Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына, кадрлармен қамтамасыз ету, педагогикалық білім беру мәселелеріне, ведомство жобаларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Астанада педагог кадрлар тапшы
3,672
оқылды

Кеше Абай университетінің 200-ге жуық студенті елорданың білім беру мекемелерінде өндірістік іс-тәжірибелерін бастады. Оларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сәттілік тіледі.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде Астана қаласында өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жатқан студенттермен кездесу өтті. Кездесуге министр Саясат Нұрбек, Еуразиялық ұлттық университеті мен Абай университетінің ректорлары,  Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері, оқу орындарының басшылары қатысты.

Саясат Нұрбек ҚР-ның 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына, кадрлармен қамтамасыз ету, педагогикалық білім беру мәселелеріне, ведомство жобаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Министр практикадан өтуге келген студенттерге шынайы тілегін айтып, қолдау сөздерін арнады. Сондай-ақ жастардың өздеріне артылған жауапты міндетті лайықты атқаратынына сенім білдірді.

«Бүгінде Астанада педагог кадрлардың тапшылығы байқалады. Жыл сайын елордада ондаған мектеп пайдалануға беріледі, бұл мұғалімдерге деген қажеттілік те артып келе жатқанын білдіреді. Студенттеріміздің бүгінгі маңызды қадамы осы мәселені шешуге көмектеседі. Жалпы, педагог кадрларды даярлау – министрліктің назар аударатын басты бағыттардың бірі. Жаңа формациядағы педагог кадрларын даярлауға және қайта даярлауға ерекше назар аударылады. Сондықтан сіздерге тек сәттілік тілеймін. Елорда әрқашан сіздерді күтеді, құрметті студенттер. Біз сіздерді көруге әрқашан қуаныштымыз және көмектесуге дайынбыз», – деді ведомство басшысы.

Кездесу аясында екі университет арасында меморандумға қол қойылды. Биылғы жылы Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Астана үшін педагогтарды даярлау бойынша бірлескен бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отыр.

Құжаттың мақсаты жоғары педагогикалық білім беруді ілгерілетуде, сондай-ақ құзыретті бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда, оның ішінде білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, жоғары білім беру мен практиканы ұйымдастыруда тараптардың өзара қолдауы мен белсенді ынтымақтастығын қамтамасыз ету болып табылады.

Жиналған студент-практиканттар жылы қабылдау, кездесу мен сенім үшін алғыстарын білдірді. 

«Біз, Абай университетінің төртінші курсының білім алушыларымыз, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне және Астана қаласы Білім басқармасына алғысымызды білдіреміз.  Бір жағынан, бұл біз үшін жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Біз осындай тәжірибенің ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымыз және ризамыз, бізді өте жылы қабылдады және жақсы жағдай жасалды. Бүгінде мемлекетіміз студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық шараларды қабылдауда. Мемлекет басшысының білім саласына қатысты барлық реформалары біздің терең білім алып, жоғары білікті маман болып шығуымызға ықпал етуде», – деп Абай университетінің студенті Иманғали Мәмбетәлі өз пікірімен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, мектептерді жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Абай университетінің 181 студенті еліміздің бас қаласындағы 32 білім беру ұйымдарына өндірістік практикаға жіберілген болатын.