Цифрлық таңбалаудың экономика мен тұтынушылардың мүдделерін қорғауға тигізген әсері туралы «Tanba» Бірыңғай таңбалау операторы ақпараты негізінде Aikyn.kz сайты хабарлайды.
Жалпы бүкіл кезең ішінде Қазақстанда шамамен 140 миллион жұп аяқкиім, 5,4 миллиардтан астам темекі өнімдері және 325 миллионнан астам дәрілік заттар таңбаланды. Жалпы, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде шамамен 55,5 мың қатысушы тіркелген: аяқкиім бойынша – 4,5 мың, темекі өнімдері бойынша – 46 мыңнан астам, дәрілік заттар бойынша – 5 мыңға жуық.
«Таңбалау – Қазақстанда ашық және әділ нарықты қалыптастыруға бағытталған құрал. Ол өнімнің өндірушіден бастап түпкі тұтынушыға дейінгі барлық айналым кезеңдерін қадағалауға мүмкіндік береді. Әрбір тауарға бірегей сәйкестендіргіш беріледі, бұл оның бүкіл логистикалық үдеріс бойындағы қозғалысын дәл әрі тиімді бақылауға көмектеседі», – дейді Бірыңғай таңбалау операторының жобалық офисінің басқарушы директоры Алмат Исмаилов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда зергерлік бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, мотор майлары және сыра өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Жақында биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау пилоты іске қосылды, ал тұрмыстық химия мен медициналық бұйымдарға қатысты жобалар әзірлік кезеңінде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.