Батыс Қазақстан облысында қосымша 7 гидро бекет ашылды. Бұл көктемгі су тасқынына уақытылы болжам жасап отыру үшін салынып отыр.
Сақтансаң – сақтайды
642
оқылды

Жалпы, өңірде бұған дейін 22 гидробекет жұмыс істеп тұрған еді. Бұдан бөлек, қазір 150 шақырымға жуық қорғаныс бөгеттері, 93 шақырым арық салынып бітті. 74 шақырым магистралдық канал тазаланған. Мұның бәрі көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары. Мамандар әзірге «Жайықтан қауіп жоқ» деп отыр. Болжам бойынша, Деркөл өзені тасуы мүмкін. Егер Деркөл тасыса, бірінші кезекте Тасқала, Бәйтерек аудандары мен сол өзен бойындағы саяжайлар суға кету қаупі бар деп болжап отыр мамандар. Жалпы, өңірге судан келетін қауіптің нақты болжамы 5 наурыздан кейін белгілі болады деп түсіндіреді сала мамандары. 

Қазір өңірде Жайық, Шаған, Деркөл өзен­дерінде су тасқыны қаупін алдын ала анықтауға арналған 3 автоматтандырылған кешенді орнату жұмыстары жүргізілуде. Олар Деркөл өзені маңындағы шойын көпір маңайына, екіншісі Бор тау ауданындағы жаңа көпірде, ал үшіншісі Диномо спаорт базасы аумағында орналасады деп жоспарланған. 

Бұдан бөлек, БҚО-да бүгінде эвакуация­лық пункттерді дайындау ісі белсенді жүріп жатыр. Биыл көктемгі су тасқыны бола қал­ған жағдайда 32 мың адамды қабылдай ала­тын 317 эвакуациялық орындар дайындалып қой­ған. Олардың ішінде жатын орнынан бөлек ме­дициналық қызмет пен психологиялық қол­дау орны да болады деп жоспарланған. 

Енді Ресейдің Ирикли су қоймасынан секун­дына 108 текше метр су жіберіле бастайды. Бұл қазіргі көлеммен салыстырғанда, екі есе көп су. Қазір Жайыққа жоғарыдан 60 текше метр су ке­ліп жатыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 4 есе көп. Бірақ мамандар «бұл қауіпті емес» деп отыр. Өйткені былтырғыдай суды 1 000 текше метр­леп жібермей, су қоймасын біртіндеп бо­сат­қан әлдеқайда тиімді. Қазір Ирикли су қоймасы 75-80 пайызға толған. Ресей­ден келетін мол су Батысқа тек бір айдан кейін жетеді. Қазір Жайық өзенінің деңгейі Орал тұ­сын­да 160 сантиметр, ол 6 метрге жеткенде сая­жайларды су ба­сады.

Бұл ақпаратты БҚО ТЖД Төтенше жағ­дай­лардың алдын алу басқармасының бас­тығының м.а Азамат Исмаил брифингте айтты. 

Биылғы көктемде  болжам бойынша, Деркөл өзе­ні тасуы мүмкін. Егер Деркөл тасыса, Тасқала мен Бәйтерек аудандарын су басу қаупі бар деген сөз.

Қазір өңірде Төтенше жағдайлар департа­менті, облыстық жұмылдыру дайындығы, Ау­мақ­­­тық және азаматтық қорғаныс басқармасы, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пай­да­лануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» меке­месінің өкілдерінен құралған жұмыс тобы су тасқынына қарсы белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар аудан-ауылды аралап, бөгеттер мен су қой­маларының жағдайын бақылап отыр. 

Бұған дейін аймақ басшысы Сырым, Қара­тө­бе аудандарын аралаған болатын. Жалпы, БҚО-дағы Қаратөбе ауданының ауылдары екі жыл қатарынан суға кетті. «Биылғы көктемгі тас­­қынға дайындығы нашар» деп  Қаратөбе ау­дан­ның әкіміне сөгіс те беріп үлгерді.  

Биыл Қаратөбе ауданының 9 елді мекені,  атап айтсақ, Қаратөбе, Шөптікөл, Үшағаш, Қор­жын, Егіндікөл, Шалғын, Сәуле, Сулыкөл, Үша­на ауылдары су басу қаупі бар ауылдар тізімі­не енген. Бұлардың ішінде Шалғын ауылы мен Қор­жын ауылы – бұрын суға кеткен ауылдар. 

Ал  Сырым ауданының да 9 елді мекені – Жым­питы, Өлеңті, Бұлдырты, Қособа, Жыра­құдық, Тоғанас, Аңқаты, Жетікөл, Қызылағаш ауылдарын су басу қаупі бар.  

Облыс әкімі қауіпті елді мекен­дердегі бө­геттердің жай-күйін қарап, техни­калар мен эвакуа­циялық пункт­тердің әзір­лігіне көз жеткізді.

Нариман Төре­ғалиев Қа­ра­төбе ауданының Үшана, Су­лыкөл, Үшағаш ауыл­­да­рына жә­не ау­дан ор­талы­ғына ба­рып су тас­қынына әзір­лік ба­ры­сын қарады. Нариман Төреғалиев ауыл­дардағы қорғаныс бөгеттерін күшейту, өзен ар­наларын бе­кіту жұмыстарын сапалы жүргізу қа­жеттігін айтты.

Қаратөбе ауданында жалпы алғанда  9,8 шақырым қорғаныс бөгеттері орнатылған. Аудан бойынша 30-дан астам техника бар. Қаратөбе ау­даны бойынша 1 430 адамға арналған 19 эва­куациялық пункт ұйымдастырылған.

Аймақ басшысы Сырым ауданының Қособа ауылының маңында және Жымпиты ауылында салынған қорғаныс бөгеттеріне барып, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан Төтенше жағдайлар бөлімінің ғимаратын көрді.

«Сырым ауданында су қаупі бар елді ме­кен­дерді қорғау бағытында 15 шақы­рым қорғаныс бө­геттері тұрғызылған. Су тасқы­ны­ның салда­рын жоюға 83 техника қарасты­рылған. Ауданда 430 орынға лайықталған 9 эва­куациялық пункт бар», – деп мәлімдеді БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Облыс әкімі салаға жауапты орынбасары Б.Нарымбетовке, аудан әкімдеріне жә­не жауап­ты мекемелерге су тасқынына қар­сы сақтық шараларын күшейтіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы