Технологиялық жетекші компаниялар жасанды интеллекті дамытуға өте мол қуат көздері керек екенін айтуда. ЖИ жылдам дамыса энергия тапшылығы пайда болып, кейбір деректер орталығы электр қуатынан ажыратылуы да мүмкін.
Электр энергиясын өшіре бастайды. Оған кінәлі – жасанды интеллект
ЖИ жүйелерін дамытуға электр энергиясы тапшылығы кедергі болады. Фото trashbox.ru сайтынан алынды
1,913
оқылды

Financial Times басылымы технологиялық саланың жетекшілерінің пікірі негізінде жасанды интеллект жүйелерінің дамуына тосқауыл болатын қауіптер туралы жазды. Aikyn.kz осы мақалаға сүйеніп соншалықты электр энергиясы жасанды интеллект технологияларына неліктен қажет екенін түсіндіреді.

Графикалық процессорлар мен чиптердің жеткілікті болмауы ЖИ-ге үлкен тосқауыл. Фото curtonews.com сайтынан алынды. Авторы: Bing AI

Жасанды интеллектке көп уақыты мен күш-жігерін арнап жүрген Илон Маск 2025 жылдың соңына дейін жасанды интеллект жүйелерінің келесі деңгейіне жету екі шарттың орындалуын мәлімдеген. Бірінші, электр энергиясы тапшылығының болмауы; екінші, графикалық процессорлар мен чиптердің жеткілікті болуы.

Өйткені ЖИ-ге қажеті өте үлкен деректер орталықтарына (дата центр) мол электр қуаты керек. ЖИ жүйелерінің басты «азығы мен қорегі» электр энергиясы болса, графикалық процессорлар мен чиптер оның миы екенін мамандар жақсы біледі. Сондықтан ЖИ жүйелеріне өте көп энергия мен өте сапалы жабдықтар керек.

Миллиардер Илон Маск болса бұл озық технологияны дамытудағы соңғы кедергі «электр қуатын жеткізу» екенін жиі ескертеді. Amazon бас директоры Энди Джасси де 2024 жылдың басында жаңа генеративті ЖИ қызметтерін іске қосу үшін «қазір энергия жеткіліксіз» деп ойлайды.

Технологиялық алпауыттар электр энергиясын бүкіл әлем бойынша іздеуге мәжбүр. Фото dzen.ru сайтынан алынды

Amazon, Microsoft және Google жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейтуге ұмтылып, есептеу инфрақұрылымына миллиардтаған доллар инвестициялауда. Оның ішінде үлкен көлемдегі деректер орталықтары да бар. Бірақ АҚШ-тың солтүстік Вирджиниясы сияқты бұндай орталықтар салуға бұрындары ыңғайлы деп танылған орындарда электр энергиясының тапшылығы сезіле бастаған. Бұндай жағдай технологиялық алпауыттарды деректер орталықтарын салуға тиімді жерлерді бүкіл әлем бойынша іздеуге мәжбүрлеуде. 

Schneider Electric деректер орталықтарының атқарушы вице-президенті Панкадж Шарма: «Дата орталықтарына сұраныс әрқашан болған, бірақ қазіргідей сұраныс ешқашан болған емес», – дейді.

Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жаһандық деңгейде қажет болатын барлық нысандарды іске қосу үшін компанияның мүмкіндіктері жеткіліксіз. Schneider Electric компаниясы Nvidia чип өндірушісімен бірлесіп жасанды интеллект жүйелерінің электр энергиясын тұтынуын оңтайландыратын орталықтарды жобалауға кіріскен.

2024 жылы жаһандық деректер орталықтарына жұмсалатын қаржы 225 миллиард доллардан асады. Фото ixbt.com сайтынан алынды

«Жаңа ЖИ технологиясын шектейтін себептерді болдырмас үшін екі мәселені шу керек – деректер орталықтарын қайда саламыз және электр қуатын қайдан аламыз. Бір кездері электр желілерінің тапшылығы жасанды интеллектке кедергі жасайды», – дейді Appleby Strategy Group компаниясының бас технологиялық директоры Дэниел Голдинг.

Энергиямен қамтамасыз ету проблемасы ЖИ технологиялық серпілісінің қоршаған ортаға әсері туралы алаңдаушылықты да туғызуда.

Дүние жүзіндегі елдер жаңартылатын энергия көздері бойынша міндеттемелерді орындауы және климаттың жылдам өзгеруіне жауап ретінде электр көлігі сияқты секторларды қуатпен қамтамасыз етулері қажет. Бұл өзгерістерді қолдау үшін барлық елдер өздерінің электр желілерін реформалау стратегиясын өзгертулері керек.

Деректер орталықтары ЖИ үшін қажетті есептеу жүйесінің бөлігі. Олар кабельдер, чиптер мен серверлер сияқты компьютерлік жүйелер орналасқан, үлкен аумақтарды алып жататын өнеркәсіптік ғимараттарда орналасады.

Деректер орталықтары үлкен өнеркәсіптік ғимараттарда орналасады. Фото timeweb.com сайтынан алынды

Dgtl Infra зерттеу тобы 2024 жылы жаһандық деректер орталықтарына жұмсалатын қаржы 225 миллиард доллардан асады деп есептейді. Nvidia бас директоры Дженсен Хуан биылғы жылы энергияны көп қажет ететін және үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуді қамтитын генеративті жасанды интеллекті қолдау үшін алдағы бірнеше жылда құны 1 триллион доллар болатын деректер орталықтарын салу қажет екенін айтады.

Мұндай өсім, тіпті жүйелер электр қуатын тиімді пайдаланатын құрал-жабдықтарды қолданғанның өзінде, орасан зор электр энергиясын қажет етеді. 2026 жылға қарай бүкіл әлем бойынша дата орталықтарының электр энергиясын тұтынуы екі есеге артып, 1000 тераватт-сағаттан асады деп болжануда. Салыстырмалы түрде, бұл Жапонияның бір жыл бойы тұтынатын электр энергиясына тең екенін Халықаралық энергетика агенттігі де растаған.

«Жаңартылған ережелер мен технологиялық жетілдірулер, соның ішінде тиімділік, деректер орталықтарында энергия тұтынудың өсуін тежеу үшін маңызды болады», – дейді Халықаралық энергетика агенттігінің өкілдері.

АҚШ-тың деректер орталықтарында электр энергиясын тұтыну 2026 жылға қарай елдегі жалпы электр энергиясын тұтыну көлемінің 6%-ын құрайды. Фото trashbox.ru сайтынан алынды. Авторы: Niall Carson

АҚШ-тың деректер орталықтарында электр энергиясын тұтыну 2026 жылға қарай елдегі жалпы электр энергиясын тұтыну көлемінің 6%-ын құрайды деп күтілуде. Биылғы тұтыну көлемі 4% болған. Бұл өте жылдам және үлкен өсім.

Ал жасанды интеллект индустриясы «экспоненциалды түрде» кеңейеді және 2023 жылғы сұраныстан есе өсіп, 2026 жылға қарай кем дегенде 10% қуат көзін тұтынады деп болжайды Халықаралық энергетика агенттігі.

2023 жылдың қазан айында Вирджиния штатында орналасқан компаниялар деректер орталығын дамытуға байланысты жүктеменің айтарлықтай артқанын және өсіп келе жатқан электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыру қиын болатынын мәлімдеген.

Бұндай қиындықты әлемнің басқа елдерінде де байқалуда. Ирландия мен Нидерланды биліктері жаңа дата орталықтарын салуға шектеу қойған.

Технологиялық компаниялар өздерінің деректер орталықтарын АҚШ-тың Огайо және Техас штаттарында, Италия мен Шығыс Еуропа аймақтарында, Малайзия мен Үндістан сияқты жаңадан өсіп келе жатқан аймақтарда салуға ұмтылуда.Деректер орталықтарын салатын алаңдар табу күрделі болуы мүмкін, өйткені электр энергиясы тапшылығынан басқа, деректер орталықтарын салқындату үшін үлкен көлемдегі судың болуы сияқты факторларды ескеру қажет.

Бұл алаңдаушылықтар деректер орталығын салушылар арасында қосымша электр қуатын өндіру және ядролық энергия сияқты опцияларға қызығушылық тудырды, Microsoft осы жылы «ядролық дамуды жеделдету» бойынша директор жалдаған.

Осының бәрі шикізаттық, энергетикалық әлеуеті жоғары Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер ашуда. Қазақстанның Қытай мен Ресей сияқты үлкен нарықтарға жақын орналасуы, Орталық Азия арқылы Үндістанға шығу дәліздерді, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік әлеуетін қолдануға болады.

Жасанды интеллект жүйелерін жасаушы компаниялармен бірлесіп, деректер орталығын салуда тиімді серіктестік орнатып, еліміздің экономикасында жаңа технологиялық секторлар аша аламыз.

Деректер орталығына керекті әлемдік нарықпен салыстырғанда арзан энергиямен қамтамасыз ету үшін бірнеше ірі жылу электр стансаларын салып, экономикаға жаңа серпін беруге болады деп ойлаймыз.