып, қазақ балаларын, қазақ жастарын ана тілінде әлемдік классикамен таныстыру. Қазір кітап дүкендеріндегі өнімнің 90 пайызы орысша. Жастар шетел әдебиетін орыс тілі арқылы танып келеді. Біздің мақсат – шетел әдебиетін тікелей қазақ тілінде оқыту.
Баспада қалған ақша ең алдымен қандай мақсатқа жұмсалады?
Баспагер, Muqaba баспасының басшысы Арман Әлменбеттің айтуынша, кітап бизнесіндегі қаржы ең әуелі материалдық шығынды толық жабуға жұмсалады, содан кейін сапаға, кадрға, жаңа жобаға бағытталады. «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры Бағдат Құдияр болса, кітап басып шығару ісіне келгенде, бірінші тиражды өсіру мен бағаны төмендету, одан кейін қолжетімділікті сақтау принципін ұстанатынын айтады. Ал Steppe & World баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадыр кітап құнын түсіре беруге болмайтынын ескертіп, өзі жетекшілік ететін баспа үйі ең бастысы сапа мен қазақ контентіне қызмет ете беретінін жеткізді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, біз сөзге тартқан елдегі ең жетекші үш баспаның да басшылары кітап басып шығару ісін ҚҚС-тан босатуды бірауыздан құптайды. Бірақ көзделген нәтижеге жету үшін бірыңғай шарт қажет. Ол – салықтан босатуды қағаздан, бояудан, желімнен бастап, соңғы өнімге дейін ұстану және саланы адал қадағалау. Сонда ғана кітап бағасы шын мәнінде төмендеп, тираж ұлғайып, қазақ оқырманы көптен күткен кітаптарға оңай қол жеткізе алады. Ал баспа индустриясы еркін тыныс алса, авторлар мен аудармашылардың еңбегі де әділ бағаланбақ.