Қазір орталықта 71 бала бар.
Ата-анасына оралғысы келмейтін балалар бар –  тәрбиеші
Дариға Құрманалы
2,605
оқылды

Сәбилер үйі толы бар асылға:

кілем бе, күйсандық па, ағашың ба,

ылғи бір шытынбайтын жылы жүздер,

байлық та, мейірім де – бәрі осында, – деп Фариза Оңғарсынова айтқандай, Астанадағы Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» бөбектері бізді көріп, ішкен асын қойып, жапа-тармағай жүгіріп, құшақтап, мойынға асылды.

Кіп-кішкентай бүлдіршіндер. Бәрі тақылдап тұр. Қасымыздағы балалар үйінің директордың міндетін атқарушысы Аягөз Бағдатқызына «Апай, сіз мені білесіз бе? Мені ұмытқан жоқсыз ғой» деп улай-шулай жөнелді. Бұған үйренген Аягөз апайлары да «әрине, білемін» деп әрқайсысының халін сұрап жатты.

– Халимуш, сені қашан алып кетеді?

– Ертең, – деп жымиды.

Оның айтуынша, ересектен гөрі 3 пен 6 жасқа дейінгі бөбектер көбірек асырауға алынады. Кез келген жан балалар үйіне келіп, баланы жетектеп әкете алмайды. Жетім балалар мен ата-ананың қарауынсыз қалғандардың дерегі арнайы республикалық балалар банкінде жинақталған. Сол жерден тәрбиеленушілердің мәліметін қарап, Қорғаншылық және қамқоршылық  бөлімнен баламен жүздесуге рұқсатнамасын алуы тиіс.

Біз тек баламен кездесіп, танысуына мүмкіндік бермесек, оны асырап алуын шешпейміз. Бұл – Қорғаншылық және қамқоршылық  бөлімнің қолында. Әуелі екі жұма сөйлесіп, араласып, хал сұрасуға уақыт беріледі. Қонаққа келіп жүріп, қандай да бір шешім қабылдауына атсалысамыз. Шыны керек, әр баланың тағдырына уайымдаймыз. Баланы бауырына басу – оңай дүние емес. Жақын туысы болса да мейлі, өзінің қиындығы бар,  – дейді Аягөз Бағдатқызы.

Арагідік ол кісі «менің әжетайым қайда?» деп шулап жатқан балалардың арасына көз салып іздеп еді, таппады. Бір уақытта арғы жақтан 3-4 жастағы бүлдіршін томпаңдап келіп, апайының мойнына асылды. Ол да оны көргеніне мәз, бетінен сүйіп жатты. Әр тәрбиешінің өз еркетотайы бар деген осы шығар...

Балалар бізді бөтенсініп, жатырқамады. Іле-шала біреуі «Менің үйімнің жанында ойыншықтар дүкені бар ғой, білесіз бе?» деп айтып қояды. Орталық ішіндегі балабақшада – 26 бала. Мемлекеттік бақшадағыдай барлығымен қамтамасыз етілген. 70 орынға арналған мекемеде қазір 71 бала. Мұндағы 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың көпшілігі – әке-шешесі ата-аналық құқығынан шектелген немесе айырылғандар, қараусыз қалғандар, көшеден табылғандар не болмаса өмірлік қиын жағдайға тап болғандар.

– Бұрынғыдай «оны бақпаймын, керек емес» деп баласын бізге әкеліп тастай алмайды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған жандардың балалары ғана қабылданады. Кейбірінің ата-анасы сырқатына байланысты ауруханаға түсіп, балалары амалсыздықтан келеді. Арасында әке-шешесінен таяқ жеп, соққысынан көз ашпайтыны бар. Ішімдікке салынып, үйінен кетіп, қараусыз қалатыны тағы бар. Салдарынан түнгі клубтар мен ойынханада таңын атырып, сандалған жасөспірімдер. Сот шешімі бойынша арнаулы мектептерге баратыны да осында түседі. Онда да балаларды бізге Ювеналды полиция қызметкерлері мен Қорғаншылық және қамқоршылық  бөлімнің құқық қорғаушылары әкеледі. Әзірге баласынан бас тартқан ата-ана екеу ғана. Оның біреуінің әкесі жоқ. «Баланы алмаймын, маған оның керегі жоқ. Қазіргі жолдасым баланы қабылдамады» деп бас тартып, жаңадан өмірін бастамақшы, – деді әлеуметтік педагог Алтынай Ермекқызы.

Әлеуметтік педагогтің айтуынша, пандемиядан кейін елдің ахуалы қиындап, бүгінгі қымбатшылық пен ақшаның құнсыздығынан шалғай елді мекендердегі жұрт күнкөрісі үшін ірі қалаларға бас сауғалаған. «Әсіресе, оңтүстік жақтан келгендер өте көп. Баспанасы, жұмысы болмаған соң балаларын қалдыруға мәжбүр. Оның басым көпшілігі – жалғызбасты аналар. Кем дегенде 3-4 баладан жетектеген. Қалдыратын жері болмаған соң жұмысқа да шыға алмайды. Шықпаса, күн көре алмайды. Зәбір көрген жолдасына оралғысы тағы келмейді. Сондықтан баланы орталыққа өткізуге мәжбүр болғаны жетіп артылады», дейді Алтынай Әубәкірова.

 

Қос қызын екі жыл бойы іздемеген ана

«Бізде әрдайым қызу қайнап жатқан тіршілік. Өзгелердікі секілді белгіленген уақыт есікті жауып кететін жұмыс жоқ, тәулік бойы жұмыстамыз» деген директордың міндетін атқарушысы Аягөз Бағдатқызы бұл мекемеде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Айтуынша, орталықтың құқықтық психологиялық және балаларды отбасына орнықтыру бойынша айналысатын екі қызметі бар.

– Баланың көпшілігі өзінің жақындарына қайтарылады. Егер олардың жағдайы болмай, бас тартса ғана Жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандардың республикалық банкіне енгізіледі. Осыдан кейін баланы асырауға дайын отбасыны іздестіріп, жақсы ортаға орнықтыруға тырысамыз. Кейбірін патронаттық отбасылар асыраса, көбін қамқоршылыққа алады. Арасында кейбірін қайтарып жатады. Онда да былтыр асырап алғаны емес, бұрнағы уақытта, яғни кішкентайында бауырына басқаны жиірек кездеседі.

 «Кішкентай баланың мәселесі де ұсақ-түйек, ал ол өскен сайын  проблемасы да ұлғаяды» деген сөздің жаны бар. Әрине, әу басында отбасындағылар баланы еркелетіп, барынша көңілін аулап, шаң жуытпайды. Алайда уақыт өте ата-ана күйбең тірліктің қамымен оған бастапқыдай көңіл бөлмейді. Оны сезген бала қырсығып, әке-шешесін сөзіне құлақ аспай, ерегісе бастайды. Арада келіспеушілік туындап, арты кикілжіңге ұласады. Оның үстіне, жасөспірімнің өтпелі кезеңде көңіл күйі ауытқып, өзгеріп тұрады емес пе? Өкініштісі, осыны көп ата-ана елемей, еркіне жібереді. Тығырыққа тіреліп, басқа шығар жол таппағанда баланы қайтару оңтайлы шешім боп көрінеді. Алабөтен жан емес, ағайын-туғанның өзі баланы қайтарғаны бар. Тіпті, бір емес, екі-үш рет асырап алып, қайтарған. Осындай жағдайда бала үш рет тастанды атанып, оның психикасына үш есе ауыр тиетіні де рас. Міне, солар сотқар, содырға айналады. Ал олармен тіл табысып, айтқаныңды тыңдатып, істету – қиынның-қиыны», – деді Аягөз Бағдатқызы. 

Келіншек бірнеше жыл қатарынан бала өткізіп тұрған

 Мекемеге кіргеннен саяжайлар мекеніне түскендей күй кешесіз. Айнала екі қабатты коттедждер. Соның үшеуінде балалар үйінің тәрбиеленушілері, яғни бірінде – уақытша топ, қалғаны тұрақты топтың балалары тұрады. Осы тұрақты топтың ұлдары мен қыздары бөлек, бір-бір үйде орналасқан. Әр коттеджде 12-15 баладан екі үлкен отбасы ретінде топтасқан.   

– Бізге түскен жеткіншектерді алдымен уақытша топқа орналастырады. Жарты жылдың ішінде әлгі баланың құжатын реттеп, ата-анасының қамқорлығында қала ма, жоқ па, соны анықтайды. Қалмаса ағайын-туысын іздестіріп, олармен сөйлесіп, баланы алуға жағдайы бар-жоғын біліп, жақындарының қамқорлығына беруге тырысамыз. Егер туған-туысы табылмаса немесе оны алудан бас тартса, Қорғаншылық және қамқоршылық  бөлімнің шешіміне қарай бала тұрақты топқа ауыстырылады, – деді әлеуметтік педагог Алтынай Ермекқызы.

Оның айтуынша, балалардан ұялы телефон алынып, сыртқа шығуына тыйым салынады. Ал сағат кешкі 10-дарда – ұйқының уақыты.

– Балалардың қай-қайсысын алсаңыз да тағдыры ауыр. Уақытша топтағылардың ортаға үйренісуі тіптен қиын. Соның ішінде балалар бір емес, бірнеше рет түсіп отыр. Нақты айтсақ, бір отбасы. Алғаш түскенде әулетте төрт бала еді. Жылда тағы бір баладан өткізіп, бүгінде 6 балаға жетті. Тағы бір нәрестесі сәбилер үйінде. Ешбірінің әкесі жоқ. Келіншек негізі балаларын жақсы көреді, бірақ өмірге жеңіл қарайды. Өмірін орнықтырмақ боп тұрмысқа шығады. Алайда қарым-қатынасы ұзаққа бармай, ажырасып, ортада бала қалады. Ал олардың көз ашқалы көргені – осы. Балалар үшін бұл жағдай қалыпты дүниеге айналған. Соған қарай олардың мінез-құлқы да өзгеріп кеткен. Ондай отбасында тәртіп қайдан болсын. «Өзі би, өзі қожа» боп емін-еркін, ойына келгенін істегенге үйреніп қалған. Қай уақытта тамақ ішеді, қашан ұйықтайды өз еркінде. Бізде тәртіп – қатал. Уақытында ұйықтап, тамақ ішіп, сабағына дайындалады. Міне, осыдан шаршайды, көндіккісі келмейді. Әрине, бастапқыда уақытылы тамаққа, тазалыққа, бәрі дайынға кім қызықпайды. Өкініштісі, қуанышы ұзаққа бармайды. Әрі кетсе 2-3 күнге шыдап бағады. Бұл – бір ғана мысал. Қазір іс комиссияның қарауында, бұған дейін ата-аналық құқығы шектелген еді. Ал осындай баланың бізде қаншамасы бар, – дейді Алтынай Әубәкірова. 

 Мүгедегі де, қылмыскері де бір топта

 Былтырдың өзінде уақытша топқа 722 бала түскен. Соның 690-ы өзінің отбасына қайтарылып, жылдың аяғында 24-і қалған. Бүгінде орталықтағы 71 баланың 26-сы уақытша топта, қалғаны тұрақты топта. Олар кәмелеттік жасқа толғаннан дейін осында қалады. Оның ішінде ұлдары – 19. Мұны жігіттердің үйін көріп қайтқанда білдік.

Қызметкерлердің сөзінше, мекемеге түскен баланы бірден журналға тіркеп, әрқайсысына жеке іс тігіледі. Статкартада қабылданған күні, дәрігердің тексерісінен өтіп, денсаулығына байланысты анықтамасына дейін жинақталады.

Төргі бөлмеде балалардың төрт-бесеуі ойнап отыр. Бізге амандасқаны болмаса, ойыннан бас көтерер емес. Ішіндегі аңғалдау Виталий жүгіріп келіп, шаш үлгісін көрсетіп, мақтанып кетті. Сол арада балаларға бас-көз болған тәрбиеші 30 жылда түрлі баланы көргенін сөз етті.

«Баланың неше түрлісін көрдік. Арасында кітап оқи алмайтыны да, жазу-сызуды білмейтіні де кездесті. Тіпті, қолынан түк келмейтіні болды. Осының бәрін үйретіп, оған өзін-өзі таза ұстаудан бастап, киім-кешегін бүктеп, реттеуді бойына сіңіруге тырысамыз. Кейбірі  ештеңе істегісі келмейді. Орнына өзің істеуге тура келеді», деді уақытша топтың аға тәрбиешісі.

Оның айтуынша, уақытша топтағы балаларды мекеме жанындағы мұғалімдер келіп оқытады. Өйткені ортаға әлі үйреніспеген бала қашуға бейім. Оқу залында мұғалім сабақ өткізіп жатты. Ал балалардың жатын бөлмелері үстіңгі қабатта орналасқан. «Іштегі бүкіл әрлеп, жөндеу жұмысын өзіміз істеп, тәрбиеленушілерге үйдегідей жағдай жасауға тырысамыз»,  деп ақтарылды тәрбиеші.

– Тобымызға келген баланы өзіміз тазалап, жуындырамыз. Ал ескі киімін жуған соң пакетке салып, кімдікі екенін жазып қойылады. Әуелде кір-қожалақ, жүдеп-жадаған балаларға өңі кіре бастайды. Ата-аналары танымай жатады. Қиыны – 3 жастан 18 жасқа дейінгінің бәрі осында. Арасында мүгедегі де, қылмыстық жауапқа тартылғаны да бар. Міне, соларға сақтықпен қараймыз, – дейді Гүлжан Сайлауқызы.

Тәрбиешінің сөзін мекеме басшысы да қуаттап, осы мәселеге алаңдаушылық білдірді.

– Тұрақты топтан гөрі уақытшада кикілжің мен келеңсіздік көбірек. Себебі, ортаға үйреніскенше олар осында. Арасында ішіп алғаны ғана емес, шеккені де болады. Мінез-құлқында әумесерлігі анықталғандар арнайы мектепке жіберілгенге дейін де бізде тұрақтайды. Алдында ғана келіп кеткен бұзақы қайта түсуі мүмкін. Ойлаңызшы, кәмелеттік жасқа толмаса да еңгезердей жігітті кішкентай 4 жасар баламен бірге ұстау қолайсыз. Әрине, ондайын білсек, Полиция департаментінен оған бас-көз болатын біреуді сұратамыз. Олар да әрдайым айтқанымызға құлақ асып, көмектеседі. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, оларды медициналық блоктағы изоляторға орналастырамыз. Құдай сақтасын, алда-жалда оқыс жағдай болса, не істейміз? Осы мәселені бір емес, бірнеше рет көтердік. Бір білетінім, құлыншақтар олармен бірге болмауы керек. Үлкені мен кішісін бөле ме, әлде оларға арнайы топ аша ма, әйтеуір біржақты етсе, дұрыс болар еді, әрдайым айтқанымызға құлақ асып, көмектесуге тырысады,  – деді балалар үйі  директорының міндетін атқарушысы Аягөз Бағдатқызы.

Ауланың орта тұсында балалардың ойын ойнайтын ауласымен жабдықталған. Ғимараттың арғы жағында футбол алаңы және тренажер залы бар.  

Әке-шешесіне оралғысы келмейтіндері де бар

 Баласымен жүздесіп, сөйлескісі келетін ата-анаға мекеменің есігі ашық. Уақытына да шектеу жоқ. Кешкі сағат 18.00-ге дейін осында бола алады. Тек бала үйіне не болмаса ағайындарына жіберілмейді. Кенеттен ет жақыны көз жұмып, қаза тапса, жаназасына қатыса алады.

Әлеуметтік педагогтің айтуынша, әр баламен сөйлесе сырлас, дос боп кеткені де аз емес. Көп баланың сотқарға айналуы – ата-анасынан қараусыз қалғаны. «Жалпы, «біреу тоңып секірсе, енді бірі тойып секіреді» дегендей арасында жағдайы жақсы, толыққанды отбасының баласы да түскен. Ата-анасымен ұрсысып, үйден қашып кеткен. Оны іздеу салып, табылған соң бізге әкеледі. Тағы бірде қақаған қыстың күнінде 3 жасар қыз түсті. Инспектор көшеден тауып алып, бізге әкеліпті. Әке-шешесі жұмысқа кетіп, бала тәтесімен үйде қалған. Сөйтсе әлгі тәтесінің кішкене ауытқуы бар екен. Баланың қолына киімін ұстатып, далаға шығарып жіберген. Ертеңінде әлгі бүлдіршінді анасы алып кетті», дейді  Алтынай Ермекқызы.

– Кейбір бала ағайын-туысын немесе әке-шешесін жасырып, айтпайды. Ал іздестіру жұмысы ұзаққа созылады. Бірде бізге орыстың екі қызы түсті. Ата-анасын таба алмай көп жүрдік. Ұмытпасам, екі жылдай іздедік. Сөйтсек, ананың балаларына туғаннан құжаты болмаған. Еш жерде тіркелмеген. Әйтеуір дегенде анасын тауып, «Право» қоғамдық қоры арқылы құжатын реттедік. Соған қарамастан ол ата-ана құқығынан шектелді. Қалай десек те, екі жыл бойы балаларды іздемегені әсер етті, – деген  Алтынай Ермекқызы әлгі келіншектің ішімдікке салынғанын айтты.

Тәрбиешінің айтуынша, кейде баланың жақыны  табылды деген қуанышы ұзаққа бармайды. «Әуелде бір тәрбиеленушінің әкесі жоқ деп түскен. Кейін барын біліп, іздестірдік. Өкінішке қарай, баланың әкесін таптық дегенде одан айырылып қалдық.  Қазір сол бала оннан асты», деді ол.

Негізі, мекемеде 24 тәрбиеші және үш аға тәрбиеші жұмыс істейді. «Аға тәрбиешілеріміз таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істеп, топтағы балалардың қажет дүниесін алған-алмағанын қадағалап, материалдық тұрғысынан жауап береді. Ал қалған тәрбиешіміз алма-кезек ауысып отырады. Бір күн, бір түн істеп, екі тәулік дем алады. Сонда әр отбасында 8 тәрбиешіден, бір аға тәрбиешіден келеді. Олар үйіндегі балалардың әрқайсысын бақшасына, мектебіне уақытымен апарып, әкеледі», дейді Аягөз Бағдатқызы. 

Басшылықтың сөзінше, енді бір тәрбиеленушілер орталыққа үйренгені соншалық, ата-анасына оралғысы келмейді.

– Мысалы, төрт ағайынды бала бар. Үлкені – 10 жаста. Жасөспірім қыздың айтуынша, үйдің бүкіл жұмысы осының мойнында екен. Тұрмыстың бейнетін бір адамдай көріп тастаған. «Өзімнен кейінгі үш бауырымды бағып-қақтым. Үйдің тірлігі ғана емес, тамақ дайындау, киім жуу, бала қарау – бәрі мойнымда. Бірдеңені дұрыс істемей қалсам, оңдырмай ұрысты да, таяқты да жеймін. Анам болса  түк істемей, телефонын қарап, құр жатады. Бұл жерден кетпейміз. Ертең барсақ, бәрі бәз баяғы қалпына түседі» деп шырылдайды жасөспірім. Анасы болса «ода тұрған не бар? Өз қызым, істесе үйдің тірлігін істеді» деп отыр. Әзірге балалар бізде, ал әке-шешесі ата-аналық құқығын қайтарып алуға жанталасып жатыр. Оны шешетін ювеналды сот, олар 10 жасқа дейінгі баланың пікіріне құлақ асады. Жалпы, көбісі тамағы тоқ, панасы бар болғанына қуанады. Сондықтан осында қала бергенді жөн санайды, – деді Аягөз Бағдатқызы.

 

Балалардың қаржылық сауатын арттыру керек

 Байқағанымыздай, әр үйде өзінің асүйі бар. Ол жерде демалыс күндері тәрбиешілерімен бірге тамақ істеп, тәтті бәліш пісіреді. «Демалыста бізге берілген азық-түлікке қарай, тәттінің түрлі-түрлісін пісіреміз. Көбіне балалар үйінің балалары тамақ істей алмайды, қолынан ештеңе келмейді деген стеоретип қалған. Осыны жоққа шығарып, оларға барынша үйретіп, қоғамға тез бейімделіп кетуіне барымызды саламыз. Мәселен, жұма сайын шелпек, бауырсақ пісіреміз. Балалардың өздері нанды илеп, пісіреді», дейді тұрақты топтың тәрбиешісі Бәтеш Есилбаева.

Жай күндері тамақты арнайы ас дайындау блогінде аспаздары дайындайды. Әр тәрбиеші балаларын ертіп, ас дайындау блогінен ішетін тамағын контейнерге салып ап, үйлеріне апарып, өздерінің асүйінде ішеді. Онда үш уақыт тамағымен бірге, бестің шайы және жатар алдында айраны беріледі.  

– Оған қоса, қолөнер үйірмеміз бар. Өзім жүргіземін, ашылғанына үш жыл болды. «Мен барайыншы, істей аламын» деп құлшынып келетіні көп. Бірақ көбі ине-жіп түгілі, қайшыны ұстай алмайды. Тігін мәшінкесінде тігуге дейін үйренеді. Сурет үйірмесіне де қатыса алады. Осының бәрін үйретіп, баланың уақытын босқа өткізбеуге тырысамыз. Арасында киноға, циркке барып, серуендеп қайтады, – деді тәрбиешісі Бәтеш Есилбаева.

Оның айтуынша, қазіргі отбасында 13 бала. Негізінен ағайындар бірге топтастырылған. Жалпы алғанда, балалар үйінде 4-5 ағайыннан тұратын бес әулет бар.

 «Ең көбі – Ивановтар әулеті, өздері – алтау.  Әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылған. Соған қарамастан әкесі мен әжесі балаларға келіп тұрады. Одан кейінгі төрт қыз Болдорев әулетінен. Үлкендері жанымыздағы №16 мектепте оқиды, кішілері – балабақшада. Алланың жазғаны болар. Бірақ ондай отбасында өмірге келгеніне олар кінәлі емес қой. Жаның ашиды, өз балаларыңдай көреміз. Сәбилер үйіне түскеннен мектеп бітіргенге дейін біздің қолда өседі. Тіпті, оларды екі-үш күн көрмей қалсақ, кәдімгідей сағынасыз. Әсіресе, кішкентайлар балабақшадан келгенде алдымыздан «мама, мама» деп жүгіріп шығып, құшақтағанда ашу да, көңілдің түскені де ұмытылады», дейді тәрбиеші.

Сонымен қатар «Барс» суасты мектебі, «Ел сақшылар» секілді оқу орталығымен меморандум жасалған. Соның арқасында балалар бассейнде жүзіп қана қоймай, су спортының барлық түрімен тегін айналысады. Ал «Ел сақшылары» балаларды өздері боксқа апарып-әкелетін көлікке дейін қамтамасыз еткен. Қорғаншылық және қамқоршылық  бөлімнің аздаған грант ойнатып, балалардың мобилограф, бариста, балықшы секілді мамандықты игеруге атсалысады.

– Жалпы, балаларды оқытуға ниет білдіріп, хабарласатын волонтер көп.  Шынын айтқанда, біз ертеңгі өміріне, күн көрісіне қажет болатын мамандықты оқытуды сұраймыз. Мысалы, қазір колледжде оқитын қызымыз сабақтан кейін маникюрмен айналысып жүр. Шаштараз, визажист, косметолог, маникюр, тігіншілік секілді мамандықтарды игеруге «Ажарлы» сән студиясы көмектесіп жатыр.

Әрдайым балаларға тапқан табысын алды-артына қарамай жұмсай бермей, мейлінше жинау керегін айтып отырамыз. Өйткені қазір оларға қажеттінің бәрі бар, енді ертеңгі күнін ойлау керек. Сондықтан балаларға қаржы сауаттылығын үйретсек, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді мекеме басшысы Аягөз Бағдатқызы.

Сонымен, балалар үйірмесінен келген соң сабағын орындап, демалады. Кешкісін отбасылық уақытта әр отбасы дастарқан басында жиналып,  шай ішіп, күні бойы істеген дүниесімен бөлісіп, әңгімелеседі. Сөйтіп, кешкі сағат 10-дарда бәрі ұйқыға жатады.  

Балалардың теріс жолға түспеуі – үлкен жетістік

 Балалар үйінде 39 жыл бойы тәрбиеші болған  Бәтеш апай қаншама балаға қанат қақтырып, ұшырғанын айтты. Өзі зейнетке шықса да, балалардан алыстағысы келмейді.

– Беткеұстар балаларым көп. Владислав Горизанов қазір үйлі-баранды, Қарағандыда жұмыс істейді. Әскерге өзіміз шығарып салып, ант қабылдау салтанатына дейін қатыстық. Еуразия ұлттық университетіне оқуға тапсырып, емтиханына бірге барғанбыз. Гүлшат Газейева деген тәрбиеленушім осы жердегі балабақшада жұмыс істейді. Қазір отбасылы, бала күтіміне байланысты демалыста. Әйтеуір балаларыма аз да болса, пайдам тисе екен деп тілеймін,  – дейді тәрбиеші Бәтеш Есилбаева.

Қызметкердің айтуынша, өскелең ұрпақтың арасында мотивациялық кездесулер, қандай да бір жетістікке жеткен жастармен сырласулар өткізіліп тұрады. Түлектерін оқуға жіберерде де негізі жатақханасы бар білім ордасына жіберіледі.

– Оқудың алғашқы жылында әр бала үй ішін, үйреніскен ортасын сағынатыны белгілі. Кейбірінің барар жері, басар тауы болмайды. Сондайда демалыста бізге келіп, қонып кетуіне рұқсат етеміз. Әйтеуір, бір күн келіп, тамақ ішіп кетсе де баламыздың аш қалмағанын білеміз. Біз жетістікті үлкен, кішіге бөлмейміз. Баланың кез келген жетістігі – біз үшін үлкен қуаныш. Бастысы – теріс жолға түспей, оқуын бітіріп, отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүруі. Мәселен, кеше ғана бір түлегіміз келіп, бізбен көрісіп кетті. Өзі – пластикалық хирург. Талайы өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Шетелде білім алып, жұмыс істеп жатқаны да бар. Бір баламыз теміржолға жұмысқа тұрып, машинистің көмекшісі болған, – деді директордың міндетін атқарушысы Аягөз Бағдатқызы.

Оның айтуынша, бұл үйдің бірде-бір баласын шетелдіктер асырап алған емес. «Балаларымыздың біреуін шетелге асырауға бермедік деп мақтана айта аламын. Бұрынғы басшымыз Виктор Борисович  Чернецкийдің өзі ондайға қарсы болатын. Тіпті, ішімдікке салынып, балаларынан бас тартқан аналарды іздеп тауып, «шетел азаматының асырауына қарсымын» деген арызын жаздыртып алатын» деген Аягөз Бағдатқызы сол үрдістің әлі күнге дейін сақталғанын жеткізді.

– Біздегі баланың бәрі бірдей қылмыскер, ішімдікке салынып, далада қалған емес. Әрине, ондай да жоқ емес, бар. Көбінің әлеуметтенуі – ақша табудың жеңіл жолына түсіп кеткен. Енді бірі баз біреудің айтқанына еріп, ілігіп жүреді. Алып-ұшып тұрған кезде бүкіл жас осындайға бейім ғой. Үйден шықпай отырып та, теріс жолға түсуі мүмкін. Ондайдан ешкім сақтанбаған. Сондықтан біздегі балалардың 85 пайызы өмірін орнықтырды деуге болады,  – дейді Аягөз Бағдатқызы.