Nobel Fest халықаралық фестивалінің ашылу сессиясында қазақстандық кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Қазақстанды заманауи әлемде айтарлықтай ілгерілете алатын технологиялар туралы айтты.
Nobel Fest: Қазақстанда 4 жылдан бері блокчейн технологиясы дамыды
1,749
оқылды

Бизнесменнің айтуынша, интернетті блокчейн технологиялар, жасанды интеллект, кеңейтілген және виртуалды шындық, Big Data, финтех, биомедицина, кванттық компьютерлер, жасыл энергия алмастырып отыр. 

 

«Бүгінде Қазақстанның бірегей тарихи мүмкіндігі бар, біз одан айырылып қалмауымыз керек. Бұл – технологиялық трансформация кезінде ғана ашылатын мүмкіндік. Дәл үшінші өнеркәсіптік революция Азия жолбарыстарына дамуда секіріс жасауға және әлемдегі инновациялық көшбасшы болуға көмектескен еді. Ал бүгін Қазақ барысының технологиялық секіріс жасап, қазақстандық жас ғалымдар мен инноваторлардың таланттары мен қабілеттерін әлемге көрсететін кезі келді. Қазір технологиялық революция уақыты, жаңа технологияларды жасау үшін терең тарихи тәжірибе қажет емес, өйткені бұл технологиялардың өзі әлем үшін жаңа», – деді Исламбек Салжанов.

Ол өзінің баяндамасында, Қазақстанды жоғары технологиялық дамыған елге айналдыру – Қазақстан Президентінің Үкімет алдына қойған басым міндеттерінің бірі екендігін атады. Оның айтуынша, бүгінгі күні  қазақстандық кәсіпкерлер өздерінің стартаптарын құра отырып, инновациялық өнімдерімен және қызметтерімен әлемдік нарыққа шығып келеді. 

 

«Біздің  Altyn Qyran Group компаниясы қазақстандық блокчейн технологиялары және Дата орталықтары қауымдастығын құрды, сонымен қатар Қазақстанда блокчейн технологиясын 4 жылдан астам уақыттан бері дамытып келеді. Біздің қауымдастығымыз Қазақстанды әлемдік компанияларға есептеу қызметтерін көрсететін жаһандық хабтардың біріне айналдыру мақсатында цифрлық экономиканы одан әрі дамыту бойынша Қазақстан  Парламентімен және Үкіметімен тығыз жұмыс істеп келеді», – деп атап өтті Исламбек Салжанов.

Сонымен қатар кәсіпкер жаңа технологиялар энергия қуатын арттыруды талап ететінін алға тартты. Оның айтуынша, Қазақстан өнеркәсіптік сақтау құрылғыларын пайдалана отырып, жел мен күн электр стансаларын салу арқылы электр қуатын өндіруді барынша жылдамдата алады. Өнеркәсіп қоймаларын пайдалана отырып, жел мен күн электр стансаларын салу – ең тиімді болып отыр. 

 

«Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында. Осы орайда жел мен күн қуатының әлеуеті зор. Бір ғана «Жоңғар қақпасының» әлеуеті, сарапшылардың пікірінше 100 мың мегаватқа дейін жетеді. Бұл – жел күші өте жоғары әлемдегі ең ерекше жер. Big Data мен электр энергиясы мұнайдың жаңа түріне айналды», – деп атап өтті Исламбек Салжанов.

Нобель фестиваліне қатысушылар алдында сөз сөйлеген Исламбек Салжанов «Жоңғар қақпасының» әлеуетін жүзеге асыру үшін жасыл энергетика және блокчейн технологиясы саласында инженерлер мен ғалымдарға сұраныс басым болатынын, сондықтан жастарды осы саладағы мамандықтарды меңгеруге және салалық тенденцияларды назарда ұстауға шақырды.  

Айта кетейік, білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде, фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі  Altyn Qyran Foundation  қолдап отыр.