Депутаттың айтуынша, еліміз бойынша 100 млн гектар жайылымды суландыру қажет.
Мәжіліс депутаты аймақтардағы жайылымды суару мәселесін көтерді
Фото: saq.kz
464
оқылды

"AMANAT" партиясының мүшесі, депутат Ерболат Сатыбалдин бүгінгі Мәжіліс отырысында Ұлытау облысы сияқты шөлейтті аймақтардағы жайылым жерлерді суландыру мәселесі жөнінде айтты. Аталған мәселеге байланысты ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовке және ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровқа сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Үкімет «Жайылымдарды суландыруды субсидиялау» №4 паспорт бағдарламасы» бойынша су ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарға субсидия бөле отырып, фермерлердің қыстауларының түбінен су ұңғымасын қазып, күн панелін орнатқанын білеміз. Сонымен бірге бұл жобаға өлексе көрген құзғындай жемқорлардың жабылып, бөлінген қаражаттың жартысын 40 млрд теңге жемқорлардың жемсауында кеткенінен де хабардармыз. 

Оның үстіне бұл жобалардың гидрогеология ғылымының толық анализі бойынша өтпеуін, бұрғыланған су ұңғымаларынан судың «қашуынан», кермек судың шығуынан байқауға болады. Әдеттегідей ғажап жоба, шалажансар менеджметтің құрбаны болды. Ал еліміз бойынша 100 млн гектар жайылымды суландыру қажет. 

Бұл жобаға негізінен еріген қардың суы мен жаңбыр суын жинайтын, ел аузында «котлован» аталып кеткен – су қазаншұңқырларды пайдалану ыңғайлы болар еді», – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, Сарыарқаның жері қатты, шөлейіт, тақыр болғандықтан малдың жайылымын осылайша суландыру мәселені шешпек. Оның үстіне мұндай қазаншұңқырлар – жылда жан жалмайтын дала өртін ауыздықтаудың да таптырмас құралы болар еді. 

«7 жыл бұрын қабылданған «Жайылымдар туралы заңда» мұндай су нысаны – «апандар» деп белгіленген және оны салудың жоспары бекітілмеген. Ал таяуда қабылданған өзгерістерге байланысты мұндай жоспарларды дайындау жергілікті әкімдіктерге берілмекші. 

Осыған орай:

7 жыл бойы «Жайылымдар туралы заңда» көрсетілген нормаға сай Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарды суландыру жоспарын бекітпегенін ескере отыра;

1. Жайылымдарды суландыру жоспарын дайындау барысында айтылған (котлован) апан-қазаншұңқырларды салу немесе қазір сақталып қалғандарын қайта жөндеуден өткізу мәселелерін пысықтап, жобаға қанша қаражат жұмсау керектігін анықтау қажет.

2. Қос министрлік жайылым жерлерді суландыру нысандарын салудың методикасын ұсыну аясында (котлован) апан-қазаншұңқырларды салудың пилоттық жобасын Ұлытау облысында жүзеге асырудан бастау қажет.

3. Мұндай су нысандарын салуды министрліктердің құзыретінде қалдыру қажет. Аудандық немесе ауылдық әкімдіктердің бюджетіне олар орындай алмайтын жобаны ысыра салуға жол бермеу керек», – деп түйіндеді депутат.