Сыр өңірі – құпиясын қойнауына бүккен тарихи орындарға бай. Соның ішінде Шиелі ауданындағы Жөлек ауылында ежелгі өркениеттен сыр шертетін құнды ескерткіштер аз емес.
Жөні бөлек Жөлек
888
оқылды

Киелі Шиелі өңірі – Сырдария өзенінің төменгі ағысында қоныстанған құтты мекен. Қай кезде де аудан аумағына шоғырланған ауылдардың қазақылық қалпы сақталып, ауызбіршілігі ажыраған емес. 

Өңірдің өткеніне зер салсаңыз, әрбір ауылдың тарихи, мәдени маңызы зор. Дей тұрғанмен, бұл өңірдегі Жөлек ауылының жөні бөлек. 

Көнекөздердің айтуынша, ежелден бұл мекен халықтың көшіп-қонуына, өзара жол қатынасына  қолайлы саналған. Жау әскерінің де қаупі  туындай бастапты. Соған орай бұл аумаққа Жөлек қорғаны соғылыпты. Дерекке сәйкес, қорғанға қазақтың көшбасшысы Абылай мен Кенесары хандардың әскерлері табан тіреген екен. Орыс пен Орталық Азия, қазақ әскерлерінің арасындағы қақтығыс­тың көбі осы Жөлектің маңында болғаны да айтылады.

«Негізінен, Жөлек қорғаны ХІХ ғасырдың І жартысында Сырдарияның оң жағасында салынған деген ақпар бар. Оны салу  Қоқан ханы Омардың тұсында Сырдарияның төменгі ағысын жаулап алу мақсатында қолға алынса керек. Тарихты сөйлетсек, Ресей әскерлерінің шабуылынан соң 1856 жылы бейбіт тұрғындар қорғанды тастап кетуге мәжбүр болыпты. Ал 1861 жылы Ресей әскерлері Жөлекті толық жаулап алады. Жалпы, 1801 жылы таққа отырған Әлімхан таулық тәжіктердің қолдауына сүйеніп, Әнгрен, Шымкент, Сайрам, Ташкентті түгелімен басып алыпты. Кейіннен 1805 жылы өзін хан деп жариялайды. Осылайша, оның құрған мемлекеті Қоқан хандығы атын иеленеді. Сол кезеңдерде Сыр бойына жасалған қоқандық басқыншылық тарихы осы Омар ханның есімімен тығыз байланыста өрбіді. Аласапыран заманда бұл қорған талай тағдырдың бас сауғалайтын қорғанышы болса керек», – деп түсіндірді Жөлек тарихын тереңінен зерттеп жүрген ауыл тұрғыны Бегімтай Сатаев.

Оның айтуынша, Омар ханның билігі тұ­сында (1809-1822) Қоқан хандығының иелігі Ташкент қаласынан солтүстікке қарай кеңейтілді. Жаугершілік заманда Шымкент, Сайрам, Әулиеата қалаларына жасалған жойқын жорықтардың барысында ол аймақтар Қоқан хандығының құрамына  өтті. Орта жүз хандарының ордасы болып келген Түр­кіс­танды да 1816 жылы Омар хан жаулап ал­ды деген дерек айтылады. 

Негізінен, алғашқы қоқандық бекіністер Омархан (1809-1821) кезінде салыныпты. Бұл жайында  Т.Бейсембиевтің мәліметтерінде қоқандықтар 1814 жылы Шолаққорған, 1815-1820 жылдары Күмісқорған, Жаңақорған, Жөлек бекіністерін салған деп анық көрсетілген.

Ауыл абыздарын сөзге тарта қалсаңыз, бұл аумақ бір кездері қайнаған тіршіліктің ортасы болғанын алға тартады. Соның ішінде Жөлек қорғанынан бөлек, Жөлек базарының да мәні мен маңызы жайында көптеген мағ­лұмат  айтылады.

Негізінен, Жөлек – ежелгі қыпшақ қоны­сы. Ежелгі қоныс Сырдария өзенінің бойына Моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни Сырдария (Яксарт) өзені Қаратау етегінен ағып, қазіргі «Ақ өзек, Көк үйірім» атанып жүрген өзек бойынан асқаннан кейін барып орналасқан. Тарих парақтарынан сол кездері бұл өңірдің сауда-саттық орталығы болғаны да айтылады.

«Тоғыз жолдың торабындағы Сығанақ қаласы  Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және саяси орталығы да болады. Сы­ға­нақ арқылы Ұлы Жібек жолының керуеншілері келіп, Яссыға, Отырарға, Сайрамға тауарлар жеткізіп, сауданы дамытып отырады. Сонымен қатар Сырдария және қатар жатқан Қаратау өңіріндегі Созақ, Құмкент, Жаңакент, Жөлек сияқты қалалар мен қыстақтардың да қолайлы орталықтары болған. Сол заманда ең үлкен «Хан базары» Жөлекте болған. Ертеде осы ауыл арқылы Бұхараға баратын хан жолы өтетін. Жол иегінде ылау ұстайтын керуен сарайы болған»,  – дейді ауыл тұрғыны.

Бегімтай Сатаев – ауыл тарихын жинақтап, жас ұрпақтың санасында жаңғыртуды мақсат тұтып жүрген жанның бірі. Оның ауыл маңын­дағы құнды жәдігерлер мен тарихи ескерткіштер төңірегінде айтары аз емес. Соның ішінде Жөлек қорғаны мен базары төңірегінде тұшымды мәліметтерді толық­тыру­мен жүрген ол ежелгі сауда орнында кәсіп еткен баба ұрпақтарының естеліктерімен де бөліседі. 

Өз заманында Жөлек бойындағы ірі базарға ірі қара, жылқы малы, қой жүні, тері-терсегі тай-тайлап түйеге артып, жеткізіліп отырса керек.  Кәсіпкерлер Ресей елінің Самара қаласындағы  үлкен базарда сауда-саттық жасап, ол жақтан азық-түлік, қант-шай, кездеме мата түрлеріне айырбастайтын болған.  Саудагерлер әкелген заттарын атақты «Жібек жолы» бойындағы «Жөлек» жәрмең­кесінің ашылу мереке-салтанатына сәйкестен­діріп отырған. Ол кезде «Жөлек» жәрмеңкесі тек сауда-саттықпен айналысумен шектелмесе керек. Онда үлкен алтыбақан, аударыспақ, балуан күрес ұйымдастырылып, ұлттық ойын-сауықтар да өткізілген. Мұндай мереке бірнеше күнге созылатын болған. 

Ел арасында Жөлек сөзінің шығу тарихы төңірегінде де түрлі болжам айтылады. Со­ның ішінде бұл атау «желек» сөзінен туын­дағанын алға тартып жатады. Оған негіз де жоқ емес.

Дерекке сәйкес, ең алғаш қоқандықтар 1815 жылы қорғанды тұрғызған сәтте оның айналасына тал, терек ағаштарын отырғызып­ты. Сонымен қатар алма, жүзім, шие, өрік секілді жеміс ағаштарын да жайқалтып, бау-бақшасын өсіріп, қорған маңын жасыл желекке айналдырады. Бір сөзбен айтқанда, Жөлек қорғаны маңы  табиғи сұлулығына көз сүйсінетін көркем мекен болса керек. Бұған қоса, отырықшы қазақтар қорған аумағында егін шаруашылығымен айналысып, қолөнер мен өнеркәсібін дамытуға көп ықпал жасаған. Соған орай қорған айналасының жасыл желекті болуын «Жөлек» атауымен бай­ланыстыруы шындыққа келетін секілді.

Қалай дегенде де, сырға толы Жөлек қорғаны өткенімізден сыр шертетін тарихи құндылығымыз саналады. Қорған маңы әлі талай құпияны ішіне бүгіп жатқаны мәлім. Алайда уақыт өте келе тарихтың тылсым парақтары ашыла түсетініне сенім зор.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы