Қазақ әдебиетінде өлең мен сөз жат ұғым емес, біте қайнасып кеткен егіз екені ертеден мәлім.
Бітімі – бірегей, кескіні – кесек
1,117
оқылды

Осының ішінде бейнелі сөзбен безендірілген әңгіме, нақтыласақ проза бертінгі дүние болып шыға­ды да, тамырын тереңнен тартқан өлең – қазақтың халық ауыз әде­биеті арқылы сахара даласында ғұмыр кешкен ұлттың ұғымына сия­тын әрі жақын дүние болып көрінеді. Сол себептен де болар қа­лыптасқан қабырғалы қалам­гер­лер де ең алғаш әдебиетке кел­генде өлеңді серік еткені жасы­рын емес. Бұған қоса, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы даныш­пан ақынды, Абай хакімді қосыңыз. Әсерінің болғаны да белгілі басы ашық мәселе. 

Абайтану ғылымының асқан білгірі, асқар биігі Қайым Мұхамедханов мұ­расы – алтын діңгекті, қазыналы қазақ руханияты мен қазақтың қамбалы әде­биетін байытқан айтулы дүниелер. Ол абайтанушы, елдің өшкенін жағып, жоғалғанын тауып, Абайға қатысты арғы-бергі тарихты қаузап қана қоймай өзгеше сипатта өрілген өлеңдері мен поэзиялық туындыларды тудырған, парасат-пайымымен ерекшеленіп тұратын драмалық шығармаларды жазған дарын еді.

Оның 1944 жылы жазылып Қазақ ССР-ның мемлекеттік Әнұранына ай­налған «Қазақ ССР-ның Гимні» және 1992 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздеріне жарияланған конкурсқа қатысқан «Қазақстан Рес­публикасының Әнұранына ұсынылған нұсқа» деп аталатын шығармалары шын мәнінде патриоттық шығармадан бұрын өн бойындағы шындығымен де, ақын­ның айтуға немесе айтылуға тиісті ойы­мен бірге тамаша өріліп шыққан. Біздің мұнда бірінші кезекте айтып отырғаны­мыз да сол өнер иесінің, өлең иесінің ша­мырқанған шабыты, терең мағына үстейтін ойы болып отыр. Сол себепті де ХХ ғасырдың 40-шы жылдары жария көріп, бәйгелі болған шығармасы «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» – деген өлеңіне «Ер» сөзінің орнына «Біз» сөзі­нің қойылуы солақай саясаттан бұрын ер мінезді ақынның өзі екенін, өлеңде де, өмірде де «ер» болғанын аңғарамыз. «Абай» деп атқа қонып, «Алаш» ұраны­мен білгенінен жаңылмай жақсылық жаршысы болғаны, осы сөзімізге өмір биографиясы да жетерлік деп ойлаймыз.

Қайымның елеулі шығармалары 1952 жылы КарЛАГ лагерінде жазылған «Балаларыма», «Отырдық тар қапаста күнді санап», «Әтімге» деп аталады. Бұ­лар ақынның тар қапаста отырып, ба­сынан кешкен тағдыры мен айтқанынан айнымаған ердің жан азасы мен шы­рыл­даған шындығы. «Балаларыма» өлеңінде атауын естісе жақын-жуықты қойып, туған-туысың теріс айналатын 58-бап­тың, екінші тармағымен «Халық жауы» атанған ақынның жарына, балаларына арналған аманаты аңғарылады:

– Тіршілікте не көрмейді ғазиз бас,

Кейде шаттық, кейде қайғы, көзде жас.

Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,

Қайғыңа ортақ шын адал дос табыл­мас, – деген өлең жолдарынан ақынның азаматтық ұстанымы, күрескерлік рухы ай­қын менмұндалайды. «Халық жауы» болып, қуғынға түсіп оралғанда өзінің аяулы ұстазы, бағдар еткен құрметті адамы Мұхтар Әуезов алдында оқылған «Отыр­дық тар қапаста күнді санап» өлеңінен де өн бойындағы шындығынан бұрын, тағы да ақынның мақсат-мұраты мен көппен күрескен жанның жан дауы­сы естіледі:

– Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,

Тордағы арыстандай көзім жайнап, – деген жолдардағы арыстан да Қайымның өзі. Оған талас жоқ. Жан-жақтан қау­малаған жауға қарсы тұру үшін арыстанға біткен алапат күш те, жігер де керек. Сөз басында айтқан «Халық жауы» атанған адамнан өзге түгіл өз жақындары да без­ген болатын. Бұл – қара басының қамын күйттеген кісінің кеспірі. Көпшілік ор­та­да істі болғандарды келемеж қылған­дардан бұрын, оны-мұны шаруасына қарайласпай, қара басының қамын ойлағандар жетерлік. Осы жағдай Қ.Мұхамедхановтың «Әтімге» дейтін туындысында айқын көрініс тапқан.

«Алдымда ақын Абай – Темірқазық» деп өлең толғаған Қайым өлеңдеріндегі уытты тіл, сатиралық сарын да өзі айт­қандай Абай сөзінің жалғасы, хакім ұла­ғатының жаңғырығы болса керек. Қайым ақын «Ұстазыма», «Орындалған өсиет», «Жамбыл», «Ойнақы көз, тұрақ­сыз сөз», «Кітап» өлеңдерінде ашыла, ақтарыла түседі.

«Ойнақы көз, тұрақсыз сөз» деп атала­тын туындысында – қазақ аруының бойын­дағы тұрақсыздық, сылқым сұлу­лық, көлгір күлкі сияқты жағымсыз қа­сиеттерді тілге тиек ете отырып, ақын тұла бойы ұят пен арға тұнған, жаны таза, сабыры мол сұлуды, ақылына көркі сай жанды іздейді:

– Түннен қара, күннен нұрлы,

Көрем көзді терең сырлы.

Ақылы алтын, жүзі жарқын,

Терең сырлы, сегіз қырлы – деген жол­дардан да оқырман өз керегін табар. Қайымның өлеңдерін, поэзиясын сөз еткенде ол тап келген заманды, сын сада­ғын кезенген, сенің қия басқаныңды аңдыған цензураны да сөз еткеніміз жөн. Осы заманға дәлме-дәл келу ар­қылы ақындығы, поэзия патшалығында толықтай қыры мен сыры ашылмай қал­ды-ау деген өкініш те басым. Оның социалистік реализмді жырға қосқан бірді-екілі шығармасынан саяси астар іздеп аласартпаған ләзім. Жазғаны аз өлең болғанымен де, ол туралы аз сөз қылсақ та сапа мен салмақ деген сары алтынның салмағы басып, қашанда асқақ тұрары белгілі жайт.

Абайтану ғылымы саласында аты аталып, поэзиялық туындылары мен қаламынан туған шығармалары жайын­да аз-маз сөз айтылатын әдеби мұрасы­ның ішінде шоқтығы биік дүниелер көп-ақ. Қайым қазақ прозасы оның ішінде балалар әдебиетінің де дамуына бір кісідей үлес қосқан тұлға. Көп том­дық шығарма жинағының жетінші то­мына енген әңгімелерден-ақ оны жазу­шы ретінде әспеттеп, тағы бір саты жо­ға­ры қойғымыз келеді. Халық әңгі­мелерінің желісі бойынша «Әділ бөліс», «Бай мен қызметшісі», «Сараң кемпір мен зейінді баласы», «Аңғал бала мен шал» шығармалары бір қарағанда бала­лар ұғымына лайықтап жазылған. Десе де, мысал әңгімелердегі аярлық та, әдлет­сіздік те, қорғаны жоқ елді қанаған мейірімсіз әрі қатыгез жандар образы танылады. Кейіпкердің бірегей бітім-болмысын шебер суреттеуде, әңгіменің тілі жаттықтығымен басы бүтін, кескіні кесек дүние болып шыққан. Балалардың бойынан табылуға тиіс алғырлық пен тапқырлық та әңгіменің өзегі болып алға жетелеп отырады.

Қайым Мұхамедханов – драматургия саласында да қалам тербеген айтулы қа­ламгерлердің бірегейі. Оның өткен ға­сырдың қырқыншы жылдарынан бас­талған шығармашылық жолы тұйық­талып қалмай, бертінгі күнге дейін қазақ театр сахналарында оқырман ойында­ғысын дәл басып, көрермен көңілдегісін көркем тілмен жеткізген өміршең шы­ғармалар болып сомдалды. Бұл сөз дәл қазіргі азаттық аспанында тірлік жал­ғаған мына біздің емес, өткен күндердің де биік бағасы. «Майданнан майданға» немесе екінші атауы «Дауылдан соң» пьесасы 1947 жылы қағазға түскен. Биыл 22 қазанында Қазақстан Жазушылар одағы Президиумының отырысында талқылаудан өткен.

Осы шығарма жайында Ғабит Мү­сіреповтің: «Қайымның «Майданнан – майданға» пьесасы қазақ совет дра­матургиясының жақсы табыстарының бірі есебінде театр сахнасына ұсынылуы керек», – деп ерекше баға беруі бүгінгі әдебиетші және театр майталман­да­рының бағасы болуы еш күмәнсіз. Пьеса оқиғасы – Ұлы Отан соғысынан кейінгі қазақ ауылында өтеді. Негізгі тақырыбы соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қамтығанымен ел мен жердің қамын ойлаған, қайраты мен қажырына сүйе­ніп, қандай іске болсын білек сыбана кірісіп кететін ерлер бейнесін әйгілейді.

1919-1920 жылдары Аягөз, Жарма сияқты елді мекендерде болып өткен тарихи оқиғалар желісімен таңбаланған «Комиссар Ғаббасов» және «Ер Білісай» тарихи драмалары да ақын, жазушы Қайымды қаламы қалыптасқан драма­тург ретінде айшықтайды. «Комиссар Ғаббасов» шығармасында негізгі кейіп­кер Кеңес өкіметін орнатуға белсене ат салысқан Сабыржан Ғаббасов. Драмада сол заманның тарихи шындығы на­ным­ды баяндалады. Ал екінші «Ер Білісай» тарихи драмасы Жарма жерінде Азамат соғысы жылдары-ақ бандыларға қарсы күресте ерлік ісімен көзге түсіп, ел ау­зында «Ер Білісай» атанған әйел Білісай Байғаранова бейнесі суреттеледі.

Оқиғасы Ұлы Отан соғысының соңғы жылдарын қамтитын автордың «Перне» пьесасы тұрмыстық махаббат драмасы. Осы шығарма жайында Сәбит Мұқанов­тың пікіріне 1944 жылы 28 шілдеде Қазақстан Халық комиссарлары советі­нің жанындағы Өнер басқарма­сына жазған хатынан қанығуға болады: «Жазу­шы Қайым Мұхамедхановтың «Перне» пьесасы өнер туралы жазылған сүбелі шығарма. Шынайы талантты дүние. Сондықтан Қазақстан Совет Жазушылар одағы жолдас Қ.Мұхамед­хановтың бұл пьесасын Қазақстан театрларында қойдыруды ұсынады» – дейді. Күнікей, Бұлан, Толқын мен Тоқтар, Күлтай, Шарбан, Рәш, Шал­дыбай сынды кейіп­керлер арасында өрбитін «Перне» пьесасы оқырман көңілінің пернесін дөп басады деп санаймыз.

Қайым Мұхамедхановтың тағы бір қыры – аударма өнеріне барын салып кіріскендігі. Шебер тіл мен түпнұсқа шығарма авторының айтар ойын, кейіп­керлердің көркем образына қылдай қиянат жасамай аударып шығуы шын мәнінде де жазушы Қайымның, ғалым Қайымның ыждаһаттылықпен еңбек­тен­гені танылады. Орыс және татар поэзиясы көрнекті ақындарының өлең­дерінен бастап, драмалық туындыларына дейінгі аралықта біз сөз етіп отырған автордың көркем әлемі де, бізге бей­мәлім сыры мен қыры ашылып, мұхит­тай тереңдігі де, шыңдай биіктігі де өзі іздеген көркем шындыққа да жақындата түседі.

Жасынан жырларымен танылған ақын Қайым әлем әдебиетінде есімі та­нымал тұлғалардың жырларын аударды. Тағы да бір белесті бағындырып, шығар­машылық кеңістігінің керегесін кеңей­тіп, аудармашылық ауанының аясын айқындады. Ол аударған украин ақыны Тарас Шевченко, татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың жырлары қазаққа басқаша сипатта тіл қатты.

Мұнда да тағы да біз ақынның һәм аудармашының жаңашылдығын, жаңа­лыққа құмар қалам иесі екенін бағам­дауымыздың мүмкіндігі туды. Қайым Мұхамедханов украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың айдауда жүргенде жазған «Өсиет», тар қапас, түрменің түбінде жүріп тудырған «Жал­ғызбын мен жалғызбын», татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың «Ащы тәжірибе дауысы», «Ақын» шығармаларынан өзін тапты.

Әдебиеттен білімі жетік, өресі биік жан­ның тағы бір соқпай кетпейтін тақы­рыбы бұл Қайым аударып шыққан орыстың әйгілі жазушысы әрі тарих­шысы Николай Карамзиннің «Бедная Лизасы». Аудармашы-ақын бұл шығар­масында қазақ тілінің бай қорын өзінің пай­дасына шешкен. Шығарманы тұтас­тай алмастан бұрын тек тақырыбын ғана алып қарасаңыз, көп нәрсеге қаныға­рыңыз кәміл. «Бедная Лиза» – Қайым аудармасында «Сормаңдай Лиза». Таң­ғалып, тамсанып, бас шайқамасыңызға еш шара жоқ. Не деген тіл, не деген көр­кем образ?! Міне, қазақ прозасының қамбасын байытарлық аударма дәл осындай болуы керек. Бұл – нағыз ау­дарма саласының жарқын үлгісі. Бүгінгі XXI ғасыр биігінде де біз әрдайым есте ұстайтын, аудармашылар қаперіне еш шығаруға болмайтын дәл осы дер едік. Қайым Мұхамедханов өзінің Тұрағұл Абайұлының Александр Неверовтан аударған «Я хочу жить» шығармасын: «Мен өмірге жерікпін» деп қалай көркем аударған» деген сыңайда сөз саптайды. Біз де Қайым аударған Карамзинның «Сормаңдай Лизасына» Қайым арқылы шын жанымыз ашығаны бар.

«Сормаңдай Лиза» қазақ прозасының жаңалығы, жаңашылдығы дегеніміз – артық сөз емес. 1792 жылы Николай Михайлович қара сөзбен жазған шы­ғарманы Қайымның өлеңмен аударуы да, жалпы повестің бар бойындағы оқи­ғаны қамтуы шын мағынасында шебер­лік кескіні. Бұл бір жағы оқып шығуға оңай болғанымен ежелгі дастан үлгісін қайта жаңғыртқан айтулы шығарма.

Татар драматургі Шариф Камалдың 1915 жылы жазылған «Қажы әфеңді үйленеді» комедиясын жазушы шебер­лікпен аудара білген. Пьеса өткір әжуа, мысқылға кұрылып, қоғамға жат, көп әйел алудың келеңсіз тұстарын, кереғар қылықтарын өткір сынға алады. Үш перделі, төрт картиналы комедияны Қайымның аудармасы арқылы Семейдің Абай атындағы драма театры бірнеше жылдар бойы сахналап, татар жазушы­сы­ның көркем дүниесі Қайым тілінде – қа­зақ тілінде үздіксіз сахналанған болатын. 

Узеир Гаджибековтың «Аршын – мал алан» музыкалық комедиясы, поляк драматургі Ежи Юрандоттың «Уақыт сон­дай», әлемге әйгілі француз дра­матургі Пьер Огюстен Карон де Бомар­шенің «Фигароның үйленуі», А.Фадеев­тің «Жас гвардия» романының желісі бойынша жазылған пьесасын, А.Пуш­киннің «Русалка» драмалық лирикасын Қайым Мұхамедхановтың Тәржімалауы қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс деуіміз керек. Осы драмалық шығар­малар қазақ театрының қойылымдарын байытып, қазақ әдебиеті де бір саты жо­ғарылады деуге толық негіз бар. Со­нау Абайдан бастау алған аударма дәстүрі­нің де Қайым шығармашылы­ғынан болған, Абайдың ақындық өнерін мектебін насихаттаумен бірге өмірде де сол жолдың даңғыл болуына күш салғаны анық.

Арқалы ақын Қайым, қаламы жүйрік жазушы Қайым, дарынды драматург Қайым, аудармашы Қайым, ғалым әрі әдебиеттанушы, абайтанушы һәм алаш­танушы Қайым тұлғасы осынау сан тарап­та, сан мәрте биікке көтерілді. Бір бойын­дағы сан адамның бойынан табылуға тиіс осынау шығармашылық қуат иесі, Қайым Мұхамедханов мұрасы ай айналып, жылдар жылжыған сайын тарих қойнауында, ескі күндер қатпа­рында менмұндалап тұрады. Қазыналы қазақ әдебиетінің қамбасын байытқан айтулы дүниелер авторы, ізденіске толы шығармашылық жолы сәт сайын айшықталып, бізді баурай береді.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік музей-қорығының

аға ғылыми қызметкері