Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын Алматыда қарсы алды
Фоторепортаж: Президент Наурыз мейрамын қалай қарсы алды?
330
оқылды

Бүгін оңтүстік астанада Наурыз мейрамына орай үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. 

Мемлекет басшысы  өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алып, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды.


– Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі.

Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.

– Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматылық талантты жастар ән шырқап, би билеп, түрлі қойылымдарды көрсетті. Сонымен қатар "Астана" алаңында мерекелік керуен жүріп өтті. 

Қала тұрғындары мен қонақтары арбадағы киіз үйді, қыз күймесін, қоржынға жібек мата мен кілем артқан түйелерді, салт атты батырларды, құмай тазылар мен мергендерді көрді. 

Оған қоса, концерттік шара кезінде Мемлекет басшысы алдында Димаш Құдайберген өнер көрсетті.