Сотта қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіден жауап алынды.
Бишімбаев соты: Салтанат Нүкенованың бет-аузы көгерген суреті көрсетілді
Фото: kursiv.media
526
оқылды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Сотта қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіден жауап алынды. Ол Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың қалай танысып, қалай аралары суығаны, олардың арасындағы ұрыс-жанжал туралы айтып, қарындасының бет-аузы көгерген суретін көрсетті.

видеодан скриншот

Оның сөзінше, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы жанжал 2022 жылдың желтоқсан айында Bau мейрамханасында болған. Ұрысқа Бишімбаевтың мейрамхана қызметкерлерімен дөрекі сөйлескені себеп болған.

Ерлі-зайыптылардың арасындағы тағы бір жанжал сол жылдың 31 желтоқсанында Бишімбаевтар жиналған отбасылық кеште болады. Сол күні Салтанат өзіне күйеуі сыйлаған иіссуды қонақтарға тарту еткен. Сол үшін Қуандық әйеліне дауыс көтерген, кейін балаларына да айғайлаған. Мерекелік дастарханды қонақтардың көзінше төңкеріп тастаған.

Айтбек Амангелді 1 қаңтарда Салтанатқа хабарласқанын айтады.

«Кеше не болды?», деп сұрадым. «Қуандық қонақтар отырған үстелді ас-ауқатымен қосып аударып тастады» деп жауап берді Салтанат», – дейді Айтбек Амангелді.

Айта кетсек, 27 наурызда 12 алқабидің қатысуымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың негізгі сот отырысы өткен.

Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:

ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;

1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.

Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:

ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

Айта кетейік, 2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылып отыр. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.