Биыл Астанада Наурыз тойы жаңа форматта тойланды. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған әрбір мерекелік алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды. Ұлттық ойындар ойналып, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қатысты конкурстар ұйымдастырылды.
Думанды «Наурыз базары»
309
оқылды

ЭКСПО халықаралық көрме орта­лығында өткен «Наурыз базары» шығыс жәрмеңкесі дүбірлі думанға толы бол­ды. Таудың етегіндегі кең жайлаудағы қазақ ауылы іспетті безендірілген көр­ме алаңында еліміздің түпкір-түкпірі­нен және көрші мемлекеттерден келген шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдарының жәрмеңкесі өтті.

«ЭКСПО алаңындағы көрме орта­лығы­ның іші жылы, келушілерге қолайлы барлық жағдай жасалған. Әсіресе, балалардың асыр салып ойнап, уақытын көңілді өткізуі үшін арт бұрыштарды жасақтадық. Далада ең мықты аспаздар шығыс тағамдарының фестиваліне қатысып жатыр. Оннан астам елден келген қолөнер шеберлері «Наурыз базардың» көрігін қыздырып, сән-салтанатын асырды. Өзбек­станнан келген шеберлер керамикалық ыдыс­тар, әзербайжандықтар кілемдер, иран­дық шеберлер қалайы мен мыстан жасалатын галамзани кәдесыйларын әкелді. Қала тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеден өздерін қызықтырған шетелдік бұйымдар және отандық фер­мерлер өндірген кәдесыйлар, азық-түлік алуына болады. Сонымен қатар ұлт­тық спорт түрлернен жарыстар ұйым­­­дастырылды», – деді «Астана қа­ла­сының Инвестициялар және кәсіп­керлікті дамыту басқармасы» мемле­кет­тік мекемесі басшысының орын­басары Мақсат Жаңабаев.

Этностильдегі жәрмеңкеде отандық кәсіпкерлер әкелген өнімдердің де түр-түрі көп екен. «Бір ауыл – бір өнім» деп аталған отандық өнімдер жәрмең­кесін­де сабынның түрін сатып тұрған кәсіп­кермен сұхбаттасқан едік. Өзін Арсена Кушжанова деп таныстырған кәсіпкер жантақ және ешкі мен түйе сүтінен емдік қасиеті бар сабындар жасайтынын айтты. Экологиялық таза өнімнің құрамында химиялық қоспалар жоқ.

– «Кушжанова Арсена «Aralorganik» СМ» ЖК өндірісінде сегіз түрлі сабын шығып жатыр. Басында 11 түрлі сабын шығарғанбыз. Жантақ шөбінен жасал­ған сабын, өзіміз ойлап тапқан, автор­лық өнім. Ал ешкі түйе сүтінен жасал­ған сабындар дәстүрлі әдіспен жасала­ды. Сабын түрлері құрамына қарай аллергияға, бактерияға қарсы, іріңді жараларды жазуға көмектеседі, теріні ылғалдандырады. Үкіметтен субсидия қарастырылған. Қызылорда облысы Атамекен палатасы басшыларының қолдауымен «Бір ауыл – бір өнім» мемлекеттік жоба аясында жергілікті өнімді өндіруді қолға алдым. Қазір Қызылорда, Астана, Павлодар Алматы өңірлерінен көтерме бағада алушылар көп, – деді жеке кәсіпкер Арсена Уланова.

Жәрмеңкеде бұдан бөлек, өз өнім­дерін, жұмыстарын таныстырып, сату­ға қойған отандастар өте көп. Біреуі қы­мыз, саумалдан жасалған балмұз­дағын ұсынса, тағы біреуі этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа таңдаулы топтамаларының сау­дасын қыздыра түскен.

Көрме алаңының іші мен сырты да Наурыз думанның көркін аша түскен өнерпаздардың ән-күйімен, әсем биімен өрнектеліп, көпшілікке мере­келік көңіл сыйласа, әріректе шығыс тағамдары фестивалі ұйымдас­тыры­лып, халық Наурыз дәмінен ауыз тиіп жатты. Ұлттық спорт түрлерінен бұқа­ра­лық жарыстар өткізілді. Open space аймақтарында балалар сурет салу, қыш жасау өнері, қазақтың ұлттық аспап­тарында ойнау, мүсіндеу секілді шығар­машылық өнерлерін сынға салды. 

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, «Наурыз базары» жәрмеңкесіне 90 мыңнан астам адам қатысқан. Ел өңірлерінің фермерлері азық-түлік жәрмеңкесінде 300 тоннадан астам өнім сатты, оның ішінде ет, көкөністер мен жемістер, бал және тағы да басқа өнімдер бар. Жәрмеңкенің үш күнінде 4,5 тонна палау, бір тонна наурыз көже және 10 мың кебаб таяқшасы дайын­далды. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ