Антына адал бола білген жанды жұрт аймақ медицинасының жанашыры деп білетін.
Денсаулық сақтау саласының үздігі, дәрігер Тәжібай Қазыұлы өмірден өтті
3,397
оқылды

Сыр медицинасының дамуына сүбелі үлес қосқан, Қызылорда облысына еңбек сіңірген дәрігер, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының үздігі Тәжібай Қазыұлы Пазылхаиров дүниеден озды.

Халықтың алғысына бөленген маман Тәжібай Қазыұлы Пазылхаиров 1942 жылы  8 желтоқсанда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. 1959 жылы қазіргі «Мұстафа Шоқай» ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. 1959-1965 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтында «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алды.

Дәрігерлік қызметін 1965 жылы Қызылорда қаласы №1 қалалық емханада  терапевт дәрігер болып бастаған. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау бөлімінде инспектор қызметін қоса атқарды. 

1967-1980 жылдары жаңадан ұйымдастырылған Қызылорда қалалық біріккен аурухана бас дәрігерінің емханалар бойынша орынбасары болды.     

1980-1986 жылдары №1 қалалық көпсалалы емхананың бас дәрігері, 1986-1994 жылдары Қызылорда қалалық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісі, 1994-2005 жылдары облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері қызметтерін атқарған.

Дәрігерлік қызметпен қатар  облыс және қала деңгейінде қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Қызылорда қалалық қоғамдық кеңесі депутаты, қалалық коммунистік партиясының  бюро мүшесі, облыстық, қалалық мәслихат депутаты, облыс әкімдігі жанындағы тәртіптік кеңес мүшесі, Жоғарғы кеңестің Қызылорда облысы бойынша депутатын сайлау жөніндегі облыстық комиссия төрағасының орынбасары, облыстық бюджет комиссиясының мүшесі, Қызылорда облыстық ұйымының президум мүшесі және төрағасының орынбасары, ҚР фтизиатр дәрігерлер қауымдастығының мүшесі, Қызылорда облыстық фтизиатр дәрігерлер қауымдастығының төрағасы болды. 

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Медицина ғылымына және денсаулық сақтау ісіне қосқан қомақты үлесі үшін» Бүкілодақтық терапевтер қоғамының С.П.Боткин атындағы ескерткіш медалімен, Бүкіл одақтық «Білім» қоғамының төс белгісімен, Қызылорда облыстық халық депутаттары кеңесінің «Құрмет» медальмен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Қызылорда облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 

Қалалық денсаулық сақтау бөлімі басшысы кезінде Т.Пазылхаировтың ұсынысымен және басшылығымен №1 емхана жаңа ғимаратқа көшірілді. №2,3,6 емхана ғимараттары жаңадан салынды. Балаларға медициналық көмек көрсетуді нығайтуда айрықша еңбек сіңірді. Қала (АТПК) емханаларында (№1,2,3,4,5,6) балалар бөлімшесі ашылды. Қаланың шет аймағы саналатын «Коммунизм» аумағында №6 емхананың филиалы (1991ж.) салынып, балалар бөлімшесі, қала ішіндегі қазіргі «Мұнайшы» шағын ауданынан аймақтық-дәрігерлік медпункт,  балаларды емдеу және денсаулығын қалпына келтіру бөлімдері, халық медицина орталығы, күндізгі емханалар, Сүлейменов көшесі бойындағы «Ардагерлер үйінің» 1 қабатынан балаларға арналған жаңа типтегі стоматологиялық  емхана ашылды. Сонымен қатар балалар сүт тағамдарын дайындайтын үш асхана, өндіріс орындарында 20-дан аса медициналық пункт іске қосылды. Кейінгі уақытта Туберкулезге қарсы күрес саласында еңбек еткен жылдары қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде туберкулездің ашық түрімен ауырып, емделуден бас тартқан науқастарды мәжбүрлеп емдеу бөлімі, туберкуледің мультирезистенті түрімен ауыратын науқастарды емдейтін 40 төсек-орынды бөлімшені ашып, орталықтандырылған клиникалық-диагностикалық және бактериологиялық зертхана жұмыс принциптерін жаңа талапқа сай ұйымдастырды. Туберкулезді  анықтау, тіркеу және емдеудің жаңа ДОТС бағдарламасын енгізуде облыс көлемінде туберкулезге қарсы күресу ісіне қосқан үлесі зор.

Тәжібай Қазыұлының медицинаның өзекті мәселелеріне оның ішінде туберкулез дертіне қатысты 30-дан аса ғылыми еңбегі  жарияланды.

Тәжібай Қазыұлы Пазылхаиров – Қызылорда облысының тұрғындарына 40 жылдан аса уақыт денсаулық сақтау саласында зор қызмет еткен білікті дәрігер. Жоғарғы санаттағы денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы ретінде танылды.