«Айша бибі» өткізу пунктінде тәуекелдерді басқару жүйесінің көмегімен 4 ауыр жүк көлігі ұсталды.
3,5 миллион қорап темекіні Қазақстанға заңсыз өткізбек болғандар ұсталды
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті
309
оқылды

2024 жылғы 23 наурызда Қазақстан-Қырғызстан шекарасында темекінің ірі партиясын елімізге заңсыз кіргізбек болғандар анықталды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Айша бибі» өткізу пунктінде тәуекелдерді басқару жүйесінің көмегімен 4 ауыр жүк көлігі ұсталды.

Тауарға ілеспе құжаттардың мәліметтері бойынша, автокөліктер Қырғызстаннан Түркияға транзитпен өтіп, бұршақ тасымалдаған.

Тексеру барысында 3,5 млн астам қорап темекі (Milano, Cavallo, Platinum, Taj) анықталды. Іс жүргізу шешімін қабылдау үшін, барлық материалдар Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне берілді.

МКК өңірде наурыз айында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жүктерді заңсыз тасымалдаудың жолын кесу бойынша бірлескен жедел алдын алу шаралары өткенін хабарлады.

5 наурызда Қырғызстаннан жолаушыларсыз келе жатқан үш жолаушы автобусының бірлескен тексерулерінің нәтижесінде олардың жүк бөлімдерінде 8 мыңнан астам халық тұтынатын тауарлар: киім, сантехника, шлангілер, шай, бет маскалары, аяқкиім сөмкелері, рюкзактар табылды. Барлық тауарлар ілеспе құжаттарсыз болды, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

10 наурызда Қырғызстаннан келе жатқан жолаушылар автобусының бензин багында акцизделетін өнім үшін көзделген сәйкестендіру құралдарынсыз 12 700 қорап  Oris  темекісі табылды. 11 наурызда Қырғызстаннан темекіні заңсыз әкелуге әрекет жасау фактісі анықталды. Сондай-ақ екі жеңіл автокөліктің бензин бактарынан 2 500 қорап  Oris  темекісі табылды (әр көлікте 1 250 қорап). Темекіні заңсыз әкелу фактілері бойынша материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сот органдарына жіберілді.

МКК ҰҚК Шекара қызметімен Қазақстан-Қырғыз шекарасында тауарлардың заңсыз өткізілуіне жол бермеу жөніндегі бірлескен шаралар жалғасады.