Алдыңғы жылдармен салыстырғанда іргелі зерттеулер саны 26%, ал қолданбалы зерттеулер 18% артқан.
ЕҰУ-да ғылымнан түскен табыс үш есе өсті
1,063
оқылды

Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жыл сайынғы есеп беру кездесуінде айтты. 

Офлайн және онлайн форматта өткен есептік кездесуде ЕҰУ ректоры 2022-2023 оқу жылындағы жұмыс қорытындылары туралы хабардар етті және алдағы жылдарға арналған университеттің басымдықтарын белгіледі. Оған студенттер мен олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Ерлан Сыдықов университеттің маңызды ғылыми жетістіктеріне баса назар аударды. Биыл университет ғылымынан түскен кірістердің үлесі 2020 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсіп, 5,03 млрд теңге құрады.

ЕҰУ ғалымдары 240-тан астам ғылыми зерттеулер мен 10 халықаралық ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Олар атом және сутегі энергетикасы, молекулалық биология, гендік инженерия, биомедицина, геоақпараттық модельдеу, жаңа құрылыс материалдары және басқа да салаларды қамтиды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда іргелі зерттеулер саны 26%, ал қолданбалы зерттеулер 18% артты.

2022 жылы ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесі бойынша 125 авторлық куәлік пен патент алынды. ЕҰУ-дың 6 зертханасы Ұлттық аккредиттеу орталығымен аккредиттелген.

 «Еуразия ұлттық университетін зерттеу университетіне трансформациялау және инновациялық экономиканы дамытуға қосқан үлесімізді арттыру шеңберінде ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріледі. Есепті кезеңде «ENU-TECH» жаңа кампусында заманауи ғылыми-техникалық инфрақұрылым мен аккредиттелген зертханалар желісін құру үшін құны 10 млрд.теңге болатын инвестициялық бағдарлама әзірленді. Соңғы 5 жылда алғаш рет университеттің өз қаражатынан жоғары дәлдіктегі ғылыми жабдықтарды сатып алуға 703 млн. теңге бөлінді. Біз ғылыми-инновациялық және білім беру әлеуетін одан әрі арттыруға, сондай-ақ ғалымдарымыздың әзірлемелерін коммерцияландыруға жәрдемдесуге ниеттіміз. Біздің «Ядролық технологиялар паркі» АҚ базасында 5 шағын өндіріс жұмыс істейді. Біз бизнеспен және экономиканың нақты секторындағы ірі кәсіпорындармен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз. Қазір 3D принтерлерді құрастыру, Швейцария зерттеушілерімен бірлесе өнеркәсіп қалдықтарын қолдану арқылы геополимерлі бетондар шығаруға арналған технологиялық желіні орнату бойынша шағын өндірістер құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге бүгінде біздің ғалым Абдулла Омаровтың сейсмология бағытындағы жобасына Малайзияның ірі компаниясы қызығушылық танытып отыр», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Кадрлық әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ЕҰУ жастарды ғылымға тартуға баса назар аударады. Соның арқасында тек есепті жылдың өзінде 40 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 36 пайыздан 53 пайызға өсті. Өткен жылдан бастап ЕҰУ-да «зерттеуші» деген жаңа лауазым енгізілді, сондай-ақ университет өз қаражаты есебінен коммерцияландыру бағытындағы әлеуетті идеялары бар жас ғалымдарды қолдау мақсатында жыл сайынғы «JANA ASU» ішкі грантын бекітті.

Бүгінде «Жас ғалым» президенттік жобасы аясында ЕҰУ кафедралары мен ғылыми бөлімшелерінде ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын жас ғалымдар тобы 71 постдокторантқа артты.

Университет халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Өткен жылы ЕҰУ ғалымдары 700-ден астам шетелдік мамандармен бірлесе еңбек етті.

Ректор есептік кездесу барысында соңғы 5 жылда ЕҰУ ғалымдарының мақала жариялау белсенділігі екі есеге артқанын атап өтті. Олардың дені Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. Scopus деректер базасы бойынша ЕҰУ ғалымдарының бір мақаласына орташа дәйексөз көрсеткіші 4,4, физика-техникалық факультеті ғалымдарында 7,1 құрайды. 

Биыл ЕҰУ-дың 17 оқытушысы ҚР профессор-оқытушылар құрамының ТОП-50 бас рейтингіне енгізілді. Онда бірінші орынды Хирш индексі бойынша Қазақстанның ТОП-100 ғалымының көшін бастайтын университеттің профессоры Рәтбай Мырзақұлов иеленді. 

«ЕҰУ ҚР БҒМ Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің ұсынылатын басылымдар тізіміне енгізілген ғылыми журналдар саны бойынша, сондай-ақ халықаралық мәліметтер базасында индекстеу бойынша көшбасшылар қатарына кіреді. Web of Science Core Collection халықаралық деректер базасына енгізілген 17 отандық журналдың 3-еуі – «Eurasian Mathematical Journal», «Eurasian Journal of Mathematical and Computer Application» және «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» ЕҰУ-да ағылшын тілінде жарық көреді», - деп атап өтті ректор есеп беру кездесуінде.

Қызмет көрсету сапасын сыртқы бағалау университеттің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіші болып табылады. 2022 жылы ЕҰУ QS нұсқасы бойынша алғаш рет Азиядағы үздік университеттердің топ - 100 рейтингіне кірді. Сондай-ақ, университет QS World University Rankings by Subject 2023 пәндік рейтингіндегі өз позицияларын нығайтып қана қоймай, өкілдігін 11-ден 17 пәнге дейін кеңейтті. Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің дайындаға рейтингіне ЕҰУ-нің 192 білім беру бағдарламасы кірді, олардың 180-і алғашқы үш орындарды иеленді.

2022 жылы ЕҰУ-да 30 елден келген студенттер 240-тан астам білім беру бағдарламасы бойынша білім алды. Университет нарық қажеттіліктерін ескере отырып, оқытудың жаңа бағдарламаларын енгізуге ерекше назар аударады. Кәсіби стандарттар негізінде 129 білім беру және 35 инновациялық бағдарлама әзірленді. Бұл ретте жыл сайын ағылшын тіліндегі бағдарламалар мен білім алушылардың саны артып келеді.

 «2022 жылы Ош мемлекеттік университетінде ЕҰУ филиалын аштық. Қазір онда бірнеше білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізілуде. 2023 жылы университет бакалавр және магистр дәрежесімен 5 мыңға жуық маман дайындағанын атап өткім келеді. Сондай-ақ, 220 түлек ЕҰУ колледжінде алты мамандық бойынша оқуын сәтті аяқтады. Түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында «Мансап» ақпараттық платформасын әзірледік. Бұл - жұмыс берушілердің, шетелдік компаниялардың, университеттің білім алушылары мен түлектерінің байланыс орнатуына арналған ашық веб-алаң»,- деп түсіндірді ректор.

Сыдықов сонымен қатар университетте инклюзивті білім беруді және «Ешкім де назардан тыс қалмайды» қағидатын жүзеге асыруға қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті. «ЕҰУ-да инклюзивті білім беруді дамытудың 2023–2025 жылдарға арналған жол картасы» қабылданып, «Инклюзивті репетиторларға қолдау көрсету зертханасын» ашу жоспарланып отыр.

Алыс және жақын шетелдердің жетекші университеттері ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда. Бүгінгі таңда ЕҰУ-мен әлемнің 460-тан астам университеті тығыз байланыс орнатқан. 2022 жылы шетел азаматтары үшін «Күлтегін» және «Гумилев» атындағы шәкіртақы тағайындалды.

Есеп беру кездесуінің соңында ректор студенттер мен оқытушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.