ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақырылады. Әскерге шақыру қағаздарын табыстау қалай жүзеге асырылады, азамат әскерге шақыру пунктіне уақытында бармаса, қандай жаза қолданылады? Бұл сұрақтарға подполковник Руслан Тапашев жауап берді.
Оның айтуынша, азаматтарды смс хабарлама арқылы әскерге шақыру тестік режимде жұмыс істеп жатыр.
"Әскерге шақыру қағаздары азаматтардың жұмыс орны немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша тапсырылады. Оны алған адам қол қойып, түбіртек алады. Кейін сол түбіртек әскерге шақырушының жеке ісіне тігіледі. Биыл смс хабарламалар арқылы әскерге шақыру тестілік режимде жүріп жатыр. Кейін бұл әдісті ресми етіп, нормативтік құқықтық актілерге бекіту жоспарланды", - деді подполковник.
Әскерге шақырылған азамат әскерге шақыру пунктіне келмесе, оған қандайда бір жаза көзделген бе ?
"Әскерге шақырылушы жергілікті әскери басқару органдарының шақыртуы бойынша жиын пунктіне келмеген жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодектсің 648-бабына сәйкес, 5 АЕК (14 585 теңге) дейін айыппұлмен жазаланады", - деп жауап берді Руслан Тапашев
Әскерге шақырылушы 5 АЕК айыппұл төлегеннен кейін еркін жүре ала ма? Әлде одан басқа да қатаң жаза бар ма?
"Әрине бар, ондай жағдайда әскерге шақырылушы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ол егер әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген болса, Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойыншв 1000 АЕК дейін айыппұл мөлшерінде жазаланады немесе 400 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 1 жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе бас бостандығынан айрылуы мүмкін", - деді подполковник Руслан Тапашев.