Financial Times жариялаған ақпаратқа сілтеме жасаған Aikyn.kz көліктерде орнатылған сенсорлардан әскери шенеуніктер неге қорқатынын түсіндіреді.
Көліктің басқару жүйесі, ішкі диагностика немесе жүргізушіге көмектесетін сенсорлар құпия ақпарат жинауы, қашықтан бақылау құралына айналуы мүмкін. Фото thestar.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Lillian Suwanrumpha
Электрлі көліктердегі сенсорлар барлау мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Ұлыбританияның құпия әскери нысандарының кейбірі электрлі көліктердің кіруіне шектеу қойып отыр. Бұған осы көліктерге орнатылған қытайлық технологиялар тыңшылық мақсатында қолданылуы мүмкін деген қауіп себеп болған.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері хабарлағандай, барлау қызметтері орналасқан Кембриджшир графтығындағы RAF Wyton әуе базасының қызметкерлеріне электрлі көліктерді база маңында қоймау жөнінде нұсқау берілген. Себебі көліктердегі сенсорлар қашықтан басқарылуы мүмкін.
Бұл база – көліктердің қозғалысына шектеу қойған көп әскери нысанның бірі ғана. Дегенмен министрлік қауіпсіздік себептеріне байланысты тағы қандай әскери бөлімдерде осындай тыйым салынғанын жариялаудан бас тартқан.
Өткен айда Қорғаныс министрі лорд Вернон Кокер парламентке: «Қытайда жасалған көліктердің қозғалысына қатысты орталықтандырылған саясат жоқ», – деп мәлімдеді. Алайда кейбір нысандарда ерекше ережелер қолданылатынын атап өтті.
«Біз қорғаныстың жекелеген бөлімдері кейбір нысандарда электрлі көліктерге қатысты қатаң талап қоя алатынын білеміз. Бірақ қауіпсіздік мақсатында нақты мәліметтер берілмейді. Біздің саясатымыз бен рәсімдеріміз барлық көлік түрлерінен төнетін ықтимал қауіптерді ескереді. Тыйым тек Қытайда жасалған көліктермен шектелмейді. Біз барлық жүргізушілер мен жолаушылар үшін тиісті ішкі нұсқаулар әзірледік», – деп, министр жазбаша мәлімде жасаған.
RAF Wyton әуе базасының қызметкерлеріне электрлі көліктерді база маңында қоймау жөнінде нұсқау берілген. Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: AirflowNZ каналы
Электромобильдердің басым бөлігінде Қытайда өндірілген бөлшектер бар. Өйткені Қытай аккумулятор және сенсор технологиялары саласындағы көшбасшылыққа ие. Аккумуляторды басқару жүйелері, ішкі диагностика немесе жүргізушіге көмектесетін сенсорлар құпия ақпарат жинау немесе қашықтан бақылау құралына айналуы мүмкін.
«Ұлттық қауіпсіздікті қорғау – біз атқаратын барлық істің негізі. Бізде құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ететін қатаң қауіпсіздік рәсімдері бар», – делінген қорғаныс ведомствосының ресми мәлімдемесінде.
Бұл шектеулер – Батыстың қытайлық технологияларға қатысты кеңінен таралған алаңдаушылығының бір бөлігі. Барлау қызметтері Қытайда жасалған кейбір жүйелер телеметрияны, геолокацияны және аудиожазбаларды жинау үшін пайдаланылуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Бұған дейін Ұлыбритания Huawei телекоммуникациялық компаниясының жабдықтарын үкімет ғимараттарынан алып тастауға және оның компоненттерін бүкіл ел бойынша 5G желісінен шығарып тастауға уәде берген.
Электрлі көліктер мен олардың жүргізушілері қандай құпия ақпаратпен таныс екені мына әзіл видеода:
Қазіргі заманғы көліктерді тыңшылық мақсатында қолдану мүмкіндігі туралы қауіп бұрыннан бар. 2021 жылы Қытай бірнеше камерамен жабдықталған Tesla көліктеріне әскери кешендерге кіруге тыйым салды. Қытайлық әскерилер де сенсорлардың барлау мәліметтерін жинау мүмкіндігінен қауіптенеді.
Осы жылдың басында Financial Times басылымы Қорғаныс министрлігінің қауіпсіздік нұсқаулығы жаңартылып, әскери қызметшілерге көліктерде немесе смарт құрылғылардың жанында маңызды тақырыптарды талқыламауды талап еткені белгілі болған.
Бұл саясат технологиялық құрылғының, көліктің түріне немесе шыққан еліне қарамастан барлығына бірдей қолданылады. Осы ақпаратты Ұлыбританияның бір шенеунігі: «Біз үкіметпен бірлесіп, «қосылған» көлік құралдарын енгізудің ықтимал салдарын зерттеуді жалғастырып жатырмыз», – деп нақтылаған.
Ақпараттық, технологиялық қауіпсіздікке жауап беретін Қазақ елінің құрылымдары да стратегиялық маңызы бар нысандарда қолданылатын технологияларды мұқият тексеруден өткізетіні анық. Дегенмен электромобильдер мен «ақылды» құрылғылардың сенсорлары арқылы мәліметтерді сыртқа шығару қаупі күшейе беретінін ескеріп, мемлекеттік қауіпсіздік стандарттарын күшейтуге де назар аудару қажет деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.