Бүгінгі күні қазақ музыкасы жайлы жазып жүргендер көп.
Құдайберген Жұбановтың күй жайлы мақаласында не жазылған?
1,704
оқылды

Бірі тарихты жазады, шамасы келгендер теорияны түсіндіреді. Бірінің жазғаны зерттеу болса, екіншісі сипаттап қана өтеді. Дегенмен дәстүрлі музыкалық өнер жайында мәлімет баршылық.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында тенденция басқа болған. Сол кезде жазылған көп дүние өзге ұлттың қаламынан шыққан. Зерттеуде де, жазуда да, жариялауда да басымдылық Мәскеу мен Петербордан келгендерге берілген. Әйтсе де қазақша жазып, қазақша ойлаған азаматтардың жазған-сызғандары да баспа бетінен ішінара жарық көріп отырған. Бүгінгі жазбамызда сондай мақаланың бірі, әлі күнге дейін зерттеу нысаны ретінде қарастырылып жүрген Құдайберген Жұбановтың «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы (тіл мен тарих деректері)» атты еңбекке тоқталып өтпекшіміз. Бұл еңбек 1936 жылы жарық көрген.

Әуелі мақаланың жазылуы жайында бірер сөз. Ел арасында Ахмет Жұбанов айтты деген мынадай әңгіме бар: «Ленинград консерваториясын тәмамдап, Алматыға келдім. Жан-жақты жұмыс басталды. Ансамбль құру, музыкалық аспаптарды іріктеу жұмыстары көп қажыр-қайратымды алды. Десе де домбыра, қобыз, сыбызғы аспаптары жайлы мақала жазайын деп шештім. Бастадым. Бірақ жазылғандар көңіліме қонбай жүрді. Сондай бір күні жазу үстелімнің қасына ағам (Құдайберген Жұбанов) келді. Не жазып отырсың? Бәлен де түген деп жауап бердім. Өзіме ұнамай отырғанын да ескертттім. Ағам қағаздарды қолына алды да, көз жүгіртіп «Мен алып кетейін» деді. Қарсы болмадым. Кейін менде іссапар болып, жолға шығып кеттім. Біраз уақыт өткен соң ағамның үйіне бардым. Жазу үстелінде қағаз шашылып жатыр екен. Алып қарасам, күй жайлы тамаша жазылған 20-30 беттік мақала. Мен жазған шатпақ емес, кәдімгі зерттеу жұмысы. Ешкімге айтпай, сол қағаздарды алып кеттім. Ең соңында «енді зерттеу жұмыстары музыка мамандарының еншісінде» дегенді қостым да, Қызылордағы баспаға бердім. Үнемі жұмысбасты болып жүрген ағам қағаздардың жоқтығына да мән берген жоқ. Кейін алдына барып, баспадан шыққан кітапшаны ұстаттым. Мұны көрген ағам «Жүгірмек, мынаны қашан үлгеріп жүрсің деп күліп қояды».

Енді мақаланың кейбір қызықты тұстарына тоқталайық.

Құдайберген Жұбанов: «Қазақтың өзі де күйді артықша бағалайды. Онда айтып тұрған сөз болмаса да, күйлердің өзінің музыка тілі халыққа сондай жақын, сондай түсінікті, оны сол тілсіз түрінің өзінде жақсы таниды»,-дейді.

Бүгінде «Күй тілі» деген термин әбден қалыптасқан. Әркім шама-шарқында сол тілді түсінеді. Және күй аяқталғанда, «домбыра сөйлеп тұр ғой» деп қайыратындар бар. Қазақ музыкатану саласының ғылыми айналымына «күйдің сөйлеуі»  өткен ғасырдың екінші жартысында ресми енген термин. Қателеспесек, Бақдәулет Аманов пен Әсия Мұхамбетова өзінің еңбектерінде қолданып жүрді. Бірақ оларға дейін елу жыл бұрын Құдайберген Жұбановтың «күй тілі» жайлы жазғанын көріп отырмыз.

Әлемдік музыкатану ғылымында музыкалық өнердің дамуы жайлы көптеген еңбек жазылған. Бір ғана фортепиано музыкалық аспабын мысалға алайық. Ғылымдардың айтуынша, 11 ғасырда еуропалық бір шебер монохорд деген аспапты ойлап тапқан екен. Бұның ішектері бір қорапқа тартылып, алдында отырған адам кішкене балғамен соғып, дыбыс шығарған екен. Кейін монохорд полихордқа, полихорд 14 ғасырда клавикордқа айналады. Екі ғасыр санап, баяғы аспап клавесинге дейін дамып, бүгінгі фортепиано атасы атанады. Тағы біраз уақыттан кейін фортепианоның бүгінгі үлгісін ойлап тапқан екен.

Бұл мысалмен біз музыкалық өнердің дамуын көрсеткіміз келген. Яғни ештеңе де аспаннан аяғы салбырап түсе салмаған. Құдайберген Қуанұлы да музыканың даму тарихына аса мән берген. Оны мына бір ойынан анық байқаймыз:

"Қазақта ән мен күйдің екі басқа болушылығының өзі халық музыкасының жақсы ғана жетіскен сатыда тұрғандығын көрсетеді. Өйткені бұлар әуелден айрылып туған емес, ән мен күй әуелде бір болып, бара-бара, музыка мәдениеті жетісе келе, бірінен-бірі айрылып, вокал музыка, инструментал музыка болып, егізделіп шыққан",-дейді ол.

«Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» мақаласы тек сипаттама әдісін ғана емес, проблеманы қою және оны шешу жолдарын да көрсете білді. Тоқсан жыл бұрын жазылған мәселе бүгін де аса өзекті болып отыр. Тіпті келесі бір абзацтың өзі негізінде көп зерттеу жүргізуге болады.

Құдайберген Жұбанов: «Күйдің пайда болу тарихын зерттеу үшін, біздің ойымызша, мынадай материалдарды пайдалануымыз керек. Бірінші – біздің музыкамыз жайында түрлі мәдениетті елдердің жазып қалдырған тарихи деректері; екінші – халықтың музыкаға байланысты тарихи идеологиясы; үшінші – сол идеологияның бірі болған тіл материалдары. Тіл материалдары дейтініміз – түрліше музыка терминдері, бұлармен басқа сөздердің мағынасының арасындағы байланыстар; төртінші әрі ең маңыздысы – музыканың өз материалдары. Халық музыка шығармаларының, күйлердің өзінің ішкі құрылысын тексеру; бесінші – осы жоғарыда айтылған материалдарды топтағаннан кейін, қазақтың халық музыка шығармаларын басқа жұрттың шығармаларымен салыстырып, солармен арасындағы байланысын, бір-біріне жасаған ықпалын, бірімен-бірінің араласып айқасқанын тексеру»,-дейтін.

Ғалымның негізгі мамандығы лингвист болған соң, сөздің төркінін табуға тырысуы – қалыпты ұмтылыс. Сондықтан Қ. Жұбанов «күй» сөзінің мағынасын табуға тырысқан. Әуелі «Қазақта күй түрінде айтылған сөз шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуға тиіс» деп болжайды. Кейін әріптік өзгерістер ұшырайтын сөздерді мысалға алып, лингвистикалық ерекшеліктер жайлы жазып, бір тоқтамға келеді. «Соған қарағанда қазақтың күй сөзі ол кезде «көк» түрінде болып, ән-күй мағынасында қолданылғандығы көрінеді»,-дейді.

Осыдан кейін домбыра, қобыз, сыбызғы сөздерінің түп төркінін іздейді.

Мысалға, қобыз жайлы ойлап тапқан қорытындысы аса қызықты. «Қобыз» сөзінің басқы қ дыбысы түсіп қалып, о орнына а дыбысын қолданғанда, «абыз» болады. Қазақта ескі кездегі шамандарды «абыз» деп атағанын айтады ғалым. Ал сыбызғы жайлы: «... сыбыз деген сөз, бірінші жағынан, дыбыс, екінші жағынан, сол дыбысты шығаратын құралдың аты болса, үшіншіден, сол құрал болатын заттың аты – қамыстың аты болады»,-деп қорытындылайды.

Ең ұзақ зерделеу домбыра жайлы жазған. Түрлі мысалды айтып, олардың қате екенін дәлелдейді.

Көп ұлттың музыкалық аспаптар атын саралап, мынадай қорытындыға келеді: «... домбыра сөзі бір елден ауып келген сөз емес. Бұл инструмент те бір елден ауып жылысып келген емес. Еуразия елінің бәріне де тегіс тараған, соның бәрінде де музыка иесі болып саналған, бір тотемнің аты болуы керек»,-дейді.

Құрметті оқырман, біз бұл мақаламызда Құдайберген Жұбановтың еңбегін таныстырумен ғана шектеліп, толық сипаттамадық. Біздің негізгі мақсатымыз – Құдайберген Жұбановтың мақаласына оқырманның қызығушылығын арттыру.

Рүстем НҮРКЕНОВ