Былтыр тұтас елді әбігерге салған топан су биыл да аса үлкен қатер төндіреді деген қауіп басым.
Қауіптің беті қайтпай тұр
445
оқылды

Елдің жүздеген ауылы су тасқыны қауіпті аймақтар қатарына енгізілуі осыған айқын дәлел. Жергілікті атқарушы органдар көктемгі су тасқынына «сақадай-сай әзірміз» деп жоғарыға желге толы есеп бергенімен, іс жүзінде дайындықтың осалдығын мамандар бағамдап жатыр. Бірақ тегеурінді шараның тиісті түрде қолға алынбай жеткілікті мөлшерде жүргізілмей келе жатқаны алаңдатады... 

Су тасқыны аса қауіпті аймақтардың қатарында Ақмола облысы да бар. Облыс­тың төтенше жағдай қызметінің баяндауынша, биыл су басу қаупі аса жоғары аймаққа өңірдің 15 мыңнан астам тұрғын түтін түтететін 144 елді мекені кірген. Төтенше жағдай қызметі аймақтың көптеген ауданында жергілікті атқарушы органдар өткен жылдардағы «әттеген-айларға» еш назар салмай, іс жүзінде сабақ ала алмағанын сын садағына алды. 

– Бүгінде су басу қаупі аса жоғары қа­тер төндіріп тұрған Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Бұланды және Зеренді аудандарына ерекше тоқ­талғым келеді. Бекітілген мерзімге қара­мас­тан су тасқынына дейін аяқтау жос­парланған шаралар күні бүгінге де-йін аяқталмаған. Мәселен, Көкшетау қаласында жоспарға сәйкес Қылшақты өзенінің 6,8 шақырымы тазартылуға тиіс болған. Алайда іс жүзінде тек 4 шақырымнан астамы ғана тазартылған. Біржан сал ауданындағы Макинка ауылында су ағыны және су бұру каналдарының құрылысы мен Қорғалжын ауданындағы Өркендеу ауылы бөгендерінің осал тұстарын нығайту жүргізілмеген. Біржан сал ауданында Карловка селосынан Трамбовкаға дейін, Макинка ауылынан, Ақсу және Торғай ауылдарына дейінгі автокөлік жолдарында су өткізу құрылымдарын ауыстыру және жөндеу, Егіндікөл ауданында Жалманқұлақ ауылынан Жұлдызға дейінгі жолдарда қосымша су өткізу құрылыстары аяқталмаған, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Алашов. 

Жүргізілген тексеріс қорытындылары облыстың барлық аймағында дерлік іс жүзінде өзен арналарын шіріген қамыс пен қоқыстан тазарту, түбін тереңдету жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін анықтаған. Мәселен, Атбасар қаласында су басу қаупін туғызатын басты фактор болатын Жабай өзенінде жазғы және күзгі уақыттарда арнасын тазарту жұмыстары мүлде жүргізілмеген болып шықты. 

Бұл орайда өңірдің үш аймағы су басу қаупі өте жоғары болып, инженерлік жұмыстарды өткізудің өзі үлкен алаңдау­шылық туғызып отыр. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі дерегінше, Атбасар қаласында су деңгейі көтерілгенге дейін қаланың тасқын судан аман қалуы тікелей осы құрылымға байланысты болғанымен 9,5 шақырым болуы тиіс қорғаныс бөгетінің бүгінде тек 200 метрі ғана нығайтылғаны мәлім болды. 

Дәл осындай жағдай Жарқайың ауданын да алаңдатып тұр. Мұнда да бөгендердің тек ішінара нығайтылуынан Державинск қаласы мен Пригородное және Гастелло селоларына су басу қаупі төнген. 

Тексеріс жұмыстары былтыр төтенше жағдай енгізілген Астрахан ауданында да жұмыстардың сапасыз жүргізілгенін анықтады. Мұндағы су басу қаупі төнген Астрахан, Жаңатұрмыс және Зеленое ауылдарында бөгендерді салу жұмыстары аяғына дейін жеткізілмей қалған. Былтыр арнасынан асып төгілген Колутон өзені арнасының 11 шақырымын тазарту жоспарланғанымен, іс жүзінде үш учаскеге бөлінген жұмыстар 3,4 шақырымға дейін қысқарған. Бөгендер салу жұмысы жүргізілгенімен көктемде Колутон өзенінде су деңгейі көтерілетін тұста бөгендерді ағын судың бұзып өтіп, Колутон селосын басып қалу қаупі бар. 

Облыстың төтенше жағдайлар қызметі Целиноград ауданынан басқа өңірдің ешқандай ауданында су тасқынының алдын алуда ғылыми-техникалық тәсілдерді қолдану мәселесіне назар аударылмағанын атады. 

– Өкінішке қарай, Целиноград ауданынан басқа ешқандай ауданда су тасқыны мәселесін шешуде ғылыми-техникалық әдістер бойынша жұмыстар жүргізілмей отыр. Бірақ ғылыми-техникалық негіздемелердің болуына қарамастан, бұл ауданның өзінде Қоянды, Талапкер және Қараөткел сияқты халық тығыз қоныстанған елді мекендерде оны жүзеге асыруға арналған сметалық есеп және басқа да бағдарламалар жасау жұмыстары жүргізілмеген, – дейді Бақытжан Алашов. 

Өңірде су тасқынының қаупін жоғарылатып тұрған түйткілді мәселе Кеңестер заманында салынған гидротехникалық құрылымдардың да түгелге жуық апаттық жағдайда қалғаны болып отыр. Мәселен, былтыр су тасқыны кезінде Атбасар ауданының Самарка селосында орналасқан гидротехникалық құрылым ағын судың екпініне шыдас бермей күл-талқаны шығып бұзылған. Алайда аталған құрылымды нығайту және құм-тас төгіп, ағын су өтетін шлюздерін жөндеу жұмыс­тары жүргізілмеген. Дәл сол сияқты Зеренді ауданында «ҚазСуШаруашылығы» Ақмола облыстық филиалы соңғы бес жыл бойы өздеріне сеніп тапсырылған Айдабол және Алексеев су қоймаларында ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізбегені алаңдау­шылық тудырған. Егер гидротехникалық бөгендер бұзылса, Айдабол және Алексеев ауылдарындағы 13 үйді су басып қалуы мүмкін. 

Гидротехникалық құрылымдарының жағдайы апаттық күйге түскен Аршалы ауданында да жағдай аса қауіпті. Мұнда Батпакөл және Бірсуат су қоймаларының арнасынан асып, Ақбұлақ, Аршалы, Бірсуат және Ақтасты ауылдарындағы барлығы 346 үйді су басып қалу қаупі бар.

Төтенше жағдай қызметі жоғарыда аталған аймақтарға жергілікті атқарушы органдар мен теңгерім ұстаушылардың су қоймаларын құрғату және оны басқа жаққа аудару шешімін қабылдау қажеттігі аталды. Егер іске жүрдім-бардым қаралса елдімекендерге су басу қаупін туғызбау үшін су қоймаларын шұғыл ашу шарасы қабылданбақ. 

Былтырғы су тасқыны кезінде облыс орталығы – Көкшетау қаласының өзіне су басу қаупін төндіргеніне қарамастан Зеренді ауданы Иванов су қоймасы Зеренді ауданы әкімдігімен нығайту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Бұланды ауданында да Пушкин және Балуан Шолақ ауылдарына қарай шығатын Қараөзек және Капитонов ауылдары жолдарын су шайып кетуі жылда қайталанса да әкімдікпен бұл мәселе елеусіз қалып, тұрғындар көлік қатынасынсыз қалуға мәжбүр болады. 

Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп жүргізген тексеріс аймақтағы бірқатар аудандағы техникалық күш құрылымдарының да әзірлігінің шалалығын анықтады. Мәселен, Атбасар ауданында 19 техника бірлігі әзірленген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 51 пайызға төмен болған. Оның ішінде 6 техниканың, атап айтқанда, 1 экскаватор, 1 авто жолтөсеуіш пен 2 ассенизаторлық көлік ақаулы болып шықты. Дәл осындай жағдай Жақсы ауданын да алаңдатты. Мұнда су тасқынына тек 9 техника дайын болып шықты. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 81 пайызға аз. 

– Су тасқынымен күреске Целиноград ауданында 63 техника әзірленгенімен ауданда трал, бара және сүргіш арнайы техникалар жоқ. Бұланды, Есіл, Жарқа-йың және Қорғалжын аудандарында да дәл осындай жағдайда екені мәлім болды. Өңірде сонымен қатар халықты эвакуациялау және жедел әрекет етуге арналған жүзу құралдары Степногорск қаласы, Бұланды, Жарқайың, Қорғалжын және Целиноград аудандарында жеткіліксіз, тіпті жоқ болып шықты, – деп толықтырды Б.Алашов. 

Құзырлы органдар түгелдей қатысқан жиында жүзу құралдарын қолдануда Атырау облысы мысалында «Алигатор» қайығын қолданудың тиімділігі аталды. Жүзу құралы қысқы және жазғы уақыттарда жету қиын жерлерде құтқару шараларын орындауға арналған. 

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, өткен жылы Зеренді және Сандықтау ауданына екеуден уақытша көпірлер табысталғанымен, күні бүгінге дейін оларды орнату жұмыстары жүргізілмеген болып шықты. 

Жиын барысында өңірдегі аудан әкімдіктерінің су тасқыны кезінде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де мүлдем ұмыт қалдырылғаны аталды. Сондай-ақ су тасқыны кезіндегі ауадай қажет жанармай, құм толтыратын қапшықтар мәселесі Көкшетау қаласы, Аршалы, Жарқайың және Целиноград аудандарында өткір тұрғаны аталды. Мәселен, былтыр төтенше жағдай жарияланған Көкшетау қаласында бар-жоғы 100 тонна құм-тас әзірленсе, қапшықтар мүлде жоқ болып шықты. Ал былтыр дәл осы уақытта қалада 14,5 тонна инертті материалдар мен 10 мың қапшық әзірленген. 

– Биыл су тасқыны кезеңі басталғанға дейін былтыр су басқан апатты үйлерді сүріп тастау мәселесін шешу қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелерінің үйлестірушісі болып табылатындықтан біз барлық су тасқынына қарсы кешенді шараларды күн сайын бақылауды ұсынамыз, – деді Бақытжан Алашов. 

P.S. 

Қысқасы, құзырлы органдар аймақта су тасқынының қаупі аса жоғары екенін, алайда жергілікті атқарушы органдардың сылбыр әрекетінен түйткілді мәселелердің ушығып кетуі мүмкіндігін жеткізді. Бұл орайда алдағы уақытта дереу арада тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар жүйеленеді деген үміттеміз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы