Бұндай органикалық қосылыстың денсаулыққа пайдалы екенін көп адам білмейді. Оның денсаулық үшін өмірлік маңызы аса жоғары. Танысыңыз – холин.
Холинді көп тұтынған аналардан туған балаларда ақпаратты өңдеу жылдамдығы жоғары
Холинді көп қабылдаған аналардан туған балаларда ақпаратты өңдеу жылдамдығы жоғары. Фото nurseryworld.co.uk сайтынан алынды
841
оқылды

BBC News жариялаған зерттеу мақаласына сүйенген Aikyn.kz, ғажайып қоректік зат аталған холиннің пайдасын түсіндіреді.

Холинді жеткілікті мөлшерде тұтыну когнитивті функцияларды жақсартады. Фото wallpapers.com сайтынан алынды

Когнитивті қабілеттерді жақсартуға және мазасыздықты азайтуға ықпал ететін қосылыс туралы білесіз бе? Сіздің ағзаңызда оның жеткілікті мөлшері бар ма? 

Сіз бұрын холин туралы естімеген болуыңыз мүмкін. Бірақ зерттеулер бұл қосылыстың адам денсаулығы үшін аса маңызды екенін көрсетуде.

Холин – дәрумен де, минерал да емес. Бұл – адамның жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін өмірлік маңызы бар органикалық қосылыс. Холинді жеткілікті мөлшерде тұтыну когнитивті функцияларды жақсартудан бастап, нейро-дамудың бұзылуы, назар тапшылығы синдромы мен гиперактивтілік (НТГС), дислексия сияқты жағдайлардан қорғауға көмектеседі.

Бұл зат сондай-ақ адамның жүйке жүйесінің дамуында маңызды рөл атқарады. Бір зерттеуде жүктілік кезінде холин қоспаларын қабылдаған аналардан туған балаларда ақпаратты өңдеу жылдамдығы жоғары болған, бұл  когнитивтік денсаулықтың бір өлшемі.

Ғалымдар холинді «ғажайып қоректік зат» деп атайды, бірақ оны жиі бағаламай жатады. Ендеше, холин қайдан алынады және біз оны жеткілікті мөлшерде тұтынып жүрміз бе?

Ғалымдар холинді «ғажайып қоректік зат» деп атайды. Иллюстрация issues.fr сайтынан алынды

«Адам ағзасындағы әрбір жасушада холин болады», – дейді АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласындағы Бруклин колледжінің денсаулық және тамақтану кафедрасының профессоры Сининь Цзян.

Холин – «маңызды» қоректік зат. Ол адам денсаулығы үшін қажет, бірақ оны біздің ағзамыз жеткілікті мөлшерде өзі өндірмейді. Сондықтан оны тағам арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл тұрғыда ол омега-3 майлы қышқылдарына ұқсайды, бірақ іс жүзінде B дәрумендерімен тығыз байланысты. Бұл туралы Nutritional Insight консалтинг компаниясының негізін қалаушысы және ғылыми сарапшысы Эмма Дербишир айтады.

Холин көбінесе жануар текті өнімдерде: сиыр еті, жұмыртқа, балық, тауық еті және сүтте кездеседі. Сонымен қатар жержаңғақ, бұршақ, саңырауқұлақтар мен брокколи секілді көкөністерде де бар, бірақ өсімдік тектес өнімдерде оның мөлшері аз болады. Холин бауыр қызметін қоса алғанда, ағзаның көптеген функцияларына қажет. Оның жетіспеушігі бірқатар мәселеге әкелуі мүмкін.

«Холин бауырдан майды шығарып тастауға көмектеседі. Егер ол жетіспесе, бауырда май жиналып, майлы гепатоз дамуы мүмкін», – дейді Цзян.

Холин сондай-ақ фосфолипидтерді – жасуша қабықшасының негізгі құрамдастарын – синтездеуге көмектеседі. Холиннің жетіспеушілігі жасушалардың бөліну процесіне қатысатын гендердің экспрессиясына әсер етуі мүмкін. Эмбрион дамуы кезінде холиннің жетіспеушілігі ми жасушаларының өсуін тежейді.

Холинді көп тұтынған аналардың балалары жады тестілерінен жоғары ұпай алған. Фото incredibleegg.org сайтынан алынды

Эмма Дербиширдің айтуынша, холин – бұл ең алдымен «мидың қорегі». Ол ацетилхолин атты нейротрансмиттерді (химиялық хабаршы) өндіру үшін қажет. Бұл зат мидың денеге жүйке арқылы сигнал беруін қамтамасыз етеді. Ацетилхолин – есте сақтау, ойлау және үйрену процестеріне қажетті маңызды нейромедиатор.

36-дан 83 жасқа дейінгі 1 400-ге жуық адам қатысқан зерттеуде холинді көп тұтынған адамдарда жадтың қабілеті жақсы  екені анықталған. Орта жаста холинді жеткілікті мөлшерде тұтыну миды қорғауға көмектеседі. Ал холиннің жетіспеушілігі альцгеймер және паркинсон сияқты нейродегенеративті аурулармен де байланысты.

Холин психикалық денсаулыққа да әсер етуі мүмкін. Бір зерттеу холинді көбірек тұтыну мазасыздық деңгейінің төмендеуімен байланысты екенін көрсеткен. Басқа зерттеулерде оның жеткілікті мөлшері депрессия қаупін азайтуымен де байланыстырылған. Сондай-ақ  холин жүрек-қан тамырлары және сүйек саулығы үшін де пайдалы. Зерттеулер оның қандағы гомоцистеин деңгейін төмендетуге көмектесетінін анықтаған. Бұл аминқышқылы жүрек аурулары мен остеопороз қаупін арттыруы мүмкін.

Сәбидің өміріндегі алғашқы екі жыл – оның дамуы үшін шешуші кезең. Жүктілік пен бала емізу кезіндегі ананың тамақтануы – осы кезеңдегі басты факторлардың бірі.

Зерттеулер холин жатыр ішіндегі дамуда шешуші рөл атқаратынын көрсеткен. Шын мәнінде, жаңа туған нәрестенің ағзасында анасына қарағанда үш есе көп холин болады,  бұл оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Жүктіліктің екінші триместрінде холинді көп тұтынған аналардың балалары 7 жасында жады тестілерінен жоғары ұпай алған. Кейбір зерттеулер ананың жүктілік кезінде холинді жеткіліксіз тұтынуы баланың НТГС дамуымен байланысты болуы мүмкін екенін де айтады.

Америкалық ересектердің 11%-ы ғана ұсынылған норманы орындайтыны анықталған. Иллюстрация issues.fr сайтынан алынды

Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі (EFSA) ересектер үшін күніне 400 мг холин тұтынуды, жүкті және бала емізетін әйелдерге 520 мг тұтынуды ұсынады. АҚШ-та 1998 жылдан бастап холинге арналған тәуліктік тұтыну нормасы ерлер мен әйелдер үшін 550 мг деп белгіленген.

Бір жұмыртқада шамамен 150 мг холин бар, тауықтың төсінде – 72 мг, ал бір уыс жержаңғақта – шамамен 24 мг.

2017 жылы Америкалық медицина қауымдастығы (AMA) пренаталдық дәрумендік қоспалар құрамында холиннің орынды мөлшері болуы керек екенін ұсынған. Зерттеулер көрсеткендей, көптеген адамдар холинді жеткілікті мөлшерде тұтынбайды. Мысалы, бір зерттеуде америкалық ересектердің 11%-ы ғана ұсынылған норманы орындайтыны анықталған.

Мына әзіл видеода холин жетіспеушілігі тұспалдап айтылған сияқты. Бағалап көріңіз:

Жұмыртқа – холинге ең бай тағам көздерінің бірі. Сондықтан веган диетасын ұстанушылар жеткілікті холин ала алмайды. Дегенмен өсімдік тектес көздер де бар: 100 г тофуда – 28 мг, жержаңғақ майында – 61-66 мг, ал соя бұршағында – 120 мг.

EFSA ұсынған 400 мг холинді күніне тұтыну – дұрыс жоспарланған тамақтану арқылы мүмкін. Ал холин мен сүйек денсаулығын зерттеген норвегиялық ғалымдар, холин тапшылығы алаңдаушылық туғызса, күнделікті қоспа қабылдауға болатынын айтады. Сонымен қатар генетикалық ерекшеліктерге байланысты кейбір адамдарға холин көбірек қажет болуы мүмкін.

Ал сіз холинді жеткілікті мөлшерде қабылдайсыз ба? Күнделікті ас мәзіріңізде холиннің қажетті мөлшері болуын қадағалаңыз. Әсіресе, болашақ аналарға жұмыртқа, бауыр, балық, сүт өнімдері мен бұршақ тұқымдастарды күнделікті рационға қосуға кеңес береміз. Тағам құрамын қадағалап, әртүрлі әрі теңгерімді тамақтану – өзіңіздің де, болашақ сәбиіңіздің де денсаулығының кепілі.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.