Биыл елімізде тасқын судың келуі мен қар суының тез еруі салдарынан, оған қоса жергілікті биліктің табиғи жағдайға немқұрайды қарауының кесірінен біраз өңірді су басты.
Құлсарыдағы жағдай: жергілікті тұрғындардың талабы қандай?
2,006
оқылды

Астананың шетіндегі Қоянды ауылын, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстарында жергілікті елді мекендерді, қаланы, қаланың шетіндегі саяжайларды су басып, төтенше жағдай жарияланды. Аталған облыстардың ішінде ең көп зардап шеккен өңірдің бірі – Атырау облысына қарасты Жылыой ауданындағы Құлсары елді мекені, дәлірек айтсақ, Құлсары қаласы. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда және БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, бүгін, яғни 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні Құлсарыдағы бірнеше тұрғын әкімдік алдына барып, өз талабын айтқан. 

Тұрғындар талабы

«Құрметті Президент! Біз, топан судан зардап шеккен халық, осы бір сын сағатта сізге үндеу жолдағымыз келіп отыр. Халықтың өз маңдай терімен, адал еңбегімен салған жеке үйдің бағасы әділетсіз есептелмей, сол ақшаны өз қолымызға алғымыз келеді. Қазір біздің елімізде 3 мыңға жуық үй су астында қалды. Сол үйлердің біразы 20 күннен астам су астында тұрды. Көбі – жарамсыз. Біздер сол үкіметтен берілетін үйдің әр шаршы метріне 400 мың теңгеден ақы төленіп әрі сол қаржыны өз қолымызға алғымыз келеді. Құлсарының жағдайына бейжай қарамай, сізден осы іске өзіңіз араласқаныңызды қалаймыз. Тұрғындардың барлығы баспаналы болғанға дейін бірреттік берілетін 100 АЕК мөлшеріндегі көмекті халықтың мәселесі шешілгенше, ай сайын беруіңізді сұраймыз. Біздің аудан басшылығына еш талабымыз жоқ. Ауданымыз 95 пайыз судан тазартылып, қазіргі кезде басшылық жұмыс істеп отыр. Біздер Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов ағамыздың Үкіметке берген «тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға әр шаршы метріне 400 мың берілуі қажет» дейтін ұсынысын бұйрықпен бекітуіңізді сұраймыз!», – дейді видеода сөз сөйлеп тұрған жергілікті белсенді тұрғын.

(Сурет: видеодан скрин)

Аталған жағдайға байланысты жергілікті әкімдікке сұрау салып, оқиғаның мән-жайын Жылыой ауданының әкімі Қаражанов Жұмабек Байрақбайұлынан анықтап көрдік. Жергілікті атқамінердің сөзінше, болған жағдай Құлсары қаласы әкімдігінің назарында көрінеді.

Әрі «азаматтардың талап қоюы – олардың конституциялық құқығы. Ал қолданыстағы заң нормаларында тұрғын үйге қатысты арнаулы баға белгіленбеген», – дейді ол.

«Тұрғындармен осы уақытқа дейін бірнеше рет түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын. Әрбір кездесуді уақытылы белгілеп, жеке өзім кездесіп, Үкімет тарапынан болатын заң аясындағы мүмкіндіктердің барлығын да айтып жеткіздім. Азаматтар өзара жиналып, шамалы уақытқа ғана өз талаптарын бейнеүндеуге түсіріп, жариялап, кейін тарқады», – дейді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.

Депутат не деді?

Жергілікті тұрғындар айтып отырған мәселені бұған дейін Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов көтерген. Өйткені ол Мәжіліс отырысында «Құлсары қаласын қайта салуды қарастыруымыз қажет» деген тақырыпта ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған еді. Депутат өз сөзінде Үкіметке 5 түрлі ұсыныс айтты.

«Бірінші, тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға өтемақы аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің ағымдағы құнына сай берілуі қажет. Мысалы, Атырау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы 1 шаршы метр үшін 350 000-400 000 теңге. Өйткені өңірде құрылыс материалдары қымбат. Мәселен, Атырау облысында бетонның бір текше метрі 50 мың, Алматыда сол бетон 16 мың, Ақтөбеде 28 мың теңге тұрады. Алматыда 2700 теңге тұратын ПГС материалын Ақтөбеде 4 мың, Атырауда 8500 теңгеге аласың. Күйдірілген кірпіштің бағасы Алматы қаласында 36, Ақтөбеде 120, Атырауда 160 теңге тұрады. Атырауда басқа да құрылыс материалдары өзге өңірлермен салыстырғанда, орташа есеппен 50-70 пайызға қымбат.

Екінші, су тасқынынан зардап шеккен, бірақ тұруға жарамды, жөндеуге келетін үйлердің бір шаршы метріне 100 000 теңгеден өтемақы төленуі қажет.

Үшінші, зардап шеккен отбасыларға берілетін біржолғы әлеуметтік өтемақыны 100 айлық есептік көрсеткіштен емес, отбасының әр мүшесіне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындау қажет.

Төртінші, қаза тапқандардың туыстарына 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы белгіленуі керек. Су тасқынынан Құлсары қаласында 4 адам қайтыс болып, 4 отбасы асыраушысынан айырылып отыр.

Бесінші, су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласын қайта реконструкциялап, жаңа «ЭКО ҚҰЛСАРЫ» салу жобасын қарастыру қажет. Шән мәнінде, біз Атырау қаласын емес, Құлсарыны «мұнайлы астана» деуіміз керек. Ондағы 70 мыңға жуық тұрғынның тыныс-тіршілігі тікелей мұнай өндірісімен байланысты. Бірақ ен байлықтың үстінде отырған Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының архитектуралық келбеті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының төмендігі, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің көптігіне қарап, «мұнайлы астана» деуге аузың бармайды», – деді «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов.

Өңірдің экологиялық жағдайы белгісіз

Ал жергілікті тұрғындардың сөзінше, өңірдегі ахуал тұрақталғанымен, әлі де күрмеуі шешілмеген бірнеше мәселе бар. Тұрғындардың талап-тілегі туралы құлсарылық ақсақалмен тілдесіп барып, толығырақ білдік.

«Жергілікті тұрғындардың талабы сол, тұрғын үйдің әр шаршы метріне 400 мың теңге төленсін дейді. Одан кейін сол төленетін 400 мың теңгені біздің қолымызға берсін, сосын үйді қайдан алу керегін немесе қайда салу керегін өзіміз шешейік дейді. Мүмкін, біреуі Атырау қаласынан үй алғысы келер, ал екіншісі Ақтау қаласынан үй алғысы келер. Себебі су басқан жерлер енді экологиялық талапқа сай келе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. 2900 үйдің кәріз жүйесі, қоқысы, дәретханадан шығатын қалдықтар, молалардан келетін қалдықтар, мәйіт – бәрінің де зияны әлі ескерілген жоқ. Мұны экологиялық жағынан да тексеріп жатқан ешкімді байқамадым. Шұғыл түрде экологиялық комиссия құрылып, ол жердің суын, топырағын тексеруіміз қажет. Ресми мәліметтерде судан сынама алынғанын айтып жатыр, бірақ топырақтан сынама алынды деген ақпаратты оқымадым. Биыл жазда күн ыстық болады деп ақпарат құралдары дабыл қағып жатыр. Ал мына тасқыннан кейін ауада, суда, жерде қандай вирус пен инфекция таралатыны туралы сөз болмады», – дейді құлсарылық ақсақал Маран Шығырұлы.

Тұрғындар бұрынғы жерде тұрғысы келмейді...

Сонымен қатар жергілікті тұрғын эвакуациялық орталықтағы жағдайды баяндап, тұрғындардың біраз бөлігі енді Құлсарыда тұрғысы келмейтінін де айтты.

«Эвакуациялық пункттер бар, тұрғындарға гуманитарлық көмек те беріліп жатыр. Күнделікті тұрмысқа қажетті ең негізгі деген қант, ұн, макарон өнімдері, сұйық май, сүт, нан жеткілікті деңгейде. Эвакуациялық орталық Құлсары қаласында да, Теңіз кенішіндегі вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер қалашығында да бар. Одан кейін тұрғындар мынау Маңғыстаудағы Бейнеу ауданында, Ақтау қаласының ішіндегі эвакуациялық орталықтарға орналасқан. Судың беті қайтып, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгеннен кейін үйіне оралған тұрғындар да бар. Қазір тұрғындардың көбі өңірге бағалаушылар келген кезде баруына тура келіп отыр. Себебі олар мұнда үйдің қазіргі жағдайын, қаншалықты шығын келгенін көрсету үшін барды. Бірақ келтірілген шығын толық есептелмеген. Келген адамдар қай жерге дейін су көтерілді, қандай залал келді – осыларды фото-видеоға түсіріп алды. Сарапшылар қазір үйлердің жарамды не жарамсыз екенін ғана қарап жатыр. Шыны керек, қазір аудан тұрғындары бұрынғы жерде тұрғысы келмейді. Көбі басқа жерге кеткісі келеді. Оның себебін жаңа сөз басында да айттым. Қазір 3 591 адам бірреттік әлеуметтік көмек алды. Енді олардың бәрі тұрғын үйге төленетін ақша бөлінсе, аталған әлеуметтік көмекті ай сайын берілуін талап етіп отыр. Себебі олардың жалдайтын пәтері, күнделікті шығыны бар, – дейді ақсақал.

Дер кезінде қабылданбаған шешім

Одан кейін ауданның, Құлсары қаласының жағдайын жақсы білетін ақсақалмен әңгіме барысында тағы бір мәселенің шеті шығып қалды. Оның сөзінше, жергілікті әкімдіктің жедел шешім қабылдай алмауының кесірінен қалаға су көп мөлшерде келген. Бұған себеп – су тасып жатқан кезде Омартоғайдағы бөгеттің жарылмауы.

«Жергілікті шаруалар, ауылдың географиялық жағдайын білетін азаматтар дер кезінде шешім қабылдамаған аудан басшылығына наразы. Мәселен, бізде Омартоғай дейтін жерде бөгет бар. Судың деңгейін төмендету үшін сол бөгетті жаруымыз керегін қоғам белсенділері, жергілікті азаматтар аудан басшылығына бірнеше рет айтқан. Себебі аталған бөгетті жарған кезде, судың бағыты өзгереді де, Құлсарыға келетін судың мөлшері мұншалық көп болмайтын еді. Оны тұрғындар 3 сәуір күні айтты. Қарағай дейтін елді мекен бар, мына Құлсарының іргесінде. Су сол жақтан келе бастады. Ол сәуірдің 4-нен 5-не  қараған түні басталды. Ал әбден қала суға кеткеннен кейін бір аптадан соң ғана бөгетті жарды. Міне, бөгет жарылғаннан кейін судың деңгейі біртіндеп төмендей бастады», – дейді Құлсары тұрғыны М.Шығыр.

Әкімдік тарапынан қандай жұмыс істелді?

Жергілікті әкімдік  Aikyn.kz  сайтына берген ресми мәліметінше, тасқын суды қала сыртына шығару жұмыстарының соңғы этаптары қалған.

Тұрғын үйлерді бақылау және бағалау жұмыстары жүріп, бүгінде 800-ден астам үйдің техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан суы кепкен аумақтарға газ және ток желілерін беру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – дейді Жылыой ауданының әкімдігі.

Әкімдіктің мәліметінше, үйін су басқан тұрғындарға мынадай көмек көрсетілген:

- Тасқын судан зардап шеккендерді эвакуациялық орталыққа орналастыру және ас-ауқатпен қамтамасыз ету;

- 100 АЕК көлемінде бірреттік көмек беру;

- Тасқын суды қала сыртына шығару;

- Тасқын судан кейінгі қоқыс қалдықтарын қала сыртына шығару;

- Зардабы аз мөлшерде болған ықшамаудандарды толықтай газ және ток желісіне қосу жұмыстарын ұйымдастыру;

- Тұрғын үйлерді бақылау және бағалау жұмыстарын ұйымдастыру.

Халық неге наразы?

Бұған қоса, жергілікті әкімдік өкілінен тұрғындардың неге наразы екенін сұрадық. Ол мұны халықтың су апатынан қатты зардап шеккенімен байланыстырады.

«Жеке тұрғын үйі суға кеткен соң кім-кімге де ауыр тиеді. Мүлкі бар, жиған-тергені бар – бәрі су астында қалды. Қазір жауапкершілігі үлкен, көп уақытты талап ететін жұмыстар атқарылып жатыр. Өзге шаңырақта күнелткен бір күннің өзі – азаматтар үшін он күнмен тең. Сол себептен де халық наразы. Әрбір тұрғынымыз өз шаңырағына оралғысы келеді», – дейді әкім Жұмабек Байрақбайұлы.

Эвакуациялық орталықтағы жағдай

Ресми мәліметке сүйенсек, қазір эвакуациялық орталықтағы жағдай тұрақты. Үш мезгіл тамақ беріледі. Құлсарыда эвакуациялық орталықта 139, Теңіз кен орнында 420 адам, Маңғыстау облысында 207 адам орналасқан. Қалған азаматтар ағайын-туысының үйінде, тағы бір бөлігі пәтер жалдап тұрып жатыр.

Тұрғындарға біздің тараптан Теңіз кен орнынан жатақханалар және эвакуациялық орталықтан орын ұсынылған болатын. Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімдігі Құлсары-Ақтау  бағыты бойынша орналасқан әр ауданнан орындар ұсынды. Маңғыстау өңіріне сол өлкенің автокөліктері (такси, көпорындық көліктер) Құлсары халқын тегін тасымалдап алып кетті. Құлсары қаласында құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі жатқан пәтер болмаған соң, азаматтарға ондай ұсыныс берілмеді. Гуманитарлық көмек қазіргі кезде 4 пункттен тізім бойынша беріліп жатыр. Азаматтардың қолына 1 апта не 5 күнге жететін азық берілуін қамтамасыз етуде, – дейді Жылыой ауданының әкімі.

Әлі қандай көмек беріледі?

Сонымен, әкімдіктегілер ахуал реттелгенше гуманитарлық көмек берілетінін, ал қалған жұмыстар Үкімет қабылдап, бекіткен тапсырмалар негізінде орындалып отыратынын айтты.

Енді ай сайын 100 АЕК төлене ме?

«Үкімет тарапынан екінші рет 150 АЕК беру туралы айтылды. Жалпы, бұл мәселе де – өзекті. Жергілікті атқарушы органдарға Үкімет тарапынан қандай нормативтік құқықтық акті келсе, біз соны орындаймыз», – дейді Ж.Қаражанов.

Үйіне оралғандар бар ма?

Осы сауалды да жергілікті атқарушы билік өкіліне қойып көрдік. Сөзінше, дезинфекция жұмысы жүргізілгеннен кейін үйіне кіріп, сол жерде тұрып жатқан санаулы адамдар бар.

Әрбір үй әртүрлі деңгейде суға кетті. Ауласын су шайып өту, жертөлесіне су келу, фундаментін қисайтып кету, тұрғын үй емес сарайын су шайып кету, табалдырыққа дейін келу, үйдің ішіне кіру, адам бойынан биік келу, үйлердің судан опырылып құлауы. Әрбір су шаюдың түрлері қанша болса, сонша пікір де және сантүрлі талап бар. Расында, ең бастапқы санат бойынша тұрғын үй ішіне дезинфекция жүргізілген соң, үйіне кіріп, тұрып жатқан тұрғындар бар, – дейді жергілікті әкім Ж.Байрақбайұлы.

P.S. Жергілікті атқамінерлердің сөзінше, Үкімет тарапы қандай шешім қабылдаса, соны «құп көреміз» дейді. Ал жергілікті тұрғындардың дені бұрынғы жерден үй салғысы келмейді, тіпті басқа қаладан үй алып, сонда өмір сүргісі келеді. Сондықтан Үкіметтен де, Президенттен де су басқан үйдің әр шаршы метріне 400 мың теңге бөлініп, қаржыны өз қолына алғысы келеді. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені тұрғындар Құлсарыдағы экологиялық ахуалға аса күмәнмен қарайды. Қалай болған күннің өзінде, Құлсары топырағынан түлеп ұшқан, жергілікті жердің жағдайын жақсы білетін депутат Үкіметке нақты сауал жолдады. Енді сол сауалға да жауап берілер. Әзірге мәселенің шешімі – Үкімет қарауында.