Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұйғарымын орындауға, атап айтқанда барлық құрылыс салушыларға «eQurylys» порталына тегін қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндеттелген соттың апелляциялық шешімі күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, құрылыс және нысандарды пайдалануға қабылдау сапасын бақылауды автоматтандыруды қамтамасыз ететін «eQurуlys» ақпараттық порталын Құрылыс және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы Комитеті 2018 жылдан бастап әзірлеген.
Құрылыс компаниялары бұл порталдан үлкен үміт күтті. Өйткені автоматтандыру қызметтердің ашықтығын арттырып қана қоймай, құрылысты аяқтау және тіркеу процесін жеңілдетіп, уақытты қысқартады.
Алайда, іске қосылғаннан бері «eQurуlys» платформасы ақылы платформаға айналды. Мысалы, сметалық құны 1 миллиард теңгеден аспайтын әрбір құрылыс нысаны үшін ай сайын 50 мың теңге, ал құны 1 миллиард теңгеден асатын нысан үшін 75 мың теңге, құны 10 миллиард теңгеге дейінгі нысандар үшін 100 мың теңге.
Құрылыс кем дегенде 6 айға, тіпті бір жылға созылатынын ескерсек, құрылыс салушы әр жаңа ғимарат үшін айтарлықтай соманы төлеуге мәжбүр болады.
«Атамекен» ҰКП бірнеше рет тарифтердің қалай орнатылғанын және порталдағы деректердің қауіпсіздігіне кім жауапты екенін анықтауға тырысты.
Ұлттық палата «еQurуlys» бағдарламасына қатысты мәселелерді сонау 2024 жылдың маусымында көтерген болатын, онда проблемаларға, соның ішінде қызмет көрсету ақысына назар аударылып, талқыланған. Бизнес мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаттары қолдады. Уәкілетті органның белсенді қатысуымен монополияға қарсы орган назарға алды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тиісті министрліктің «еQurуlys» порталына иелік ететін жеке компанияның пайдасына бәсекелестікке жатпайтын жағдайлар жасағанын анықтады. Осыған байланысты 2024 жылдың тамыз айынан бастап монополияға қарсы агенттік теңгерімсіздікті жоюды талап етіп отыр. Істі қарау барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жағына шешілген сот отырысы өтті. Соңғысының ұстанымын Бас Прокуратура да қолдады. Соған қарамастан, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өз көзқарасының дұрыстығын талап ете берді.
Бұл іс бойынша шағым 20 наурызда түсіп, 7 сәуірдегі жағдай бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұйғарымын орындауға, атап айтқанда, барлық құрылыс салушыларға «еQurуlys» порталына тегін кіруді қамтамасыз етуге міндетті болды.
Осылайша, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас Прокуратурамен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және салалық бірлестіктермен бірлескен күш-жігерінің арқасында қызмет үшін төлемді алып тастау бойынша нәтижелерге қол жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.