Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы – еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын жалғап тұрған теміржол саласындағы маңызды нысандардың бірі.
Тоғыз жолдың торабында тозған вокзал
5,568
оқылды

Бұл жерде Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышбаев сияқты ұлт қайраткерлерінің маңдай тері мен табан ізі қалған. Кейін келе Шу қаласына аудандық деңгейдегі қала мәртебесі беріліп, вокзалдың өз алдында дербес тіршілігі басталды. Осылайша, талайдың  табаны тиген нысанның тәуелсіздік таңы атқан тұста екінші тынысы ашылды. Алайда Шу вокзалының бүгінгі күнін көріп, жаның ауырады.   

Ұшқан құстың қанаты, сәйгүлік тұл­пар­дың тұяғы талатын Алтай мен Аты­раудың арасына көпір болып келе жатқан вокзал арқылы тек еліміздің ғана емес, Ташкент, Мәскеу, Бишкек секілді шетелдің ірі қалаларына да қатынауға болады. Алайда  осы бір маңызды нысан биліктің назарынан мүлде тыс қалғандай. Себебі 1989 жылы пайдалануға берілген 4 қабатты еңселі ғимараттың бүгінде әбден тозығы жетіп, ескірген. Тек 2012 жылы ғана ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Содан бері бұл жерге көңіл бөлінбеген. 

– Бұл вокзалға еліміздің барлық өңірі­нен келген адамдар аялдайды. То­ғыз жолдың торабы болғандықтан, келу­ші­лердің қатары мол. Әйткенмен вокзал ғимаратының қазіргі келбетін көруге көз ұялады. Ескіруіне байланысты мәрмәр және қабықша плиталары қақ бөлініп сынып жатыр. Тіпті, терезелерінің тозығы жетіп, шытынап тұр. Ішіндегі жиһаздардың барлығы ескі, мүлде жаңармаған. Шатыр жақтауларының да жағдайы мүшкіл. Байқаусызда сол жақтаулардың бірі сынып, келушілердің басына құлап кетсе, оған кім жауап береді? Бұл жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Вокзалдың кіреберісіндегі аяқ жол да шұрық тесік. Пойызға асыққан талай адамның сол жерге сүрініп құлағанына өзім  куә болғанмын. Вокзал маңы алаңы мен перроны қала әкімдігінің баланысында. Алайда перроннан барлық қоқысты вокзал қызметкерлері жинайтыны өз алдына бөлек, бір әңгіме. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біршама уақыт болды.  Бірнеше мәрте «Қазақстан темір жолы» ком­паниясының басшылығы мен жергі­лікті әкімдікке осы бойынша хат та жолда­дық. Алайда одан нәтиже шығып жатқан жоқ. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілетіні жөнінде уәде беріледі, бірақ соз­ба­лаңға салынып келеді. ҚТЖ басшы­лығы үнемі «2012 жылы жөндеу жұмыс­тарын жүргізгенбіз» дегенді алға тартады. Шын мәнінде, сол жөндеу жұмыстары сапалы болса, вокзалымыз жарқырап тұрар еді. Дәл мұндай өңі қашып кетпес еді. Бұл ең әуелі қаланың да сиқын қашырып тұр, – дейді Шу ауданы­ның тұрғыны, «Нағыз патриот­тар» қоғам­дық бірлестігінің басшысы Ғалия Әбітаева. 

Мәселенің мәнісіне үңілмек мақсатта, Шу вокзалының басшысы Шолпан Арысбаеваға хабарласқанымызда, ол ең­бек демалысында екенін айтып, «Қазақ­стан темір жолы» ҰК-ның Жамбыл облыс­тық филиалының басшылығымен байла­нысыңыздар» деп бағытты басқа мекемеге бұрды. Басшы сілтеген бағытпен  аталған мекемеге хабарластық. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ филиалының вокзал шаруа­шылығы магистралдық желісінің Жамбыл бөлімшесі директорының вокзал шаруа­шылығы жөніндегі орынбасары Бейбіт Салықбеков 2012 жылдан бері вокзалға жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмегенін жасырмады.

– Шу вокзалын күрделі жөндеуден өткізу жобасы 2023-2025 жылдарға арнал­ған жоспарға енгізілген. Қазіргі уақытта тиісті мекемеден үзінді көшірме күтілуде. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша конкурстық рәсімдер биылғы қаңтар айына жоспарлануда. Осылайша, екі жылдың бедерінде вокзалды жаңаша кейіпке енгізуді көздеп отырмыз, – деді Бейбіт Айтбайұлы. 

Тозығы жеткен вокзалдың тұрғындарға қауіп төндіретіні айқын. Себебі осыдан 2 жыл бұрын болған қатты желдің салда­рынан вокзал ғимаратының төбесіндегі бір бұрышы құлап, абырой болғанда одан еш­кім зардап шекпеген. Десе де, ғимарат­тың әр бұрышындағы темір, ағаш сияқты түрлі ауыр заттар құлауға шақ тұр.  

Шу вокзалының қайнаған тіршілігі көп­шілікке жақсы таныс. Вокзал арқылы әр бағытқа күн сайын 1500-2000 шамасын­да адам қатынайды. Күніне осынша адам вокзал ғимаратының ішіне кіріп-шығады. Келетін пойызын сағаттап күтіп отыратын жолаушылар да аз емес. Еліміздің әр бағы­тына Шу арқылы тәулігіне 35 пойыз өтсе, вокзалдың өзінде 20 шақты адам жұмыс істейді. Сондай-ақ Шу вокзалының ішінде 1 мемлекеттік, 3 жекеменшік касса келуші­лерге қызмет көрсетеді. Жолаушыларға қыз­мет көрсететін қонақүй мен асхана, ме­ди­циналық пункт пен полиция бөлім­ше­сі, ана мен бала бөлмесі және жүк қой­масы та­ғы бар. Мұның бәрінде жүзге тарта адам қызмет етеді. Былай қарағанда, бір үлкен мекеме. 

Шу қаласының тұрғындарының дені осы вокзал арқылы сауда да жасап күнін көруде. Бұл – баяғыдан қалыптасқан жағдай. Әрі мұндағы пойыз ішіндегі, вокзал маңындағы сауда-саттыққа жолау­шылардың бәрі де үйренген. Осылайша, бұл ғимараттың ішіне күн сайын мыңдаған адам кіріп-шығып жатқанын ескерсек, көпшіліктің қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болуға тиіс. Күн сайын әрі-бері өт­кен, болмаса аялдаған туристер де вок­зал­дың бүгінгі жай-күйіне назар ауда­ратыны анық. Ал тоғыз жолдың торабында тозған вокзал біздің абыройымызды кө­тер­месі анық. Сондықтан вокзалды күр­делі жөн­деуден өткізу – кезек күттірмейтін мә­селе. Бір жылдары Тараз вокзалын да билік өкіл­дері  «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-мен бірлесе отырып, күрделі жөндеу­ден өткізген болатын. Сондықтан «сен салар да, мен салардың...» кебін келтірмей, әрі созбалаңға салмай Шу вокзалының ажарын ашатын кез келді. Ал вокзал ар­қылы туристер біздің мәдениетіміз бен әлеуетімізді тани түсетіні даусыз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы