Бұған жылда ауылды су басу мәселесі себеп болып отыр.
Астана маңындағы Қоянды ауылын су басты, ашынған халық жолды жапты
Фото: видеодан кадр/youtube
3,055
оқылды

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының тұрғындары 26 наурыз күні кешке наразылыққа шықты. Жұрт су тасқыны қаупіне байланысты төтенше жағдай жариялауды талап еткен, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осылайша жұрт Қоянды ауылына кіреберістегі жолды жабуға тырысты. Бұған жылда ауылды су басу мәселесі себеп болып отыр.

Целиноград ауданы әкімдігі осы оқиғаға қатысты түсінік берді.

«26 наурыз күні сағат 20.40-та Қоянды ауылының 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің жанындағы жолды жауып тастады. Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелеріне назар аудару мақсатында жиналды. Түсіндіру үшін жиналғандармен аудан әкімі Б.А. Оспанбеков және облыстық ТЖД бастығы К.К. Доспаев кездесті. Сағат 22.00-де барлық жолдар ашық болды. Тұрғындар тарап жатыр. Қазіргі уақытта Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізілуде. Шамамен 150 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ Қоянды ауылында 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, сондай-ақ 46 дана су өткізу құбырлары тазартылды. 35 мың м3 астам еріген су сорылды. Жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аударыңыздар», - делінген әкімдік хабарламасында.