«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, 500-ге жуық атыраулық бақандай алты жылдан бері баспанасыз пәтер жағалап жүр. Бар проблема «үлескерлердің ақшасы арқылы жайлы үй салып береміз» деген кооперативтердің уәдеcінен басталған.
Үлескерлер үйсіз жүр
938
оқылды

Бар жиған-тергенін алаяқ ком­панияға аударып, бес жылдан бері қарыз қамытының астында жүрген атыраулықтардың саны – 493 адам. Олар өздерін «ең адал тұрғын үй кооперативіміз» деп таныстыр­ған компанияға 4,3 млрд теңге аударған. Аяғында үйсіз, ақшасыз қалғандардың жартысы пәтер жалдап, енді бірі туыстарының үйін жағалап, тентіреп жүр. 

«СарайшықИнвестГруп» ком­паниясына жайлы баспана аламын деп 6 млн теңге қаржы аударған үлескерлердің бірі – Амандық Абдолов. «Маған компанияның тиімді бағамен жайлы баспана алу мүмкіндігін ұсынғаyы ұнады. «Небәрі бір жылдың ішінде салын­ып бітеді»  деген уәдені келісім­шартқа жазып берген соң Амандық Абдолов кооперативке имандай сенген. 2019 жылы салым салған ол құрылыстың заңсыз екенін арада 5 жыл өткеннен кейін бір-ақ білген. 

«Шыны керек, бұл ақшаны мен бір емес, бірнеше жұмыс істеп жүріп жинадым. Қазірдің өзінде 4 жерде жұмыс істеймін. Бірақ ақ­шам­ның көп бөлігі сырқат анамды емдетуге кетіп жатыр. Баяғы ескі 1 бөлмелі барак үйде тұрып жатыр­мыз. Анам жаңа үйді көріп кетсе екен деген арманым орындала ма, жоқ па, соған күмәнім бар», – дей­ді алданған тұрғын Амандық Аб­долов. 

«Кооперативтің келісімшартта жазған уәдесі бойынша біз осыдан төрт жыл бұрын баспаналы болуы­мыз керек еді. Бір ғана Saraishyq development кооперативіне жүзде­ген адам ақша аударды. Арамызда бірден екі пәтердің ақшасын алдын ала толықтай төлеп таста­ғандар да бар. Үйден үміт жоқ. Себебі оны салып бітіру енді мүм­кін емес. Салымшылар өз ақша­сына күзетші жалдап отыр. Соған қарамастан қараусыз жатқан құры­­л­ыс нысаны тоналып, әбден күйі кеткен. Ең болмаса, алаяқтық жолмен алынған ақша неге жедел­детіліп қайтарылмайды? Сондық­тан біз, салымшылар құзырлы ор­гандардан кінәлілерді жазалап, шығындарын өтеп беруге көмек­тесу­ді сұраймыз», – дейді зейнет­кер Сәулеш Шайхиева.

Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің өкілі Рүстем Мәкібаев­тың айтуынша, құрылысы 2018 жылы басталған тұрғын үй кооп­ера­тивтерінің үй салуға рұқсаты болмаған. Сондықтан облыстық прокуратураның ұсынысы бойын­ша құрылыс жұмыстары тоқтатыл­ған. 

Қордаланған мәселе бойынша біз Атырау қаласының прокура­турас­ына хабарластық. Құзырлы орган тұрғын үй-құрылыс коопер­тивтері құрылтайшылары­ның заң­сыз әрекеттерінен зардап шек­кен азаматтардың құқықтарын қорғау жөнінде жұмыс істеліп жат­қанын хабарлады.

«Атамекен тұрғын үй», Family town, Baisanat Residence және SaraishyqInvestGroup иелері қылмыс­тық жауапкершілікке тартылып, 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қа­ла прокуратурасының баста­ма­сы­мен қалалық әкімдік және Мем­­ле­кеттік сәулет-құрылыс ба­қылауы басқармасының қатысуы­мен жұмыс тобы құрылды. Және құрылыс жүргізілген жер учаскесі халыққа қайтарылды. Зардап шек­кен үлескерлерге енді инвесторлар ғана көмектесе алады. Сондықтан тұрғын үйді аяқтауға инвесторлар іздестірілуі керек», – дейді Атырау қалалық прокуратурасының ор­ын­­басары Ерлан Какиев.  

Көптеген үлескердің ақшасын заңсыз иемденген компаниялар­дың басшылары мен құрылтайшы­лары түрлі мерзімге сотталды. Ол­ар­дың қатарында Nazik Group ЖШС директоры бес жылға бас бос­тандығынан айырылды, басқа компаниялардың құрылтайшы­лары­на алты жылдан сегіз жылға дейін жаза кесілді. Сонымен қатар Атырау қаласының прокуратурасы екі құрылыс компаниясына жар­на­ма арқылы үлескерлердің ақ­шасын заңсыз тартқаны үшін бір миллион теңгеден айыппұл салды.

Бірақ үлескерлердің талабы мұнымен бітпей отыр. «Сот кінә­лілерді бас бостандығынан айыру­мен шектелмей, салған ақшамыз­ды қайтаруды талап міндеттесе, сот шешімдерінің нәтижесінде өз ақшамызды қайтарып алуға мүм­кіндік болар еді» дейді үлескерлер. Ал үлескерлердің жарты бөлігі түбі баспаналы болатындары ақиқат болса, құрылыстың аяқталуын күткісі келеді. 

Шыны керек, үлескерлерге қа­тысты проблема бір ғана Аты­рауда емес, тәуелсіздік алған 30 жы­лдан астам уақыттан бері елі­міздің түкпір-түкпірінде кездесіп жат­қан жағдай. Алаяқтық схема­мен азаматтардың ақшасын алып жатқан тұрғын үй компания­ларының көбеюі – үлескерлерге қатысты заңнаманы қатаңдату қа­жеттілігін көрсетіп отыр. Елде тұрғын үй нарығында осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін бақылауды күшейту және үлескер­лердің құқықтарын қорғау бағы­тында нақты шаралар қабылдануы қажет-ақ.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы